Алма кетті домалап...
блог
Шіркін, қайтып келмес балалық шақ - бал дауренім! Мектеп қабырғасында жүргенде, кезекті демалысты асыға күтетінбіз. Үйдің кенжесі болғандықтан әкем менің айтқанымды екі етпейтін.
Жаз жайлауға шығатынбыз. Жасырынбақ ойнаушы едік. Жасырынбақ ойнар сәтте міндетті түрде "алма кетті домалап, көше бойын аралап..." деп санамақ жүргізетінбіз. Одан кеш батып, қараңғы түскенде аспандағы сансыз көп жұлдыздарға қарап қиял жетегіне берілуші едік. Сонда әр бала өзінше армандайды. Бірі-әскери қызметкер, бірі-заңгер, енді бірі дәрігер болуды армандап, болашақтарын бақытпен ұштастырып жатады. Ал мен журналист боламын дейтінмін. Қазір ойлап қарасам, сол кешегі бір үйде шүйіркелесіп жүрген бауырларым бүгінде есейіп, өз армандарын іске асырған есті азамат болыпты.
Бала күнімізде өзімізді ешнәрседен қорықпайтын, батыр сезінетінбіз. Өзен жағасында жүріп, сужыландар мен бақаларды қуып жүретінбіз. Олардың бақылдаған даусын естігенде мәз болатынбыз. Инелік пен көбелектің нағыз қас жауы едік. Гүлге қонып тұрған жерінен шап беріп ұстап алып, банкаға салып жинайтынбыз. Одан қала берді, кешкісін өрістен сиыр күтіп алуға таласушы едік. Себебі, сиыр келместен алдын ала балалар жиналып, өріс маңында түрлі ойындар ойнайтынбыз. Тізіп айта берсем, бала күнгі қызықтар таусылар емес...
Қазіргі таңда бала күнгі арманымның жетегіне еріп, Талдықорған қаласында І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінде білім алып жатырмын. Қала тіршілігіне үйреніскеніме үш жыл болды. Осы уақыттың ішінде балалық шағымның бал дәурен сәттерін сағынышпен еске аламын.