Тамам Шуд
жеке
блог

Тамам Шуд

Кез келген адам баласы мистикаға толы шифрлар, жұмбақтар, кодталған хаттардың құпиясын анықтауға талпынатыны сөзсіз. Ол қандай құпия екен, шешімі нендей жауап берер екен деген сұрақтар танымпаз адамдарды түн ұйқысынан айырары хақ. Солардың бірі - Тамам Шуд туралы оқиға.
 
Оны "құпиялардың құпиясы" деп атаса болады. Оның құпиялығы соншалық, Шерлок Холмс сынды небір мықты ізкесушілер мен тергеушілер  шеше алмаған, әлі де шеше алмай келеді.  
 
Аустралияның Аделаида қаласында 1948 жыл, желтоқсанның бірінші жұлдызы болатын. Сомертон жағажайында бейтаныс ер адамның денесі табылады.
 
труп

Дене бітімі нық, денсаулығы да сыр бермеген және жақсы киінген ер адам. Алайда барлық киімінің этикеткасы кесіліп тасталған, ал қалтасында поезға отыратын билеті болады. Оны ешкім тани алмай, тістері мен ізтаңбаларын зерттеу еш нәтиже бермейді.  

Бір ай өткен соң, Аделаиданың теміржол бекетінде қоңыр шабадан табылады. Оның да бейтаныс ер адамның киіміндегідей этикеткасы кесілген. Ішінде этикеткасы кесілген киімдер, трафареттерді тазалауға арналған құралдар, қайшылар және ұсақ- түйек заттар болған. Тергеушілер істі шешуде айтарлықтай  нәтижеге жетпейді, тек костюм американдық өнім деп болжайды.  
 
чемодан
 
1949 жылдың маусымында тергеушілер қайтадан өлі денені зерттеп, қайтыс болған адамның киімінде құпия қалта бар екенін анықтайды. Қалтада "Тамам Шуд" деген екі ауыз сөз жазылған  бір жапырақ қағаз табады.   Егжей-тегжейлі зерттегеннен кейін, Омар Хаямның "Рубаят" жинағынан жыртып алынғаны анықталады.  Ол Омар Хаямның поэмалар жинағының соңында жазылып, "аяқталды" немесе "бітті" деген мағына береді. Бұны білген БАҚ құралдары нақты қай кітаптан жыртып алынғанын анықтауға кіріседі. Эдвард Фитцджеральд аударған "Рубаяттың" сирек, алғашқы басылымының көшірмесі бар бір адам хабарласады. Оның айтуынша, бейтаныс ер адам табылған күннің алдында көлігінің артқы жағынан тапқан.  Кітаптың сыртқы мұқабасында қарындашпен келесідей сөздер жазылған:
 
тамам

Сонымен қатар кітапта "Рубаяттың" көшірмесін Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде әскери офицер Альфред Бокселлге берген медбикенің телефон нөмірі жазылған. Бокселл ол кезде тірі және еш бүлінбеген кітап көшірмесін сақтап қойған екен. Медбике де, Бокселл де қайтыс болған адамға еш қатыстары жоқ, танымайтындықтарын алға тартқан.

Кейбір болжаулар бойынша, бейтаныс ер адам шетелдік бір мемлекеттің тыңшысы болған, оның өлімі сол ауданда болған тағы бір қылмыспен байланысты делінеді. Қалай болғанда да, уақыт өткен сайын, "Тамам Шуд" ісі тергеушілер шеше алмаған істердің бірі болып қала бермек.

 Суреттер www.mnn.com сайтынан алынды.