Тіл – ұлттың тірегі

«Болашақ - білімді жастар қолында» деген сөз жастайымыздан біздің санамызға сіңіп қалған. Алайда, жастарымыз білім қуып, әр түрлі тілдерді меңгеріп, шет елдерде білім нәрімен сусындап, еліміздің дамуы мен жандануына зор үлес қосып жатқанымен, өз ана тілдерін – еліміздің тұғыры, қазағымды қазақ етіп келген – туған тілімізге салғырт қараса керек. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген ұранды әрдайым жадымыздан шығармай, есімізде сақтап жүргеніміз абзал. Себебі болашақтың тұтқасы – мына біздің, жастардың, қолында. Ертең ел басына келетін жастарымыз тілін білмесе, елдігіміз не болмақ. Болашақ аналарымыз қазақ өлең-жырлары мен ертегілерін сәбилеріне айтып отырмаса, ұрпағымыз не болмақ. Міне осы мәселе көкейімде көптен бері мазалап жүрген еді.

Қазіргі жаһандану заманында елімізді әлем сахнасына шығару үшін үш тілді: қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгеру керектігіміз бәрімізге мәлім. Алайда, қалайша қазақ тілінің мәртебесі уақыт өте келе бәсеңдеп кеткенін өзіміз де байқамай қалдық. Ағылшынша, орысша өз ойларын толық жеткізе алатын жастарымыз, неліктен ана тілін екінші орынға ысырып қояды.

«...Жарық көрмей жатсаң да, ұзақ, кең тілім,

Таза, терең, өткір, күшті, кең тілім..,»

-деп қоғам қайраткері Мағжан да, «Үш бақытым» өлеңінде, екінші бақыты тілі екендігі, дүниеден түңілсе де, қасиетті тілден ешқашан түңілмейтіндігін ақиық ақын Мұқағали да жырға қосқан тіл мәселесі әлі күнге дейін өзекті болып отыр. Талай ғасырларды артқа тастап, талай асулардан асып өткеннен кейін қазақ тілінің мұңынан әлі күнге дейін арыла алмай келе жатқанымыз өкінішті-ақ. Осы мұңға батқан тілімізді шыңыраудан шыңға шығарар күн қашан туар екен. Қазақтың жүрегі қазақ деп, елім деп, жерім деп соқпаса еліміз ұстағанның қолында, іздегеннің аузында кетері сөзсіз. Біздің тарихы терең, болашағы жарқын да кемел ел екенімізді көрсететін асыл да басты құндылығымыз – қазақ тіліміз. Тілінің қасиетін біліп өскен жас ұрпақ қана елінің кемел болашағы бола алады.

Қазақ тілінің қазіргі жағдайын бұлт арасынан енді шығып келе жатқан Күнге теңейді. Сол бұлт сейіліп, Күннің жарқырап шығар күнін тағатсыздана күтемін. Қайда жүрсек те, қандай биіктерге жетсек те, арқа сүйер халқымызды, рухани құндылықтарымыздың қайнар бұлағы - ана тілімізді қадірлей білейік. Себебі тіл - бабалардың ұрпаққа қалдырған аманаты, бүгінгі күннің абыройы, ертеңгі күннің кепілі. 



Бөлісу: