Арманым - Алтын белгі иегері атану

Арманым - Алтын белгі иегері атану
жеке
блог

   Армысың, Массагет! Сенімен достасқалы 4-5 жылдың жүзі болыпты. Биыл, міне, 10 – сыныпты аяқтадым. Осы уақытқа дейін сен менің сүйікті порталым болдың. Әр күні сенің қызықты да өзекті жаңалықтарыңды оқып келемін. Менің нағыз пайдалы ақпараттарға қанығар, дұрыс бағытқа қарай ұмтылар шағымда сені кездестіргеніме өте қуаныштымын!

    Ал, байқауға қатысушы сайып қырандар, сендермен өзімді толығырақ таныстырып өтейін.

   Мен Ерболған Жадыра Қанатбекқызы 2000 жылы қаңтардың екінші  жұлдызында Талдықорған қаласында дүниеге келдім. Отбасында төрт баланың екіншісі боламын. Талдықорған қаласындағы №26 орта мектептің 10-сыныбын үздік аяқтадым.

    Өмірлік ұстанымым: Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста.

    Менің сүйікті және еліктейтін тұлғам – Ажар Ерболған. Мен ол кісіге туған әпкем болғандықтан емес, өзіндік болмысын, стильін қалыптастырған қазақтың біртуар қызы, тұлға ретінде еліктеймін. Ажар Ерболған жайлы айта кетсем, ол 1992 жылы Алматы облысы Сарқан ауданында дүниеге келген. Жастайынан өлең жазуға құмар болып, қазақ әдебиетіне жақын болып өскен.Қазіргі таңда  Еуразия Ұлттық университетінің түлегі. Тілші, ақын,  Республикалық жыр мүшайраларының жеңімпазы, Халықаралық Шабыт фестивальінің дипломанты. Өлеңдері «Азаттық таңындағы азат жыр», «Қазақ поэзиясының антологиясы» атты жыр жинақтарына енген.

   Менің хоббиім – ағылшын тілін үйрену, домбырада ойнау, кітап оқу және тарихи-танымдық журналдар оқу. Ағылшын тіліне келсек, менің болашақ мамандығым осы шет тілдерімен байланысты. Болашақта кәсіби аудармашы болғым келеді. Әзірге қаламыздағы Boomerang тренинг орталығындағы ағылшын тілі курсын екі жыл қатарынан үздік бітірдім.    

       Мектепте домбыра үйірмесіне қатысамын. Домбырада ойнау маған ерекше шабыт береді. Әр қазақ  өзіміздің ұлттық аспапта ойнай білу керек деп санаймын.

   Кітап оқуды жаныма серік еткенмін. Былтырғы жылғы байқауда  «Абай жолы» романы  мен  Оскар Уайльдтің ертегілерін оқып, ой бөлісіп, тәржіма жасаған болатынмын. Осы жазғы байқауда әдеби туындыларды оқуды мақсат тұтпасам да қазіргі таңда Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романын оқып жатырмын.

  Ал, енді тарихқа деген қызығушылығым бір бөлек әңгіме. Жалпы, газет-журналдардан немесе теледидардан тарихи баяндамаларды, бағдарламаларды көре қалсам тапжылмай отырып алатыным бар еді. Осы қызығушылығым мені осы жылы шыңға шығарды. Мектепте тарих пәнінен жетекшім Думан ағаймен  «Қазақ атауының шығуы туралы» атты ғылыми еңбек жаздық. Бұл жобамен бірінші Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған ғылыми конференцияға бардық. Жұмысымыз көптің көңілінен шығып 1 орынды иелендік. Кейіннен тағы да өзіндік зерттеу жұмыстарын жасадым. Бастауыш сынып оқушыларына арнап «Қазақ атауының шығуы» атты қысқаша анықтама кітап шығардым. Кітапты оқушыларға таныстырдым. Олардың қазақ тарихына деген қызығушылығын арттыруға тырыстым. Бұл жұмысымызбен  қалалық, облыстық, республикалық Кіші Ғылыми Академиясына қатыстым. КҒА-ның қалалық кезеңінде 2 орын, облыстық кезеңінде 1 орын, республикалық кезеңінде 3 орынды иелендім.

   Бос уақытымда анама қолғабыс етемін. Үй шаруасына көмектесемін. Анамның қасында жүріп ол кісіден көптеген дәмді тағамдар әзірлеуді үйреніп қалуға тырысамын.

    Байқауға қатысуға ниет білдірген себебім – алға қойған мақсаттарымды Массагетпен байланыстырғым келеді. Осы жылғы мақсатым ҰБТ-ға байланысты болмақ. Сөздің төркініне келсек, мектебім маған үлкен үміт артып отыр.  Алтын белгіге үміткермін. Жылдан жылға ҰБТ-ның да нәтижесі жақсарып келеді, яғни бұрынғыға қарағанда бәсекелестік жоғары. Мысал келтіре кетсем, былтырғы жылы Қазақстан бойынша сынақ тапсырушылардан 6 бала 125 балды иеленсе, биылғы жылы 19 бала 125 балды иеленді. Менің де жоғары балды иеленгім келеді.

   Мен осы байқауда "Жас қазақ" тобының мүшесі болғанымды мақтан тұтамын. Топ мүшелерінің қай-қайсысын алсақ та жан-жақты, өмірге позитивті көзқараспен қарайтын жастар. Қайтпас қайсар мінезді қазақ жастарының әлі талай шыңдарды бағындырғанын көретін боласыздар!

   Құрметті Массагет ұжымы! Сіздердің «Мақсатыңа Массагетпен бірге жет!» атты жобаларыңыз өте тың идея. Бұл  балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын пайдалы өткізуіне жағдай жасайтын бірден бір байқау. Өткен жылғы байқаудан алғаным әсерім мол. Біраз қиындықтар болғанымен де еңбегімнің жемісі – Массагет сыйлықтары қолыма тигенде бар нәрсе ұмытылып қалды. Биылғы жылы да сайысқа табандылықпен атсалысамын.