Ұлы ұлттың ұланы! (байқау)

Ұлы ұлттың ұланы! (байқау)
жеке
блог

Ассалаумағалейкум, Айбынды Алаш ағайыны!

 Қасиетті Рамазан айы мүбәрак, ниет-дұғаларыңыз қабыл болсын! Сонымен қатар ҚР Медицина қызметкерлері күні құтты болсын! Ақ халатты абзал жандарымыз аман жүрсін.

 Өзімді таныстыра кетсем, мен - Жолдасов Зелимхан Аппазбекұлы, қазақы мәдениеттің ұйытқысы мол сақталған, неге екені белгісіз көбі жақтырмайтын, "южаны" деп бөлектейтін, киелі оңтүстік өңірінің баласымын. Ағайыны - аралас, жер төресі Сарыағаш - менің туған жерім! Биылғы жылдың бітіруші түлегімін. Жақында көптен күткен маңызды сынақ ҰБТ тапсырдым. Маңдайға жазған балды алдым. Ендігі кезекте осы балымды барынша дұрыс пайдалану. (Бұл жайлы алдағы уақытта толығырық сөз өрбітетін болармыз...)

Саналы қоғамда өмір сүріп жүргендіктен әр адамда өзіндік ұстанымдар мен принцип болу керек. Мақсатсыз адам қанатсыз құспен тең деп текке айтпаса керек. Өмірлік ұстанымым:

Алланың ғана құлымын, Алаштың ғана ұлымын! 

Біздің топ биыл осы байқауға екінші рет сайысқалы тұр. Өткен жылы алдыма  5 мақсат қойып сол мақсаттарымды 98%-дық көрсеткішпен орындап шықтым. Сайыс нәтижесінде 704,6 ұпаймен 11 орынға табан тіредім. Байқаудың қиындығы да қуанышы да қатар жүрді. Соңында бір емес бірнеше жетістікке жеттік. Көптеген достар таптық. 

 Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз! 

Мені еліктіретін, ізін жалғауға талпындыратын тұлға - айтыскер ақын, "Асыл арна" телеарнасының директоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, "Дарын" мемлекеттік сыйлығының иегері - Мұхамеджан Тазабек. Бұл ағамыздың бойындағы ұлтжандылық пен имандылық, ұстамдылық пен сабырлылық, шынайылық пен адамгершілік қасиеттерін ерекше құрмет етемін. Ел іргесінің берік, халқының тату болуына мейлінше үлес қосып жүрген азамат. 

 

  Өзің қалаған іспен айналыс, бұл істің алға басуына көмекші болады.  Менің хоббиім және бос уақытта жасайтын істерім - ән тыңдау және орындау, футбол ойнау, жаңалықтармен танысу, реті келсе өлең жазу. Жалпы мен музыкалық плейлистімді жиі аустыратындардың бірімін. Қайрат Нұртас пен Дәулет Болатовтың әндерін тыңдауды жаным қалайды, классикалық жанр да жаныма жақын. Ал футболда Реал Мадрид және Ордабасы клубтарының жанкүйерімін. Ең ұнайтын футболшы - Криштиану Роналду.

 

 

 "Бәсекелестік сапалы тауарлардың көбеюіне және адамдардың индивидуал дамуына қызмет етеді" (Дэвид Сарнофф) Бұл байқау бәсекелестіктен тұрады. Қатысушы неғұрлым еңбектенсе, соғұрлым жеңіске жақындай түседі. Сайыс қолдан келетін істің мейлінше жоғары деңгейде орындалуын бақылайды, сонымен қатар мүмкіншіліктерімізді айқындайды. Өз мүмкіндігімізді мүлт жібермейік!

 

 
"Мен карьерамның басында мынаны түсіндім: командада ешқандай кездейсоқ адамдар болмайды, жұмыс үшін әр позиция маңызды; онсыз ешқандай сәттілік болмайды" (Марк Джейкобс) Біз  былтырғы байқау қатысушыларынан құралған командамыз. Байтақ еліміздің патриот ұл-қыздары ретінде топтың атын "Жас қазақ" деп қойдық. Біздің әр жасаған игі ісіміз ұлтымыздың дамуына тамшыдай болса да үлесі тисе екен. Байқаудың жоғары деңгейде өтуіне, мақсаттарымыздың  толық орындалуына, топтық жұмыстың маңызды екенін айқындауға, байқау барысында жаңалықтарды игеруге, нәтижесінде жеңіске жетуге бар күш жігерімізді жұмсаймыз! Біздің командаға жанкүйерлік етіңіздер, жанкүйерлерді жерге қаратпауға уәде етеміз! 

 

Пы Сы: Ал басқа топтар, сәттілік тілейміз, бізге лайықты қарсылас боласыздар деген сенім білдіреміз:)