Маржан сарайы

Әр бала кішкентай кезден бастап әр түрлі маман иесі болуды армандайды. Оны айтпасам да белгілі. Біреуі ұшқыш, екіншісі- дәрігер, кейбіреуі әнші, биші, бизнесмен болғысы келеді. Ал мен болсам, кім болуды армандамадым десеңізші! Кейде сұлулықты бейнелейтін суретші, кейде жетім-жесірлерді қорғайтын Робин Гуд, кейде мың бұралып билейтін биші болуды қиялдайтынмын. Тіпті 7 жасымда ПРЕЗИДЕНТ болуды жоспарлағанмын. Сосын ата- анам президент болудың қиыншылығын түсіндіргеннен соң, президенттің әйелі болуды шештім. Өзімше, күйеуімді МЕН басқарам, ол елді басқарады деген ой ғой шамасы. (Мұқағали атаның "Әйелдер-ай, әйелдер-ай, қандайсың?... " өлеңі есіме түсіп отыр). Ержете келе, 6-7 сыныптарда-ау "Тайны следствия" деген ресейлік сериалдың ықпалымен, басты кейіпкер секілді тергеуші боламын дейтінмін. Қойшы әйтеуір, менің қиялылығым кім болуды армандатпады?!
 
 
     Қазір байқасам, қай мамандықты армандасам да, құпияны бірінші болып білу мен оны ашуға деген талпынысым әрқашан болған екен. Әлемнің ашылмаған сырлары туралы оқу, есту маған өте қызық. Оның үстіне интернеттегі уақытты тиімді өткізуді насихаттайтыным бар, аптасына бір рет "Әлемнің ашылмаған сырлары" атты айдар жүргізуді шештім.
 
               Басқаларды үйрете жүріп, біз өзіміз үйренеміз.
                                                                                               Луций Анней Сенека

 
Бүгінгі тақырып "Маржан сарайына" (Coral Castle- Коралловый Замок) арналмақ.
 
Флорида штатында, Хоумстед қаласы бар. Осы қаланың басты көрікті жеріне айналған Маржан сарайын жылына жүздеген туристер келіп тамашалайды. Сырт көзге ұсқынсыз тастардың үйіндісі көрінгенімен, не себепті бұл жер сонша танымал? Несімен туристтерді қызықтырады?
 
 
Бұл сұрақтың жауабын білу үшін Маржан сарайы дегеніміздің не екенін анықтап алған жөн. Ол жалпы салмағы 1100 тонн құрайтын кешен. Кешенге салмағы 243 тонна болатын екіқабатты шаршы мұнара, Флориданың тас картасы, тастан жасалған Марс пен Сатурн, дәлдігі екі минут құрайтын күн сағаты, сонымен қатар 30-тонналық ай және тағы басқа құрылыстар кіреді. 
 
 
Бұның несі қызық деуіңіз мүмкін. Қызығы- осының барлығын бойы 152 см., салмағы 43  кг. болатын Эд Лидскалнин есімді адам жасаған. ЖАЛҒЫЗ өзі.
 
 
Египет пирамидалары, Стоунхедж, Баальбек құрылыстарының құпиясын әлі күнге дейін ғалымдар, қарапайым әуесқойлар аша алмай келеді. Көп тонналық тастарды көне құрылысшылар қалай жылжытты, астрономия, нақты инженерлік есептеулерді қайдан білді деген сұрақтар кез-келген адамды толғандырады. Ал электр қуаты, автомобиль мен самолет заманында пайда болған бұл құрылыстың жасалуы құпияға толы. Бұл жолы да, мықты техника мен терең білімімізбен таңырқай бас изейміз.
 
 Эд Лидскалнин бұл сарайды жасау үшін өмірінің 28 жылын сарп еткен. Жағалаудан блок жасау үшін маржан тасының әгін тасыған. Айта кетерлігі, онда қарапайым балға да болмаған, барлық құралдарды ол қоқысқа тасталған көлік қалдықтарынан жасаған.  
 
Эд бұл ғажайып сарайды қалай салды екен? Аңыз бойынша, барлығына бастау болған- баянсыз махаббат... Керемет хикаяның басы XIX  соңында, Латвияның Рига қаласында 1887 жылы 10 тамызында "Маржан сарайының" құрылысшысы дүниеге келуімен басталады.  26 жасында ол  Агнесса Скуффс есімді бикешке ессіз ғашық болып, сөз байласады. Алғашында келіскен Агнесс, той   болар күннің алдында шешімін өзгертеді. Оның ойынша, кәрі, небәрі мектептің 4 сыныбын бітірген адам оны бақытты ете алмайтын. Агнесс пен Эдтің жас аралығы тура он жыл. Эд сүйіктісін еркелетіп, "Он алтыдағы тәттім" деп атаған.  Оның үстіне қарапайым шаруаның баласы оған тең болып па?! Кейінірек, ол озық дәрігерлердің біреуіне тұрмысқа шығып, үш ұлдың анасы атанады.
 
Сүйіктісін жоғалтып қайғыдан қан жұтқан Эд Латвиядан алыс жерге кетуді жоспарлайды. Осылайша ол Америкаға келеді. Басында Канадада ағаш шабумен айналысқан ол, қақаған қыстың біреуінде өкпесіне суық тигізіп, туберкулез ауруына шалдығады. Бұл ауруға қолайлы жер Флорида екенін естіп, ол сол жерге 1918 жылы  көшеді. Кішкене бос жер телімін сатып алып, өзінің ойлағанын іске асыруды бастайды. Бірақ жер тар болғандықтан, ол ескі жерден он миль қашықтықтағы 4 га жер сатып алып, сонда қоныс аударады.
 
Міне осы кезден бастап құпияның алғашқы жаңғырығы пайда бола бастайды. Жасалған маржан тастарын жаңа орынға қалай ауыстырды? Ол тіркемелі тракторы бар досымен келісім жасайды. Тракторшы кешке Эдтің үйінің жанында қалдырып, таңертең жүкті жаңа орынға ауыстыруы керек болатын. Штат шоссесімен әкетіліп бара жатқан тастарды көбісі көргенмен, көлікке қалай жүкті тиеп, қалай түсіргенін ешкім білмеген/көрмеген. Эдтің көршілері бір ауыздан, оның ешқандай жүк көтергіші болмағанын айтады. Ол барлығын түнде, шамның көмегімен жасап, бәрін құпияда ұстаған, сұрастырғандарға "Пирамида құрылысшыларының құпиясын аштым!" деп жауап қайтаратын.  Жүкті толық тасып болу үшін ол  шамамен 3 жыл жұмсаған.
 
Сарайда ең алғаш көзге түсетіні - қызық формалы екіқабатты шаршы мұнара. Мүсіндердің ішінде аспан денелері- Сатурн, Марс және үлкен  жарты ай. Орасан зор тас тербелмелі орындықтар, төсектер. Керемет бассейн, онда жауын суы ағады. Жүрек пішінінде жасаған үстелді "әлемдегі ең үлкен валентинка" деп те атайды.
 
 
 
Айта кетерлігі, Эдтің ойынша, адам өмірінде махаббат бір-ақ рет болады деп есептеген. Сол себепті ешқашан отбасын құрмай, жалғыз өмір сүрген. Бәлкім, осы сарайды өзінің сүйіктісіне арнап салған шығар...
 
Лидскалнин 1952 жылы өмірден озды. Құпиясын ешкімге ашпаған оның мұрасын зерттеуді көптеген ғалымдар жүргізуде. Бірі Эд антигравитациялық күшті тапты десе, енді біреулері өзге планеталықтар қонған жерде құрылысын салды дейді. Қалай болғанда да, бұл таңғажайып құпияның сырын ол өзімен бірге ала кетті.
 
 


Бөлісу: