"АСЫҒАСЫҢ"

"АСЫҒАСЫҢ"
жеке
блог

АСЫҒАСЫҢ Бақыттың не екенін ұмытып та қалған кез еді. Ала көлеңге болып түнеріп, көрінуді де қойды, қуаныш. Езуіңе күлкі үйіріле бастаса болғаны, түртіп тұрар жын пайда болғандай, аузы-басыңды бірден жиырып алуға асығасың. Бір қылмысқа барған жан сияқты, қуануға да үреймен қарайды барлығы. Көтеріңкі көңілдің соңын қандай дауыл күтерінен аздап хабардар болып қалды, қалай дегенмен. Қорқыныш басым жүректе... Ұмытылған, жо-жоқ санадан өшкен емес, ұмытылуға тырысқан бір бейненің соңынан қанша бейне жалғасын тапты, аз уақытта. «Е, бұған да көндігерміз»,- деп алдаусыратып қояды өздерін. Жүрекке түскен қиналыс серпінмен келіп соққы болып тиді.

Дәрменсіздік... адамды бездіріп жібереді екен, бұл дүниеден. Өз-өзімен іштей арпалысқан күйзеліс жарып шығар жер табар емес. Таппайды да... Бір қызығы, Жаратқанның жарлығы болды мен үшін. Арнайы дайындағандай бірінен кейін бір жақынымды алып, жоқ жерден орын берді. Арасын бір бөтен жан бөліп жатқан жоқ. Қара жамылған жан қайда сапар шексін? Бет алар бағыт бір ғана жол...

Асығасың. Алдымнан көкелеп жүгіріп шығып, маңдайдан иіскетпей кетпейтін, кішкентай алақанымен саусағыңды сыйғаныңша қысып ұстап, таң атар-атпастан еріксізден орыныңнан тұрғызып, езуіңе күлкі сыйлар жанды көруге асығасың. Аспандағы Айды қолымен бұлғап, қараса болды көз жасын тыятын періштеге асығасың. Жеттім деп қуанасың, тұрағына. Тұрақ деймін-ау, үйілген төмпешікке асығасың. Сағынышымды, шерімді солай тарқатып жүрген мен ғана ма десем, қанша жан солай отыр бейіт басында. Орамалды тағынып, алақан жайып, тым болмаса ана дүние тыныштығын тілеп, дұға еткендер қанша. Өз жүрегің езіліп тұрса да, өзгенің қайғысына ортақтасасың... алдымен күн санап, сосын апталап, кейіннен айлап барып бұл жолды да ұмыта бастадық.

Арада тура бір жыл өтті. Үйіне барсаң қуанып, әжімнен бір кездегі нәзіктік көрінуден қалған әже қаймақты шайын дірілдеген қолымен ұсынады. Барын алдыңа қойып, азар да безер асты-үстіңе түсіп күтіп алар әжеден де айырылды. Тағы сол сапар... қиялшыл қылып жібереді екен, есі дұрыс адамды. Ес жиып үлгерместен тағы да қаза. Бұл жолы «немерем» деп еркелетер, ардақты ата... «менің жеке меншігім» дейтін еді көзі тірі кезінде. «Жалғызын күтіп жүрме екен?»-деген сауал мазалайды. Бойыңды үрей билесе де, көндігесің. Осыдан кейін бір ғана күн тілейсің. Қайғысыз, шуақты күн... қалған Асылдарымды аман сақтасын деген ниетпен ғана...