Байлық түбі - Қара алтын
жеке
блог

Байлық түбі - Қара алтын

Қарқынды дамып келе жатқан әлем ұрандарының бірі «Уақыт – Байлық» болғандықтан, демалу және ұйқы арманға айналды; адам әрдайым өміріңе жаңалық еңгізіп ақша табуға даяр болуы керек. Осы аталған ұйқы жетіспеушілігін толықтыру үшін бүгінгі азаматтар күш сыйлайтын сергіткіш сусындарын қолданады. Сол сусындардың ішіндегі ең танымалы - кофе. Кофені 21 ғасырдың космополиттік әрі озат азаматтарының жан досы деп сеніммен атауымызға болады. Оны Қиыр Шығыстан екі Америкаларға дейін, қарт зейнеткерлер мен биржадағы барлық жастағы брокерлер, ұстаздар мен студенттер – бәрі ішіп, нәрленеді. Оның маңыздылығы мен тарауы соншалықты, әлемдік нарықта мұнай өнімдерінен кейінгі сатылым бойынша екінші орынға ие. Осындай қарқында таралған және көп адамның сүйікті сусыны болған кофені біз қаншалықты жақсы білеміз?

Тарихи деректерге сүйінсек, кофе ішудің дәстүрі оңтүстік Эфиопияда пайда болған екен. Аңыз бойынша, Каффа аймағынан шыққан Калди атты малшы өз қойларының бір жидектерді жегеннен кейін түні бойы ұйықтамай, келесі күнге дейін жүре бергісі келетін қылығын байқады. Сонда сол жидекті өзі жеп көріп, ұқсас сергіткіш әсеріне ие болды. Уақыт өте келе бұл сусын Араб түбегіндегі Йемен мемлекетіне келіп, өте жақын сауда қарым-қатынастары арқылы бүкіл түбекке таралады. 16 ғасырдың басына таман кофені Парсы, Мысыр, Сирия және Түркия мемлекеттерінде сүйіп ішетін болды. Тарихшылар бұл сусынның араб мемлекеттерінде кең және шұғыл тарауынын бір себебі мұсылмандарға ішімдік ішуге қатаң тыйым салынғандығына байланысты деп қарастырады. Кофенің Еуропаға таралуы Голландияның отарларына байланысты болған еді: оның сауда үшін өсірілуі мен дайындалуы да сол уақытта басталды. Сөйтіп Африкада табылған кішкентай дәмді інжу біртіңдеп әлемді жаулап алады.

Кофенің адам психологиясына, ойлау жүйесіне тигізер пайдасы орасан зор: сергіткіш әсерімен қатар, құрамында ауруларға қарсы 100-ге таман антиоксидант түрі бар. Кофе ағашының Арабика, Либерика, Робуста деген 3 түрі бар. Күнделікті тұтынып жүрген кофеміз Арабика ағашының тұқымы: ол нәзік, әрі күрделі иісімен ерекшеленеді. Кофені куырған кезде оның құрамында 2000-ға жуық химиялық зат түзіледі, соның нәтижесінде кофенің беткі қабаты жылтырай түседі және барлығымыз күтетін сергіткіш әсері пайда болады.

Сонымен қатар, таңдаған кофе сусыныңыз сіздің ішкі жан дүниеңіз туралы мәлімет бере алады деген сенім бар. Мысалы, латте сусынын таңдайтын адамдар көбінесе жаңалықтарды сүймейтін консерваторлар деп белгіленеді. Бірақ әр адамға жағымпаз, сыпайы және адал дос болып келеді. Ал эспрессо сусынын жақсы көретін азаматтар кемшіліктерге жол бермейтін ұқыпты және өршіл болғандықтан сенімді әрі жақсы көшбасшылар деп есептеледі.

Ал сіз бүгін өз кофеңізді іштіңіз бе?