Жайдарман ойындары өткізілді

Жайдарман ойындары өткізілді
жеке
блог

     «Болашағын бүгіннен бастаған» ауданымыздың ең көңілді жастары бас қосқан «Жайдарман» (көңілді тапқырлар клубы) – бүгiнде жастар арасында жедел дамып келеді. Сахна мәдениетi мен шеберлiгi, ән мен би, сөйлеу мәнерi, ой ұшқырлығы, мимика сияқты өнер атаулының түрлi жанрларын қамтитын әзіл-қалжың шығармашыл жастардың шеберлiктерiн жетiлдiре түскенін көрсетедi. Бұл жастардың дұрыс қоғамдық пiкiр қалыптастырып, заманмен қатар даму арқылы өмiрде өз орнын дұрыс таба бiлуге баулиды. Жайдарман ойындары Республика бойынша ғана емес, Индер ауданында да дамып келеді. 12 наурыз күні көптің ықыласына бөленіп жүрген жобаны Индер аудандық Жастар ресурстық орталығы, «Жас Отан» ЖҚ, «Дендер» Жастар Қоғамдық Бірлестігінің ұйымдастыруымен «Маусымашар-2016» «Жаңару маусымы» бойынша «Индер ашық лигасы» 1/8 ойыны өткізіліп,  мектеп оқушылары мен колледж студенттерден құралған 16 команда бақ сынасты. Ал сайыстың негiзгi мақсаты — ауыл жастарының арасында шығармашылық белсендiлiктi арттыру. Сайыста қатысушылар «Ауылым жаңаруда» тақырыбы аясында әзілдерін ұсынды. Сайысқа бас редактор Бакетов Бірлес Қожебердіұлы мен Абат Айбат Бөгенбайұлы болды. Жайдарман ойынына Индер құрамасының топ басшысы Кәрім Нұрхан Нұркенұлы, Аудандық білім бөлімінің маманы Шүйншқалиева Айгерім Шоханқызы, Жастар ресурстық орталығының басшысы Құспанова Айгерім Сәбитқызы, С.Сейфуллин атындағы орта мектептің жас маманы Тұржанов Бексұлтан Мұратұлы, Аудандық бас лиганың бас редакторы Бакетов Бірлес Қожабердіұлы қазылық етті. Аудан мектептері бойынша М.Әуезов атындағы орта мектебінен ең жоғарғы көрсеткіш 4 команда қатынасты. Оймақтай ойымен, ұтымды әзілімен, сүбелі сөзімен «Жасбуын», «Қыздар-ай» (М.Әуезов атындағы орта мектебі), «Жарсуат құрамасы» (Жарсуат ауылы), «Индер жастары» (Индербор кенті) және Индер ашық лигасына Орал қаласындағы Құрманғазы саз колледжінен келген «Дежавю» Жайдарман тобы көрерменнің жадында қалып, қазылар алқасының көңілінен шыға білді. Жалпы есептік қорытынды бойынша он алты команданың ішінен 13 Жайдарман тобы келесі ¼ ширек финалға жолдама алса, 3 команда («Көңіл аудар» (М.Әуезов атындағы орта мектебі), «Бес саусақ» (Ш.Уәлиханов атындағы орта мектебі), «Көктем пысықтары» («Көктем» қазақ орта мектебі) ) келесі кезеңге өте алмады. Барлық командаларға 1\4 ширек финалына өткендігі жөнінде сертификаттар табысталды.

  Ж.Нариманова

Жастар ресурстық орталығы маманы