Қазақ халқының салт-дәстүрлерін бойына сіңіріп өскен бала жаман болмайды
жеке
блог

Қазақ халқының салт-дәстүрлерін бойына сіңіріп өскен бала жаман болмайды

“Тәрбие - қоғамның негізгі қызметтерінің бірі, жеке адамды мақсатты, жүйелі қалыптастыру процесі, аға ұрпақтың тәжірибесін кейінгі буынға меңгертіп, олардың сана-сезімін, жағымды мінез-құлқын дамытушы.”

Тәрбие берудің негізгі мақсаты қандай тұлғаны қалыптастыруға байланысты болады деп ойлаймын. Мысалы, қазіргі заманның қажеттілігіне байланысты бәсекелестікке қабілетті, ақыл-парасаты мол азаматты тәрбиелеу маңызды болып есептеледі. Алайда бәрібір адамгершілік қасиеттерді бойларына сіңдіруді де ұмытуға болмайды. Себебі адам қанша жерден ақылды болып, ал ішінде мейірімділік немесе жағымды мінез-құлқы болмаса, оның қоғамға алып келетін пайдасы көп болмайды деп ойлаймын. Тәрбие -  материалдық игіліктерді өндіруге қабілетті, іскер адамдарды дайындауға бағытталатын үрдіс. Әрбір тұлға қоғамдағы қалыптасқан идеяны, саяси және моральдық көзқарастарды, сенімдерді, қоғамдағы адамдық өмір сүру тәртібін меңгеруі тиіс. Алайда салт-дәстүрдің тәрбие жүйесінде сақталуы маңызды. Әсіресе үлкен адамдарға сыйластық пен қарт кезінде көрсетілетін қамқорлық міндетті түрде тәрбие берудің элементтерінің бірі болып қалуы керек. Осыдан тәрбие беру үрдісінде қандай жүйені қолдану дилеммасы пайда болады. Анығырақ айтатын болсақ, заманауи өзгерістерге мен бұқаралық ақпараттардың екпін дамуына байланысты басқа халықтардың тәрбие беру үлгісін алып, немесе тек қазақ халқының салт-дәстүріне сүйене отырып тәрбие беретін екі жүйе пайда болады.

Қазақ халқы ертеден бері өз ұрпағының дамуына және дұрыс бағытта тәрбиеленуіне тұрмыста көп көңіл бөлген. Әрбір әдет-ғұрыптың, салт-дәстүрдің қадірлі азамат болып қалыптасуында өз орны бар. Мысалы, қыз баланы қырық үйден тыю деген салт қазіргі кезде қажеті мол болады деп ойлаймын. Себебі қазір қыздардың жас кезінде бала көтеріп, соның салы ретінде қаншама балалар «балалар үйінде» қажетті тәрбиесіз және ана мейірімісіз өсуде. Баяғы замандарда қазақ елінде жетім бала қалмаушы еді, қалса да саны қазіргідей көп болмаған. Осыған байланысты қыз тәрбиесінің маңызы ұлт келешегінде үлкен деп айтуға болады. Әрине, бұл салттың жағымсыз жағы да бар, өсіп келе жатқан қыз қысымның астында өседі де, өзі таңдау жасауға шектеушілік алады. Сол себепті қазіргі тәуелсіз, әйел адамның құқығы кеңейген заманда бұл салттың орындалуында қиыншылықтар бар. Ұлдарға байланысты он үш жасында отау иесі деген сөздерді келтіргім келеді. Осы сөздерде үлкен жауапкершілік жатыр. Жоғарыда көрсетілген мысалда тек қыз балалардың ғана кінәсі бар деп айтуға болмайды, ер азаматтардың да орны кем емес. Жауаптан бас тартқан ер адамадар жас келіншектерді өте қиын жағдайға қояды. Ал ертеде болашақта бір отбасыға қамқор болу фактісін ұл балаға кішкентай жасынан бойына сіңдіріп, жауапкершілік сезімін жастайынан тәрбиелеген. Иә, қазіргі ата-аналардың сезімдерін түсінуге болады... Олар балалар үшін бүкіл қажетті іс-шараларды жасауға тырысады, баласының өзінен артық өмір сүргенін қалап, уайымсыз өмірді қамтамасыз етеді және нәтижесі ретінде жауапкершілігі төмен ұрпақты тәрбиелейді. Жоғарыда көрсетілген негіздемелерге байланысты қазақ елінің ғасырлар бойы қалыптасқан әдет-ғұрыптарына сүйену – бала тәрбиесіндегі бірден-бір құрал деп санауға болады деп есептеймін. Бұған қоса, адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру мақсатында озық халықтық дәстүрлерді, жоғары идеялық ертегілер, мақалдар, мәтелдер, жұмбақтарды қолдану тиімді деп ойлаймын.

Қазіргі кезде бала тәрбиесіне арналған алуан түрлі псхологиялық тренингтер өткізіліп, әр түрлі оқу әдістемелік құралдар сандары артырылып, креативті курстар өткізілуде. Әрине, мұндай іс шаралардың пайдасы зор. Алайда, бұл жерде тағы да қазақ халқының салт дәстүріндегі ерекшеліктерге қарсы келеді. Менің ойымша, қазақ халқы өте күшті бақылаушылар, сол себептен салт дәстүрлердің көбісі осы бақылаулардың нәтижесінде құрылған және де мәні терең деп есептеймін. Алайда заманның бір орында тұрмағанына байланысты тәрбие беруге де өзгерістер енгізу қажеті бар деп ойлаймын. Себебі қазіргі кезде заман, заманмен бірге қоғам және өмір сүру темпі мен қағидалары күрт өзгеруде.