Бір ғұмырда екеуіміз емеспіз
жеке
блог

Бір ғұмырда екеуіміз емеспіз

Бір ғұмырда екеуіміз емеспіз,
Сен – Елессің, мен – ақынмын, елеспіз...
Автор

Бір ғұмырда екеуіміз ғанамыз,
Ай да жалғыз, күн де жалғыз қараңыз.
Сен елессің, мен ақынмын о, құрғұр...
Біз де түбі жалғыз болып қаламыз...

Көрінбейтін перизатым елесім,
Көлеңкем боп өмір бойы ересің.
Қиялымның сарайында туылып,
Қабірімнің бұрышында өлесің...

Қасірет қой сені өзіммен жерлесем,
Көкке самға! Түспей-ақ қой жерге сен.
Мың ақынның шабытына керексің,
Бір ақынның жүрегінде өлме сен!

Сен болмасаң сұлулықты көрмес ем,
Кірмей-ақ қой қап-қараңғы көрге сен...
Қараңғылық жұтып тынар сені де,
Менің мына жаныма үңіл сенбесең...

Бақыттымын сен іздеумен күн кешіп,
Көрінбейтін басқа әлеммен тілдесіп.
Бақыт деген бақытсыздың аңсары,
Қайдан білсін көрмегендер мұң кешіп.

Көрінбейтін жанарына пенденің,
Қасымдасың сезіп тұрмын кел демім...
Ұшы қайда айтшы қане ашайын,
Екеуімізді бөліп тұрған перденің.

29.04.2016