Жазғанын көремізде пешенеге

Жазғанын көремізде пешенеге
жеке
блог

Қазақпыз сәл нәрсеге қаупаңдайтын, 
Жаяуы аттылыға жаутаңдайтын. 
Болмасаң болғандардың қосын жек деп, 
Алдына жағынудан жан салмайтын. 

Мәз болып ұлықтарға ұнағанға, 
Теңейміз анаған да, мынаған да. 
Қасынан ертеңгі күн табылмаймыз, 
Сол шіркін мінген аттан құлағанда. 

Болмашы атағы үшін дабырайған, 
Асырып жібереміз Абылайдан. 
Табылар Абайдың да баламасы, 
Білмеймін пайда боп жүр бәрі қайдан. 

Қай қоғам қандай түсім түсінбедім 
Өзім де сол тобырдың ішіндемін. 
Қола емес, ол аз десең алтындатып, 
Тірінің тіктеп жатыр мүсіндерін. 

Келгенде шежіреге қосары көп, 
Ауызын бір-бірінің тосады кеп. 
Қазақы мүдде десе бәрі мылқау, 
Кісімсіп шіренгенде осалы жоқ. 

Жемқордың атын беріп көшелерге, 
Ұқсамай барамыз-ау өсер елге. 
Әй, қойшы таусылардай не көрінді, 
Жазғанын көремізде пешенеге. 

Зияділлә Әбдіхалықұлы 
("Жанымның жасыл желегі" атты өлеңдер жинағынан, 2013 жыл)