«Тіс қалай қағылды?»
жеке
блог

«Тіс қалай қағылды?»

            Күштен де жұрдай, істен де жұрдай тышқан аулап далпылдаған, әр нәрсені аңдып салпылдаған тазқара Күшеген құстар еліне билік құрды. Қарауындағы құс біткенді балшықтай езіп, илеп тұрды...

Тазұара да жиған-терген жүн-жұрқа, құрт-құмырсқа байлығының арқасында билікке жетіп, тағында үйелеп отыр, қисық-қыңыр, қиянат қылығының бәрін жүйелеп отыр...

Міне, тазқара Күшеген қарауындағы құстарын жинап, жиын өткізіп отыр. «рқайсысына не бітіріп, не тындырғанынан есеп еткізіп отыр. Қарға қарқылдап, сауысқан саңқылдап, байғыз бапылдап, жапалақ жалпылдап, қызғыш қиқылдап, шымшық шиқылдап бірдеме тындырғансып бөсіп жатыр. Күшті құсар не бітіріп жүргенімізді Күшекеңнің өзі де білер деп үндемеді, мақтағандарды күндемеді.

Әркімнің ісіне бағасын билік иесі берер деп құстар тазқараға иілді. Күткендей болмады. Күшеген күштілерге шүйілді. «Бүркіт қартайды, бүре алмайды, қырғи қалың қазды да қыра алмайды, қаршыға топ торғайды да қуа алмайды, лашын да дайын жемге түсе алмайды, ителгі шыбынды да іле алмайды», - деп күштінің бәрін даттады. Әлгі шыбын-шіркей, бақа-шаян ғана ілетін жағымпаздарды мақтады. Сөзінің соңында «Бүркіт босатылсын, қырғи қысқартылсын, қаршыға қуылсын, лашын лауазымына лайықсыз деп табылсын, ителгі төмен жұмысқа итерілсін, бізді түсінетіндерге ғана күш берілсін!» - деді. Манағы қаңқылдаған, саңқылдағанның бәрі өре тұрып алақан соқты, қол көтерді. Бұған қаз қайқаңдап, үйрек байпңдап, ақкөт торғай қыпылдап, қырғауыл жан-жағына қаранып, әсем құйрығын таранып, біраз тосылды. Бәрақ, ойланып барып қосылды. «Бұл қалай?» деп тек қарлығаш ойға батты, көгершін көзбен атты, бұлбұл әнге салды, бөдене бұғып қалды.

Сүйтіп, дауыс беру машинасы іске қосылып, білгіш те ілгіш құстардың түбіне жетті, бәрі «жертваға» кетті. Көп ұзамай Күшегеннің айтқанына көнбегендердің де күні қараң болды, еңбегі арам болды...

            Бірақ дүние жалған, билік, байлық әркімнен-ақ қалған. Көп ұзамай «ит жоқта шошқа үреді қораданың» заманы өтті. Құстар басынан қырсық кетті, тазқарадан құтылды, оның итаршылары да тұтылды. Олардың артында тұралаған ісі қалды, қағып-қағып алынған тісі қалды.»