Ата салтың - халықтық қалпың (блог эстафета)

Ата салтың - халықтық қалпың (блог эстафета)
жеке
блог

Жаңа күннің бастауы Наурыз мерекесіне де санаулы күндер қалды. Бұл күн өзге күннен ерекше салтанатқа толы. Күн мен түннің теңеліп, жер жаһанның жанданып, ағаштар бүр жарып, қырмызы дала бәйшешекке оранатын керемет сәт. Түркі тілдес халықтардың жаңа жылы саналатын бұл мейрамның маңызы зор. Ұлттық құндылықтарымыз бен салт-дәстүріміз ұлықталатын ұлыстың ұлы күнін кішкене баладан еңкейген қарияға дейін асыға күтеді. Әжелеріміз 7 түрлі тағамнан "Наурыз көже" әзірлейді, аналарымыз "Ұзынсары" келеді деп сандығындағы бар байлығын дастарханға қояды, қыздар сүйікті жігіттеріне "Ұйқыашар" дайындайды, аталарымыз бұлақ көзін ашып, ағаш отырғызады. Бір-бірімен өкпелескен жандар бір-бірін кешіріп, төс қағыстырып амандасады. Үлкендер әр үйге кіріп, бата береді. "Қыдыр ата" келеді деп әрбір шаңырақ молшылықтың иесін күтеді. Осы күні барша жора-жолымыз, әдет-ғұрпымыз орындалады.

Алайда, заман ағымына қарай көп салт-дәстүріміз ұмытылып бара жатыр. Көне салт-дәстүрді ұлықтап, жас ұрпаққа дарыту мақсатында 22 наурызға дейін блог-эстафета бастаймын.

Эстафетаның шарты төмендегідей:

1) Эстафетаны бір күн кешіктірмей жазу қажет;

2) Міндетті түрде көне қазіргі күнде орындалмайтын салт-дәстүрді жазу қажет;

3) Бастысы эстафета таяқшасын үзіп алмау қажет

Шарттарымен таныс болсақ, мен сіздерге қазіргі таңда орындалмайтын салт-дәстүрмен таныстырғым келеді.

Бұл салт-дәстүрді - кимешек кигізу дейді. Жас келін түскен жерінде бір жылға дейн желек жамылып жүреді. Қазақ әулетінде сәукелені ұзатар кезінде ғана киеді. Келін болып түскен соң, шешіп алып қояды. Жас келін перзентті болғаннан кейін ауыл әйелдір, бәйбішелері арнайы жиналып, келінге кимешек кигізеді. Бұл келіннің ана болғанының белгісін көрсетеді. Солтүстік жақта бұл салтты "жаулық салды" деп те атайды. Жас келіншек болғандықтан кимешек әшекейленіп, шашақталып, кестеленіп те өрнектеледі. 

Эстафета таяқшасын өзімнің бауырым, адал досым, массагеттің тұрақты қолданушысы Малик Сейтбекке тапсырамын. Ал, достым саған сендім! 

Баршамызға келе жатқан наурыз мерекесі құтты болсын!