Мақтаншақ Қораз

Мақтаншақ Қораз
жеке
блог

Арайлы таң атып келе жатқан – ды,

Қызыл қораз айқайлап кеп мақтанды.

«Таң атты! ...» деп безілдеумен ол білгіш,

Өркөкірек мінезіне басқан – ды.

Теріп, бүріптүннен қалған – құтқанды,

Қыт – қыттады, әр нәрсеге сұқтанды.

Күннің әлі шықпағанын білмейді – ау,

Күңкілдейді: «Күн тағы да бұлттанды».

Өз – өзінен айбарланып алған – ды,

Алмастырып жай сөзбенен арманды.

«Барлығыңды мен асырап жүрмін» - деп,

Көкіді ол, осы сөзі жалған - ды.

«Көрем, - дейді – ау, - Құдай басқа салғанды,

Оятамын ұйқы басқан бар маңды...»

Мұны естіген тауықтар да ұялып,

Өзімшілдеу қораз үшін арланды.

Қораз тіптен қоқиланып барады,

Тауықтарға сұсты көзбен қарады.

«Ояныңдар, таң атты! – демеп пе едім,

Көздеріңде ұйқы ұшқыны бар әлі!

Мен сендерді қашанға асыраймын,

Осы таңнан бастап ас ас тасымаймын.

Өздерің күндеріңді көрерсіңдер,

Сендер үшін мен енді осындаймын».

Тауықтар бұл күңкілді елемейді,

Дегендей: «сенің ойың керек еді!»

Қоразды ала көзбен атып бәрі,

Күндегіше жем іздей жөнеледі.

«Қарсылассақ, ол бізді жеңе алмайды,

Ақымақ неме өзін неге алдайды?

Біз бір күні бәріміз жатып алсақ,

Жем – су тасып әкеліп бере алмайды.

Өзі біздей жұмыртқа шайқамайды,

Бар өнері – құр босқа айқайлайды.

Бәрімізді асырап жүрмін дейді,

Өзінің қателігін байқамайды».

Тауықтар теріп жүріп «қытырлақты»,

Осылай бір – біріне мұңын шақты.

Қанша рет болмашыға дауласса да,

Қыт – қыттап, бірге өмір сүріп жатты.