Тас жүректің неге жылуы жоқ?

    Күн санап жан түршігерлік оқиғалар саны артып барады. теледидарды қоссақ та, радио тыңдасақ та тіпті газет оқысақ та көретініміз, еститініміз - әлдебіреу жаңа туған баласын далаға лақтырыпты, қоқысқа тастапты, сатып жіберіпті деген адамшылықтан ада,   естісе бой түршігер, көрсе көз қорқар жаңалықтар 

   Елімізде жыл сайын кәмелет жасына толмаған қыз балалар арасында 20 мыңнан астам жүктілік тіркеліп, оның жартысына жуығы аборт жасаумен аяқталады. БҰҰ халықты қоныстандыру саласының дерегі бойынша бұл көрсеткіш Шығыс Еуропа елдерімен салыстырғанда 2-3 есе көп.

    Ал Қазақстан бойынша жетім балалар саны 96 мыңға жетіп отыр. Олардың 80 пайызы бүгінгі таңда әлеуметтік жетім болып табылады. Яки олардың ата-анасы тірі, бірақ әлдебір себептермен туған баласын ата-ана махаббатына бөлеуге қауқарсыз.  Шыны керек жоғарыда аталып өткен статистикалық мәліметтер "жетімін жылатпаған" елміз деп жүрген біздің ұлттылығымызға сын, сүйегімізге таңба түсіргені - ащы шындық!

   Бүгінгі таңда "қатігез аналар" көбейіп кеткендей. Өмірдің сан соқпағынан өтпеген, тағдыр тауқыметін бір сәт болсын сезбеген жап-жас 16-17 жасар қара көз аруларымыз жаңа туған сәбиін құшағына қыспай, емірене иіскемей жатып, далаға лақтырып кете барғанын естігенде талайымыз жағамызды ұстағанымыз өтірік емес. Бес минуттық әлсіздіктің салдары осыншама ауыр боларын кім білген? Мейлі балалықпен алданды, жастықпен сүрінді дейік оларды. Ал Жамбыл облысында болған оқиғаны есімізге түсірейікші. Жаңа туған нәрестені босанған қыздың анасы, яғни сәбидің әжесі көлікті тоқтатпай, тас жолға тастап жіберуі нағыз қатігездік болды емес пе?  "Ана" деген ардақты атқа кір келтіріп, ұлтымыздың санасына өшпес дақ қалдырды.

   Міне осы жағдайлардың алдын алу үшін осыдан бірнеше ай бұрын "baby box" деп аталатын қорапты енгізуді ұсындық. Алайда бұл көпшіліктің ойын екіге бөлды. Бірі бұны орнатар болсақ, тастанды балалар санын арттырып аламыз десе, енді бірі ең болмаса тастандының жанын аман алып қаламыз деп шырылдады. Әрине әркім өзінше топшылайды, саралайды...

   Түптеп келгенде бәрі ұл мен қызға берілетін тәрбиеге келіп тіреледі. Алайда тәрбиені беретін ата-ананың жұмысы көп, уақыты жоқ. 

   Тас жүрегімізді бір рет болсын жылытуға тырысайықшы, адамдықтың аулынан алыс кетпейікші дегім келеді сөз соңында ...



Бөлісу: