жеке
блог

Соңғы әжімі былтыр түсті. Соңғы болсыншы...

Мына жанардан не көресіз? Мен көрген көзбен көре алсаңыз сіз. Жасқа толы дорбаның түбі тесіліп жатқанын сезінетін шығарсыз, мүмкін. Мен бұл жанардан қорқатынмын. Оның әр сөзінен, әр қимылынан қорқатынмын. Еркеліктің қайнаған суы менің бойымда көп-ақ. Мектепке Ақ Папам көлігімен алып баратын. 5-сынып оқып жүргенде бір күні Папам таңмен ерте кетіп қалған екен. Таңғы ас үстінде мен ырбиюды бастадым «Папа келмей ме не?», «бармаймын сабаққа» деген мыжыған сөздер Мамамның алдына барып сұлқ құлап жатты. Бұйра бастың қақ шекесіне сүт құятын қасықтың тоқ етіп тигенін сездім. Алдымдағы сүт құйылған кәсеме көзден сорғалаған жас қосылып кетті. Менің ең алғаш және ең соңғы рет жеген таяғым – осы шығар.

Үйге сыныптастарым қоңырау шалуға қорқатын. Кешкі 5-тен кейін көк қақпадан аттатқызбайтын. Оның «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай» өсіргенін енді сездім. Адамды жазбай танитын қабілетін енді түсіндім. Ол жақтыртпайтын адамдарды мен енді ұнатпай жүрмін. Осы қасиетті үйренгім-ақ келеді.

Мына маңдайдағы әжімнен не көресіз? Мен білетін деректермен кітап жазуға болатын шығар. Ал сол әжім өзінің не үшін менің Ақ Мамамның маңдайына түскенін менен артық білетін болар. Өзінің алты қызы, қайынағасының он баласы, олардың балалары бар... Жұмыстан сау қайтпаған адамдар, ауырған бала, өкпесі күркілдеген емделушілер (дәрігер болған кезінде)... Солардың «қылықтарына» таңғала қарағанда, олар осындай із тастап жүр екен ғой.

Соңғы әжімі былтыр түсті. Соңғы болсыншы...

Әселдің байқауы (аңғарымпаздығы) бойынша мен бір жыл бұрынғыны еске ала береді екенмін. Өзінен де «осыдан тура бір жыл бұрын не істеп жүрдің?»   деп сұрай беретін көрінемін. Оның сырын мен де ұға алмадым. Мүмкін былтырғы жыл мен үшін қатыгез болған шығар. Шығар емес, солай болды да.

Тура бір жыл бұрын дәл осы күні Атырауыма жол тартқанмын. Ол кезде Ақ Папам күтіп отырған еді. Оның ас-суын дайындап жүрген Ақ Мамам күтіп жүрген, қазір де күтіп отыр, күте берсін де. Сағынамын... менімен соңғы рет кездеспек болған Папамды сағынамын. Туған 5 қызы «папа» деп атамаған оны «Папа-ау» деп, оған қоса алдына «Ағын» қосып айту маған бұйырған екен. Бұйырмағанда ше?

Мен сағынышымды осылай жеткізем, ал ол мүлдем. Тасжүрек емес, ойбай-оу оның жүрегі мен ойлағаннан да нәзік. Соңғы 4 жылда мен екеуін еркелетін болыппын. Күлкілі естілуі мүмкін, иә?! Ол туралы «өте» кейінірек...

Ақ Мама. Білем. Сен мұны оқып отырған жоқсың. Бірақ сыңарын жерге тапсырған жүрегің сезетінін мен сезем (Сезетінін демекші, оның бойында бір ерекше қабілет бар. Менің не істеп, не қойып жүргенімді алыста отырып-ақ біліп қояды. Менің емес, барлық үрім-бұтағының хабарын ешкімге хабарласпай-ақ біліп отырады. Бұл туралы да «өте кейінірек»... (31-арна). Мүмкін жаныңдағы қыз-күйеулерің оқып беріп отырған болар. Папа сияқты уәде бермейсің, білем. Бірақ мен есіктен шыға бергенде «аспанда жүр, жерге түспе» дегенің жүрегімде тұр. «Жер – сенікі емес» дейтінсің. Енді ұқтым. Сен күт, сені ешкім «күтпесін!»

Бөлісу:
Пікір қалдыру үшін сайтқа кіріңіз
Өзгерту



Жұлдызды блогтар

Жайлауға атпен бардық // Екіаша, Көкбұлақ, Шет Меркі, Орта Меркі
Жайлауға атпен бардық // Екіаша, Көкбұлақ, Шет Меркі, Орта Меркі
Шет Меркі өзені, Тоғызбұлақ ауылының тамаша табиғаты
Шет Меркі өзені, Тоғызбұлақ ауылының тамаша табиғаты
Ораза айының өңірлер бойынша кестесі
Ораза айының өңірлер бойынша кестесі