Ей... Күнәһар дүние
жеке
блог

Ей... Күнәһар дүние

Періштелер де өледі екен... Әттең...! (Қызыл шақаның қазасы мың түніме сияр ма...) Ей, қара жол! Күнәһарсың тегінде, Сүйкіміңе селкеу түсті сенің де! Қара жоның қап-қара боп жатыр ма, Қалай қидың періштені өлімге! Ей, көк аспан! Көк Тәңірдің мекені, Қуанушы ем саған жетсем екі елі. Күмбезіңді қайтем енді көгілдір, Күмбезіңе соғып алдым шекені. Ей, ақша бұлт! Торып жаттың аспанды, Бой көтертпей басып жаттың асқарды. Тауды ғана көріп жүрген көзіңе Садаға! Көрмей жүрген тастарды... Ей, кеңістік! Қара жерге симаған, Шексіз едің етегіңді жимаған. Сен де – жауыз! Шексіз анау төріңе, Бір орынды бір үмітке қимаған. Ей, дүние! Дүңгір-дүңгір шуың бар, Күңгір-күңгір көрінбейтін нуың бар. Оң қалтаңа қол салғанда... бәлкім ол... Сол қалтаңда ол білмеген уың бар. Ей, адамзат! Мойындашы пасықсың, Сен туғаннан белден батпақ басыпсың. Өзің ғана! Өзім деген! Өзімшіл, Өзгелерді өлтіруге асықсың. Ей, жүрек! Қатыгез бе ең, білмеппін... Қалай сені арқалап ап жүрмекпін. Қара жолға көзім түссе жылаймын, Өмір – жолдар... Енді қалай күлмекпін?! Ей, періште! Кешір мені, адаммын! Ішіне біт! Өлме, мына ғаламның. Тірілерге жеткізейін зарыңды, Ұшына біт! Қасіретті қаламның. Ей, недейін...! Хайуаннан да төменбіз, Ақылы бар, бірақ соқыр, кереңбіз. Біз дегенің... Көк тәңірдің ұйқассыз, Жаза салған сүйкімі жоқ өлеңбіз! 16.01.2016 Марғұлан АҚАН