Баланы интернет желісі мен компьютерден қалай алыстатуға болады?

Қазіргі таңда интернет желісі, компьютерлер, ұялы телефондар мен планшеттер өміріміздің ажырамас бөлшегіне айналғаны белгілі. Біреулер бұл ғажап «торды» жұмыс бабында қолданса, екіншілер оны білім алудың үздік қоры деп таниды, үшіншілер оны ойын-сауық, қарым-қатынас жолы деп білсе, басқалары айтылғандардың бәрін біріктіріп, босқа жіберілген уақыттарын ақтайды. Алайда, интернетте уақыт өткізуге құмар адамдардың арасында балалар да бар. Түрлі гаджеттердің бала омыртқасының дамуына, көру қабілетіне, психикалық және толығымен физикалық денсаулғына тигізетін зиян әсері туралы бәріміз білеміз. Сондықтан баланы интернеттен қалай алыстатуға болады деген сұраққа қамқор ата-ана немесе аға-әпке ретінде жауап іздесеңіздер, ары қарай оқи жүріңіз.

Бірінші әдіс – баланы түрлі үйірмелерге қатыстыру. Түске дейін мектеп сабақтары, түстен кейін фортепиано, каратэ, астау жасау үйірмелеріне баратын болса, баланың өзі бір ойынды ойнауға деген құлшынысы жоғалып қалады. Ересектер балаларды зарядталған батареямен салыстырса да, түрлі-түрлі іспен айналысатын баланың шаршайтыны белгілі. Оның үстіне, баланың күн тәртібінде үйірмелердің түрі неғұрлым көп болса, оның шынайы өмірдегі көретіні виртуалдық әлемдегі қызықтардан әлдеқайта еліктіргіш болмақ. 

Тек тым артық кетпеңіз: не дегенмен, өсіп, дамып бара жатқан баланың ағзасы үлкен мөлшерде энергияны, жеткілікті түнгі ұйқыны және демалысты талап ететеді. Вокалға, кейін боксқа, одан әрі ағылшын тілі курстарына баратын жеткіншек үйде оны математикадан үй жұмысы күтіп тұрғанын біле тұра, көп қобалжиды. Осындай стрессте өмір сүретін бала ешқандай көзге түсер нәтижеге жетпеуі де әбден мүмкін.

Екіншіден, баламен көбірек уақыт өткізіңіз. Өз балалырыңызды қанша рет ұялы телефондардағы ойындар немесе мультфильмдермен «алдауға» тырыстыңыз? Кейде еріншектен, кейде уақыттың тапшылығынан туған інілерімізбен, сіңлі-қарындастарымызбен жеткілікті мөлшерде уақыт өткізбейміз. Келесі жолы «жалықтым» деген балаңызға телефон құлаққабын емес, дәмді тоқаштарды әзірлеу жолы жазылған кітапша ұсыныңыз. Кейін бірге отырып иісі мұрын жаратын тағам дайындасаңыз, үй ішін де, балаңызды да қуантасыз, өзіңіз бен балаңыздың арасындағы қарым-қатынасты нығайта түсесіз. Бәлкім осындай сияқты үй шаруаларына баулу арқылы балаңың жасырын таланты көрініп қалар.

Жоғары айтылған кеңестерден гөрі қаттылау болып келетін келесі біреу – балаңызға қажет емес деп санайтын заттарды үйде ұстамау. PSP, XBOX сияқты ойындарға арналған арнайы қондырғылар, компьютерлер мен ноутбуктарға жүктелетін видео-ойындар бар дискілерді мүлдем сатып алмаған жөн.

Алайда бұл әдіс келесі себептерге байланысты шын мәнінде де қатал болып келеді. Қазіргі заманға сай бала өмірінде ғылыми-техникалық революцияның осындай жетістіктерінің болуы қалыпты жағдай. Оларсыз адамның өзін прогресстен «артта қалған» сезінуі әбден мүмкін, ал өте жұмсақ болып келетін бала психологиясына үлкен зардап келетінін болжауға болады. 

Сондай-ақ, әлеуметтік желілерсіз, жол картасын көрсететін арнайы бағдарламаларсыз, интернет браузерлерінсіз жұмыс істейтін ұялы телефондар көпшілік ата-аналардың көңілінен шықпайтыны анық. Сол себепті де үйдегі барлық заманауи қондырғылардан бас тарту ақылға қонымды ой болып шығуы екіталай. Сондықтан кеңестің басты идеясы – сол құрылғылардың санын минимумға дейін қысқарту, сонда балаңыз да сізден үлгі алуға тырысатын болады. 

Соңғы әрі маңызды кеңес – «жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» дегендей, балаңызды интернет пен компьютердің пайдасына баулыңыз. Зиянды, бала психологиясы мен жасына сай емес, дөрекі ойындардан логикалық ойлауды дамытатын, есте сақтау қабілетін жетілдіретін қызықты әрі танымдық ойындарға көшу тиімді. Өзіңіз балаңызға қажет емес деп санайтын мультфильмдер мен бағдарламалардың орнына танымдық, деректі фильмер көрсеткен жөн. Сонда балаңыз «қысымның астындамын» деген ойдан аулақ болады, алайда ересек адамның кеңестері зорлық ретінде емес, қамқорлық және тапқырлық болып көрінетін болады.

 

Міне, жоғарыда аталып өтілген кеңестерге ере отырып, баланы технологиялар заманының жағымсыз әсерінен қорғап, интернетке тәуелділіктің алдын алуға болады. «Ата көрген – оқ жонар, ана көрген – тон пішер» деп дана халқымыз бекер айтпаса керек, сондықтан әр істе, әсіресе бала тәрбиесі секілді сыры мен қырлары мол мәселеде кішіпейілділік, шыдамдылық, мейірім танытып, өз балаңызға тиісті үлгі көрсетуі ұмытпаңыз.



Бөлісу: