Ысмайыл ата және Ысқақ ата архитектуралық кешендері

Ысмайыл ата және Ысқақ ата архитектуралық кешендері
жеке
блог

«Ысмайыл ата» архитектуралық кешені

 Тұрбатқа баратын жол

Тұрбат ауылы. Бұл ауылдың атауының шығуы туралы бірнеше нұсқа бар. Соның бірі, «Тұрбат» сөзінің мағынасы арабшадан аударғанда «мазар» деген мағына береді дейтін нұсқа. Қазақ, түрік, өзбек және өзге де мұсылман халықтарында «түрбе» деген сөз - кесене, мовзолей, сағана сөздермен синоним ретінде қолданылып жатады. «Тұрбат» сөзінің түп-төркіні осы сөзде жатыр. Мысалы, осы «түрбе» сөзімен мағыналас  «мазар» сөзі жекеше түрде «мазар» деп қолданылса, «мазарат» сөзі көпше түрде қолданылады. Сол секілді, бір кездері «түрбе» сөзі де жекеше түрде «кесене» деген мағынада қолданылса, «тұрбат» сөзі аздап өзгеріңкіреп, көпше түрде «кесенелер» деген мағынада қолданылған болса керек.

қақпа

Біз сөз етіп отырған Тұрбат ауылында ортағасырлық ірі архитектуралық кешенді ескерткіштер сақталған. Соның бірі, әрі ең ірісі – «Ысмайыл ата» архитектуралық ансамбль кешені. Бұл кешен: Ысмайыл ата кесенесі, Жебірейіл ата кесенесі, Қошқар ата кесенесі секілді бірнеше кесенелерден және ортағасырлық мешіттен, сопы дәруіштердің  шілдеханасынан, қақпадан тұрады.

Ысмайыл ата кесенесі

Архитектуралық кешеннің басты ядросы – Ысмайыл ата кесенесі. Кесене Х-ХІ ғасырларда ғұмыр кешкен исламдық сопылық ағымының көрнекті өкілі, шейх – Ысмайыл атаға арнап салынған. Кесененің алғашқы салынған мерзімі ХІ ғасырға жатады. ХІҮ-ХҮ ғасырлардағы Тимуридтер династиясының заманында кесене қайта тұрғызылып, архитектуралық кешенге айналған.

Мешіт. Ішкі көрінісі

мешіт. сыртқы көрінісі

Ысмайыл ата Х-ХІ ғасырларда өмір сүрген сопылық исламды насихаттаған әулие кісі болған екен. Ол әулие кісі туралы жергілікті тұрғындар арасында аңыз-әңгімелер көп.

Шілдехана

Бұл құрылыстардың айналасын қазіргі кезде зираттар басқан, мешіттің алдында гүлзаржеміс ағаштары мен жүзім өсірілген бақ бар. Кешеннің аумағы бір кезде қоршаулы болған. Бүгінде бұл қоршаудан архитуралық ескерткіш болып табылатын қақпа ғана қалған. Зираттың аула композициясы архитуралық құралдармен безендірілген, тор тәрізді қасбеттері порталдар түрінде аула жаққа қаратылған. Жергілікті Түркістан архитектура мектебінің дәстүрлерін бейнелейтін шатыр тәрізді жабындылар ескерткішке ерекше сән беріп тұр. Ғимараттың басты бөлігіне үш жағынан жанасып жататын апсидалар салу бірқатар құрылысқа тән ерекшелік болған. Кешеннің кейбір құрылыстарын әрлеуде «қырма» техникасымен жасалған көгеріс өрнек, геометриялық және эпиграфиялық оюлар түріндегі полихромды нақыш бөліктері сақталған.

план

Архитектуралық кешен 1976 жылы мемлекеттің қамқорлығына алынып, тарихи-мәдени ескерткіштер тізіліміне енгізілген.

Архитектуралық кешенге 2003 жылы реставрациялық жұмыстар жүргізіліп, біршама жөндеу жұмыстары жүргізілген. Оған дейінгі құрылыстың күйі өте мүшкіл болған еді. Мешіттің солтүстік-шығыс бұрышы құлап түсіп, мазарлардың кейбіреуі мүлде қирап, олардың қабырғалары ғана сақталған еді. Барлығы қайта қалпына келтірілген.

 

 

 

Ысқақ ата архитектуралық кешені

 Ысқақ ата кесенесі

Архитектуралық кешені Ысқақ ата кесенесінен және екі белгісіз молалар мен кесене қалдықтарынан тұрады.

Халық аузындағы аңыздың айтуынша Ысқақ ата – Ысмайыл атаның баласы. Ысқақ ата Х-ХІ ғасырларда ғұмыр кешкен исламдық сопылық ағымының көрнекті өкілі болған. Кесененің алғашқы салынған мерзімі ХІІІ ғасырға жатады. ХІҮ-ХҮ ғасырлардағы Тимуридтер династиясының заманында кесене қайта тұрғызылған. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, осы архитектуралық кешендегі белгісіз кесененің біреуі ХҮ ғасырда өмір сүрген, өзбек жазба әдебиетінің негізін салушы Новойидің ұзтазы, сопылық ағымның ақыны – Мәулана Шейхзада Атаиге арнап салынған екен.

Архитектуралық кешен 1976 жылы мемлекеттің қамқорлығына алынып, тарихи-мәдени ескерткіштер тізіліміне енгізілген

«Ысмайыл ата» және «Ысқақ ата» архитектуралық кешендеріне 2014 жылдың көлемінде 8403 турист келсе, 2015 жылдың 9 айындағы көрсеткіші 5250 адамды құраған.

Ысқақ ата. план

Мақала Қазығұрт аудандық кәсіпкерлік бөлімінің туризм секторының материалдарымен дайындалған.