Төртінші талпыныс.

Күнімді қарап отырсам, мен күні бойы жұмыстағы әріптестеріммен орысша хат алмасып жүрдім. Орыс тіліне аударылған кино көріп келдім (супермэн мен бэтмэн жайлы). Жақында орысша кітап оқып біттім (Любовь во время чумы). Келесі қадамым - ағылшын тілінде әндер тыңдап отырып, орыс тіліндегі блогымда орыс тілінде оқылған кітап жайлы орысша пост жазу болатын. Кенет кездейсоқ музыканың арасында Шон Паскальдың жаңа туындысы - Мен сені сүйем әні ойнай бастады. Керемет ән ғой, айтыңыздаршы?

Жүрегімде мұң. Қазақ тілін керемет білгім келеді. Ке-ре-мет. Басқа ұлт өкілдеріне үлгі болғым келеді. Көп уақыт босқа өткізіп алғандаймын. Әлі де кеш емес деген үміттемін.

Мақсатым - жарты жыл ішінде қазақша ұзақ, көркем посттар жаза алу. Қазақ әдебиетін меңгеру. Қазақша аудармашы болу.

ПС. Есімім - Әсем. Жиырма алты жастамын. Көркем әдебиетін оқуды, музыка тыңдауды, жоспарлар құруды, армандауды, шындықты ғана айтуды, шет тілдерін меңгеруді, үндістерді (Колумб Америка материгінде тапқан) жақсы көрем. Домбырадан шыққан үнді және АҚШ рэперлері орындайтын әндерді бірдей сүйіспеншілікпен тыңдай аламын.

Әдепсіз, дөрекі сөйлейтін кісілерді, сонымен қатар түсініксіз сөйлейтін кісілерді ұнатпаймын ))

Осы жолы бастағанымды аяғына дейін жеткізіп, келешекте қазақ тілінің дамуына, кең тарауына үлес қосамын деген үміттемін. Әйтпесе өзімді өмір бойы құрметтемей өтемін.

 



Бөлісу: