Мақсатқа ұмтылған тарландарға!

Мақсатқа ұмтылған тарландарға!
жеке
блог

  Армысыздар, Массагеттің ұйымшыл ұжымы мен қарымды жас қаламгерлері! Биылғы жарияланған конкурсқа қатысушыларға сәттілік тілеймін! Мен былтырғы конкурс қатысушысы ретінде сіздермен сол кездегі әсеріммен бөліссем деп едім.

  Біздің топ "Парасат" деп аталған еді. Иә, атына заты сай парасатты қыздардан құралған топ болатынбыз. Жетекшіміз- қазірде ағамыздай болып кеткен Нұрбол Нұрмаханұлы болды. Біздің топтың қатысушылары тек қыздардан құралған соң шығар бәлкім, білмеймін, тобымыз өте ұйымшыл тіпті, бір үйдің қыздарындай болдық. Сол кезде мен "бұл жарыс мақсатқа жетуге талпындырумен шектелмей, бауырмал болуға үйретеді екен",- деп ойлаған едім, соным рас болып шықты. Әлі күнге бір-бірімізбен араласып, қызығымыз бен шыжығымызды бөлісіп отырамыз. Өйтпегенде ше, жарыс басталғанына бір апта болмай жатып-ақ ұйымшылдығымызбен елді тамсандырған едік.

  Қазір сол кездегі мақсатымды есіме алсам күлкім келеді- ақ! Себебі негізгі арманым журналист болу екенін біле тұра, сол жаз бойы визажистиканың қыр-сырын үйренемін деп мақсат қойған едім. Бәлкім бұл, жалт еткен жылтыраққа қызығатын қыз болғандығымнан шығар. Дегенмен сол мақсатымның өзі-ақ мені шабыттандырып, алға ұмтылуыма жол ашты. Таңданып отырған боларсыздар, өзімде таңданған едім. Массагет бәйгесі мәресіне жеткенде сыйлықтар үлестірілді. Мен асыл қазынаға кенелдім! Асыл қазына деп отырғаным- кітаптар. Атақты батыр бабамыз, Көк бөрінің ұрпағы- Бауыржан Момышұлының келіні- Зейнеп апамыздың "Бабалар аманаты" кітабын және танымал америкалық жазушы Джордан Сонненбликтің "Барабан, қыздар және "қауіпті пирог"" атты кітабы қанжығама байланды.Бұл кітаптарды оқығанда мен міндетті түрде журналист боламын деп шештім. Өйткені, батыр бабаларымыздың дара жолын дәріптейтін бағдарламар қазір аз және ауру балалар тым көбейіп кетті. Массагетте мақсат қоюдан қателессем де, өмірде қателескім келмейді... Сол себепті мақсатым айқын. Сол мақсатқа жеткізе көрсін!