Біржарым миллиард көрермені бар CCTV-дің Шымкентке ат басын бұруына себепкер болған студия немесе деректі фильмге арқау болған мультфильм

Біржарым миллиард көрермені бар CCTV-дің Шымкентке ат басын бұруына себепкер болған студия немесе деректі фильмге арқау болған мультфильм
жеке
блог

                 Біржарым миллиард көрермені бар CCTV-дің Шымкентке ат басын бұруына себепкер болған студия немесе деректі фильмге арқау болған мультфильм

       CCTV (Орталық Қытай телевизиясы ) ─ Қытайдың бетке тұтар телеканалы. Біржарым миллиард көрермені бар телеканалды Шымкентке табан тіреткен САҚ киностудиясының туындылары.

       Өткен жылы Қытайда өткен мәдениет фестиваліне «Қошқар мен Теке» мультфильмі қатысып, 45 елден келген 800-ге тарта студиялардың арасынан суырылып шығып, 2 бірдей жүлдені иемденгенін «Мәдениет» журналы сүйіншілей хабарлаған болатын.

       Осы мультфильм арқылы  өзге елде қазақ елінің мәдениетін таныттық. Жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелейтін, өзіндік ұлтық ерекшелігі бар мультфильмнің идеясына қытайлықтар тәнті болып, бірлесіп жұмыс істеуге ұсыныстар жасап, меморандумға қол қойған еді. Біздің мультфильмге Қытайдағы қандасымыз «Абай жолы» анимациялық компаниясының басшысы Ғұсман Қажытай есімді азаматтың жетекшілігімен қытайша дубляж жасалған.

       Осылайша, қазақ анимациясының серкесі САҚ киностудиясының туындысы «Қошқар мен Теке» өзге елде өз биігінде бағаланды.

      Міне, бүгін араға біршама уақыт салып, анимациялық туындымыз Қытай елінде кәдімгідей танымалдылыққа ие болыпты. Қаншама газет-журналдар жарыса жазып, нәтижесінде Қытай елінің бірінші дәрежелі телеканалын біздің елге алып келіп отыр.

      Сондағысы, Отан деген ұғымды балалардың санасына жеңіл сіңдірген қарапайым ғана екі жануар Қошқар мен Текенің Отанын көру, мәдениетімен, салт-дәстүрімен танысу, студияның тыныс-тіршілігінен хабардар болу. Осындай ынтызарлық, құштарлық CCTV-дің қызметкерлері Hang Hao мен  Gao Dongjuan-ды шырайлы Шымкентке алып келді.

     «Қошқар мен Теке» сияқты керемет дүниені жасаған САҚ киностудиясымен жете танысу олар үшін үлкен мәртебеге саналды. Олармен қоса қанымыз бір, сонау шетелде біздің мәдениетімізді дәріптеп, қазақ деп күйініп жүрген Ғұсман Қажытай да  Ұлыстың ұлы күні – қазақтың жаңа жылында елге келді.

      Күннің сүйіктісі ─ шұғылалы Шымкент те келген қонақтарды ерекше жылылықпен қарсы алды. Жоғарыда атап өткендей науырыз мерекесі қарсаңында келген қонақтар ең алдымен қала әкімі ұйымдастырған мерекеге тап келді. Биылғы жаңа жыл САҚ-тың қызметкерлері үшін ерекше жыл болды. Шетелдіктерді мерекелік дастархан, әсіресе, науырыз көже тәнті етпей қоймады. Олар үшін әрбір сәт, әрбір қимыл маңызды болды.

        Одан кейін САҚ киностудиясының мекемесіне келіп, ондағы қызметкерлердің тыныс-тіршілігімен танысыты. Жұмыс барысынан түсірілімдер болды. Кинозалда студенттермен жұмыс жүріп жатты. Ғұсман Қажытайұлы САҚ-тың аниматорларымен сүбелі әңгіме жүргізді.

        Келешекте аниматорларды өзінің компаниясына тәжірбие алмасуға шақыра отырып, алдағы уақытта бірігіп жұмыс жасауға үндеді. Біржарым миллиард халқы бар Қытай елінде осындай ел тізгінін ұстар, анимация саласының беделді азаматына айналған Ғұсмандай елжанды қандас бауырымыздың бар екені бізді де қайран қалдырды.

        Үш күнге созылған бұл сапарларында қытайлықтар Оңтүстіктің  көрікті жерлерін аралап, тарихымызбен, салтымызбен таныс болды.

        САҚ киностудиясының елжанды, ұлтымыз деп еміреніп, ұлттық тәрбиені анимация арқылы бала санасына сіңіріп, бүтіндей бір елді тәрбиелеп отырған азамматтардың арқасында Қазақ мәдениеті әлемге танылуда. Осындай азаматтар барда әрқашан керегеміз кең, тереземіз өзгелермен тең болмақ. Бүгін Қытайды мойындатып жатса, ертең күллі әлемді таңдандырмасына кім кепіл?! Бір әттеген-ай дейтіні, өзіміз емес өзге ел алғаш болып студияның еңбегін бағалап, студия жайында деректі фильм түсіріп үлгерді. Шетелдіктерді қайран қалдырып, таңдай қақтырған осы кішігірім ғана студияның Қазақстан да қадіріне жете білсе еліміздің бағы жанары сөзсіз.

 

                                                                                                                               Сүттібай Ақсұлу