АҚШ-қа саяхат (1 бөлім)

АҚШ-қа саяхат (1 бөлім)
жеке
блог

     Массагетте соңғы блогымды бір жылдам астам уақыт бұрын жазыппын. Алдымен массагетке кірейін десем, ұятын-ай паролімді ұмытып қалыппын. Есімде сақталған түрлі паролдерді жазып көрдім, ештеңе шықпаған соң, поштам арқылы жаңадан қалыпқа келтірдім. Ал енді аккаунтқа кірген соң, блог жазатын жерді таба алмай отырғанымды айтсаңшы :D

     Барлық блоггерлер жаңа адамдар, ау блог жазсам, сірә мені ешкім танымайды-ау деп ойладым. Алайда басты беттегі Мақпал Сембайдың блогын көріп қалып, жүрегім орнына түсті. Демек, ертеден қалған, тас дәуірінің блоггерлері әлі де бар екен.

      Осы Массагетте шетелде жүрген қазақтармен сұхбат-жазбалар шығып тұрушы еді. Сол кезде ондай посттар жазба емес, көрме болып кететін еді. Өзге мемлекетте түскен суреттерін көріп, қызыға қарайтынмын. Қуанышқа орай, жақында менің де АҚШ-қа жолым түсіп, барып келдім. (Үш қалаға - Нью-Йорк, Орландо, Майами)

      Сонау мұхит асып, әлемдегі қай сала бойынша болса да белеске жете білген керемет елге барып келген соң, өзімнің көріп-білгендерімді сіздермен бөлісейін деп шештім. Болжамым бойынша, ол бір блогқа сыймайды. Сондықтан, бұл блогты бірінші бөлім ғана деп қабылдайық ;) Бірден айтайын, мен өзіммен түскен суреттерімді жарияламаймын, себебі ол суреттер өте қымбат тұрады xD. Тәп-тәуір төлесеңіз, мен келісемін!  Әзіл әрине, ол фотолар  жай ғана жанұялық фотоальбомде тұра берсін ;)

      Ал жақын арада АҚШ-қа баруды жоспарлап жүргендерде сұрақтар болуы мүмкін. Білетін нәрселеріммен бөлісуге әзірмін, сондықтан сұрай беріңіздер ~ Мен АҚШқа 100%  жай қыдыру үшін барып келдім, оқу үшін емес, жұмыс үшін емес, немесе Work and travel бағдарламасы үшін емес. Сондықтан, бірден айтайын, менен университет, жұмыс, гранттар туралы сұраудың қажеті жоқ :)

      Алдымен Бакуге дейін 45 минуттай ұштық. Кейін, 9 қатардан тұратын, сонау түбі көрінбейтін ұшаққа мінгенде, таң қалғанымды жасырмаймын. Ұшақтың су жаңа екені рас. Әр орындыққа планшеттер қойылған. Бұл планшетте не жоқ десеңші :) Планшеттегі 3D картамен қай жерде ұшып келе жатқанымызды, ұшақтың жылдамдығы, қанша шақырымды артта қалдырғанымызды біліп отыруға болады. Бірнеше тілде фильмдер, әндер, мультфильмдер, шоулар да бар. Ал ұшақтағы к-поп әндерді көргенде көзім шығып кете жаздады :-D

Ұшақ

      Сөйтіп, 13 сағат бойы көк мұхиттың үстімен ұштық. Алайда, бұл ұзақ уақыт - мені өзімді жайлы сезінуіме кедергі келтірген жоқ. Ұшақтың тамаша қызмет көрсетуінің арқасында, бұл ұзақ уақыт 4-5 сағаттай өтіп кетті. Ал әуежайдағы тіркелу, тексерістерді қосқанда, АҚШ-қа бару үшін тура бір күн уақыт кетті. Біз таңда ұштық, әлемдегі ең үлкен әуежайға қонатын кезде де таң болды. Ал қонуға жақындаған кезде, тамаша көріністің куәсі болдық. Ұшақтың сол жақ терезесінде күн енді ұясынан шығып келе жатыр, ал ұшақтың оң жақ терезелерінде әлі түн көрінісі тұрды. Бұл көріністі сөзбен айтып жеткізгісіз, өте әдемі. Ғажайып табиғаттың құпиясын географиядан тауып ал ;)

       Әлі ұшақтан түскен жоқпыз, сонда да біршама мәтін құрылып қалыпты. Онда, екінші бөлімде ұшақтан бірге түсеміз де, суреттермен Нью-Йоркті бірге аралайтын боламыз ;-) Күтіңіздер!