Арулар, мерекелеріңмен!

Арулар, мерекелеріңмен!
жеке
блог

Жер-Ананы бусандырып, адам біткеннің жан дүниесіне жылу сыйлай келе көктемнің алғашқы күндері аталып өтетін 8 наурыз, бұл – әлемді жып-жылы алақанымда ұстасам, болашақ ұрпақтың шат күлкісін, бейбіт тірлік-тынысын көрсем деген аналардың, жүздері бал-бұл жанып, ертеңіне үмітпен қарайтын қыздардың, ақ жаулықты әжелердің, қамқор әпке мен ізгі ниетті қарындастардың мерекесі.Отбасылы ер-азаматтар сүйген жарына сыйлық сатып алса, махаббаттың бал-қызығына енді-енді батып жүрген қыз-жігіттер де мерекені өздерінше ерекше қарсы алады. Ал алтын сапты қаламын серік еткен тілшілер үшін де бұл мерекенің орны айрықша. Бұл жыл бойы қым-қуыт тіршілік қазанында қайнап, дүниенің түкпір-түкпірінде жүрген маман иелерінің анаға деген, әпке-қарындасқа деген шынайы сағынышының белгісі іспетті. Тіпті тілшілер мереке күні де қызмет бабымен отбасы, ошақ қасында болмай қалатын сәттер болады. Десе де мұны жете түсінетін нәзік жандылар – ерекше құдірет иелері.

Жер бетіндегі жақсылық атаулы аналардың үлкен жүрегімен әрленеді десек, жылына бір тойланатын мерекеде олардың еңбектерін бағалап, сый құрмет көрсету – бәріміздің парызымыз. Ана қуанышы, әйел қуанышы - әр үйдің, отбасының, Отанның мерейі.

«Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді»-дейді. Тәуелсіз еліміздің ұл-қыздарын тәрбиелеп, азаматтарға сенімді тірек болып, қоғам ісіне білек сыбана кірісіп, қиын қыстау кезде демеу болып жүрген әйелдер қауымына алғысымыз шексіз. Өмірдегі әсемдік пен нәзіктікке жолбасшы бола жүріп, айналасына инабаттылықтың нұрын сепкен аналарымыз бен қыз-келіншектерімізді шын жүректен төл мерекесімен құттықтаймыз. Әр таңдарыңыз арайлап атып, күндеріңіз нұрға толсын!