Әз - Наурыз!

Әз -  Наурыз!
жеке
блог

Наурыз – көктем мен еңбектің, достық пен бірліктің мейрамы болумен бірге, халқымыздың салт – дәстүрлерін құрметтеп, ұлттық қасиеттерімізді бойына сіңіріп, жан – жақты дамыған өнегелі, өнерлі азамат тәрбиелейтін мейрамымыз.

   Сонымен қатар, наурыз – күн мен түннің теңелу уақыты. Көктемгі күн тоғысы наурыз айының 21 – нен 22 – не ауысқан түнін төрткүл дүниенің төрт бұрышындағы халықтардың көбі қуана қарсы алады. Сондықтан ол- көп ұлтты еліміздің бірлесе тойлайтын  Достық мерекесі десем артық айтқаным болмас. Ақ түйенің қарны жарылған Әз – Наурызды қазақ халқы Ұлыстың ұлы күні деп айрықша ұлықтап, көктемгі жаңару мерзіміне балаған. Наурызбен бірге ел арасына құт, береке, ырыс қонады деп сеніп, барлық ауыл болып тойлайды. Дастарханға наурыз көже әкелініп, барша қауым тоя ішіседі. Ал жастар би билеп, ән шырқап, ұлттық ойындар ойнағайды.

    Иә, бұл күн аса зор қасиетке ие. Ұлыстың ұлы күні көңіліңде кірбіңі барлар татуласып, бір – бірінен кешірім сұраған жөн. Үй – жайды  жинап, қонақ күтіп, жақындарының үйлерін аралап, жылы лебіздерін айтады. Жер иесі – Қыдыр ата елді, үйді аралап, бақыт сыйлайды, бата береді деген сенім – наным және бар.

   Әз - Наурыз – барша халықтың асыл мұрасы. Оны әрқашан келер ұрпаққа дәріптеп отырған абзал. Барша ұлттардың басын қосып, татулыққа, әдептілікке, сыпайлық пен достыққа баулитын хақ.