Кез келгенге, көз көргенге сене берме...

Кез келгенге, көз көргенге сене берме...
жеке
блог

8 маусым күні Меломан компаниясы Chaplin Cinemas кинотеатрлар желісімен бірігіп, көптен күткен "Қазір мен бармын 2" фильмінің жабық көрсетілімін ұйымдастырды.

"Камерам бар, сценарий жаза аламын, актерлер де табылады" деген оймен қаншама режиссер өзінің кино әлеміндегі тарихын жаза бастады. Солардың аз ғана пайызы кино деген мұхитта тулаған толқынға соғылып, кемесінен айырылмай, соңғы ағаштың бөлігіне жабысса да аман қалып жатады. Солардың біріне Джон Чу да жатады. 2008 жылдан бері "Шаг вперед: Улицы", "Бросок кобры" деген фильмдерімен талай адамның көңілінен шығып, ендігі жылы әйгілі "Иллюзия обмана - Қазір мен бармын" туындысының екінші бөліміне жетекшілік етіп, халық алдына табыстады.

Магия, сиқыр, логика, алдау-арбаудың интеллектуалды түрлері негізге алынған фильмдерді өз басым ұнатамын. Сондықтан осы фильмді көптен бері күттім.

Алғашқы бөлімінде сиқырдың ақылға қонымды түрлері бейнеленсе, бұл жолы расында оймен жете алмайтын "құдіретті" байқап қалатын "кадрлар" да болады. Алғашқы бөлімінің ең қызық әрі басты кезі - соңында ашылатын, ешкім күтпеген сыр. Дәл сол "момент" фильмнің маңызды бөлімі болып саналады, сондықтан екінші бөлімде де көрермен күтпеген жерден сырдың ашылуына куә болады.

Дегенмен, бірінші бөлімге қарағанда бұл жолы экшн мен мысқыл көбірек болғанымен қатар, сезім/эмоция шақыратын оқиғалар да басымырақ. Бұл жолы көрермен әр кейіпкердің осал жерін байқап, соның пайдасы мен зиянын байқайды. Бұл мысалдар адамның өзіне, өзгелерге және жақын/алыспен қарым-қатынасына дұрыс баға бере алуына көмектеседі деген ой түйдім.

Бұл фильм сиқыр туралы болғандықтан ба, әлде бұл жай ғана сәйкестік пе... әйгілі сиқыршы Гарри Поттер де басты рөлдердің бірінде! Алайда бұл жолы Гарри өзін мүлде басқа жағынан таныстырады. Мұны көрмеске бола ма?

Сиқыр мүмкін емес. Сиқыр - ақылды пайдаланып, өзгенің ойын шатастырып, көзін алдау. Төрт салт аттылардың "Қазір мен бармын 2/Иллюзия обмана 2/Now you see me 2" фильміндегі сиқырын бүгіннен, яғни 9 маусымнан бастап Қазақстанның барлық кинотеатрларынан тамашалай аласыз.

Ешкімге сенбеңіз, гипноз құрбаны болмаңыз, көзіңіз көрген нәрсенің бәрі рас екеніне толық сенімді болмаңыз...