Электротехниканы үйренуге 5 себеп

Қазіргі заманның талаптарына сай, кейбір салалар ескіріп жатса, кейбіреулері өте тез дамуда. Уақытпен бірге аяқ басып, заманнан қалмай жүру үшін адамға біраз арнайы өнер мен білімді меңгеру қажет. Мысалға, ағылшын тілі, математика, программалау негіздері. Байқасаңыз, қазір Астанада жағдайы келетін әрбір екінші ата-ана өзінің балаларын сондай арнайы курстарға жазуда (алайда, балаға бұл процесс көбінде қызықсыз және шаршататын болады). Бүгінгі блогымда, мен көп адамға әлі бейтаныс электротехника әлеміне шолу жасағым келеді, оның пайдасы және "не үшін үйрену керек" екендігін айтып өтемін.

Мен өзім бұл саламен танысқаным ұзақ емес. Бір жазы Алматыдағы сыныптасымның офисіне бардым, сонда көрдім. Менің ең жақын досым стартаперлер жарысын жеңіп алды және бұл маған өте жақсы мүмкіндік болды. Оның негізгі идеясы қарапайым да, анық еді. Тоқ көзіне "EcoSocket" деп атаған арнайы төртбұрыш приборды жалғайсыз да, оған телевизор, компьютер, басқа техникалар мен жарық көздерін қосасыз. Арнайы смартфонға арналған бағдарлама арқылы сіз әр прибордың жергілікті тарифпен қанша теңге, қанша ватт алып жатқанын айқын көресіз және wi-fi немесе bluetooth арқылы өшіріп, қайта іске қоса аласыз. Оны үйден тыс жерде де қолдануға болады. Қазір группада бұл сияқты жаңа идеялар көп, соларды жүзеге асыруда.

Мен бұл заттардың жасалуын көріп қатты қызықтым, сонымен қатар олардың кейбір бөлшектерін өзім кигізіп, ерітіп көрдім. Шынымен, керемет тәжірибе. Қазір осымен бос уақытымда айналысып жүргелі 2-3 жыл. Ойларымды қорытындылай келе, келесі 5 себеппен келдім.

1. Ең біріншіден, бұл шығармашылық өнер сияқты. Электротехника негіздерін және біраз практикалық дағдыларды меңгергеннен кейін, бұл ЛЕГО ойыншықтарын жинаған тәрізді деңгейде оңай болады. Сізге идеялар келеді, "мына 555 TIMER-ды былай қойса не болады", "ана конденсаторды ауыстырса не өзгереді екен" деген сияқты. Уақыт өте, тәжірибемен бірге, сіз жаңа схемалар ойлап тауып, оларды жүзеге асыра аласыз, және сізде өз қолыңызбен жасап шыққан, іске қолайлы аппарат болғанда, бұдан асатын қуаныш жоқ болар. Барлығы да интуитивті, оңай беріледі. Осы арқылы шығармашылық қасиеттер дамиды.

2. Логика мен ойлау қабілеттерін дамытады. Цепь жасауда математикалық есептеулер көп қажет, кернеуді, ток күшін, резисторларды санау керек. Кейін оларды оптимальды түрде қою керек, аз орын алып, тез жұмыс істейтіндей. Нәтижесінде, сіз күнделікті өмірде ұқсас жұмыстарды шешкенде, миыңыз жылдам жасайды.

3. Күнделікті тұрмыста өте қажет өнер. Үйіңізде радио сынып қалды немесе компьютердің бір бөлшегі күйіп кетті дейік. Сіз оны лақтырмай, ремонтқа ақша шашпай, отверткамен ғана ашып, схемадағы үзілген жерді сатып алынған бөлшекпен ауыстырып, қайта жапсырып, іске келтіресіз. Сіздің әйеліңіз де, балаларыңыз да аң-таң болады.

4. Кейінгі қоғамда орныңызды табу оңай болады. Электротехника - заманауи кәсіп, сондықтан одан специалисттер көп қажет. Жоғарыда айтылғандай, қазіргі ақпараттық дүниеде барлығы компьютерлер,  микросхемалар және IT жайлы. Дамып жатқан елімізге ондай мамандар тіптен керек. Менің сол досым айтқандай: "Біз шетелге барлық жақсы нәрселерімізді береміз - мұнай, газ, металл, табиғи ресурстарды экспорттаймыз. Бірақ сонымен қатар тағы ең жақсы бастарымызды беріп жатырмыз, бірақ ешкім оған көп көңіл бөлмейді. Жыл сайын өздеріне күн астандағы жылы жер табу үшін, жұмыс іздеуге АҚШ-тың силикон жоталарына ондаған Қазақстандықтар кетуде, және жалпылы ақылды азаматтар кетіп жатыр. Интеллектуалды ресурстарымыз экспортталмау керек, біз оларға осында жағдай жасауымыз қажет! Әйтпесе мемлекет дамымайды... Менің мақсатым Қазақстанда негізделген Google, Microsoft немесе Apple дәрежесіндегі IT компания құру, сол арқылы үлесімді қосу."

5. Бұл қызық!

Әрине өзінің қиындықтары бар. Бұл білім біраз қаражат қажет етеді, әрі токпен жұмыс істеу білмейтін адамға қауіпті. Бірақ егер дұрыс көңілмен берілсе, барлығы да сәтті болады! Менің армандарымда Астанада балаларға электротехниканы үйрететін центр ашу бар.



Бөлісу: