Адамның кейбір кездері

Адамның кейбір кездері
жеке
блог

«Сәлем, досым! Халің қалай? Сабағың, денсаулығың жақсы ма? Не жаңалық? Мендегі жаңалықтарды айтар болсам...» Дәл осындай мәтінмен бір қалада тұратын досыма әр сенбі сайын хат жолдайтынмын. Ол маған дүйсенбі күні жауап жазатын да, екеумізге ортақ таныстардан беріп жіберетін. Ақ қағазға кәдімгідей ішімдегі бар сырды жазғанда жеңілдеп қалатынмын. Ол екеуміз бір қалада тұрсақ та, сирек кездесетінбіз. Көзбе-көз әңгімелескенге қарағанда хат арқылы сөйлескен маған да, оған да ұнайтын... Қазір ол Қазақстаннан кеткелі арамыздағы байланыс үзілді. Мүлдем демейімін, бірақ бұрынғыдай емес.

Қалаға көшіп келген жылы маған күле қарағанның бәрін «дос» санап, арқа сүйегім кеп тұратын. Біреуіне сенім артып достаса бастағанымда, енді бірі өмірімнен кетіп жатты. Несін жасырайын, құшақтап тұрып пышақтап кеткендері де болды ғой. «Сен адамға пышақ бересің. Ол пышақпен сені қорғауы мүмкін. Сен ұсынған пышақпен саған жауыздық жасауы да мүмкін» дегендей, кімнің қандай ниетпен келіп жатқаны маған бірден аян болатын болса, кейбіреулермен мүлдем араласпас едім. Бірақ, қазір тым кеш.

Кішкентай кезімді есептемегенде, ес білгелі менің әлеміме бас сұғып, жарты жолдан себепсіз кеткендер тізімін тізбектесем, шек болмас тіпті. Ондайлар барлық адамдарда кездеседі деп ойлаймын. Жай таныстарың кетсе мейлі ғой. Сол уақытта қамқоршың, қорғаның, сырласың, сүйенішің бола білген, кезінде саған қымбат болған тұлғаның өміріңнен себепсіз кетуі, орысша айтқанда, обидно. Менің әлемімнен себепсіз кеткендерден «Неге кеттің?» деп сұрағым келеді де, бәрі өз ретімен деп өз-өзіме іштей жауап қатамын.

Адамдарға қатты сенуден, сенім артудан қорқамын. Әр соққыдан сабақ алып, отпен ойнамауға тырысасың ғой енді. «Ең жаман сатқын ең жақын достарыңның ішінен шығады» дегенді де оқыған едім. Іщщә, қандай жаман сөз. Кейде саған опасыздық жасаған адамдарды кешіресің де, болмашы нәрсеге ренжіткен адамммен қарым-қатынасты үзесің. Бұл – сенің таңдауың. Опасыздық жасағанды бір рет кешіресің, екі рет, үш рет... кейін оны да кешіре алмайтындай хәлге жетесің де онымен де арадағы байланыс үзіледі. Ал одан кейін қол ұсынғандардың бәрі «сол» жандай көрінеді, сол адам сияқты опасыздық жасап кететін тәрізді, сол адам сияқты іші-бауырыңа кіріп, жүрегіңе қанжар қадайтын сияқты болып көрінеді. Одан кейін сенуден, сенім артудан жасқанып қаласың да, өз-өзіңмен бақытты ғұмыр кешесің. Хм, бақытты...

Өзіме адал деп санайтын досыммен былтыр айырылыстық. Өмір бізді екі бағытқа, екі арнаға бөліп тастады. Маған жасаған жақсылықтарын ескеріп, жамандығына көз жұма қарадым. Бірақ, араға уақыт салып, екеуміз тағы кездескенде бұрынғы ісін қайталады. Енді не істеуім керек? Білмеймін... Бір құрбым қазіргі жағдайыма қарап: «қадірлерін кеш түсінеді адамдар. Бір нәрсені істесе өкінбейтіндей болып істеу керек. Артқа қайырылып не керек? Бәрібір жараның орны қалады, ол өшпейді. Сен қанша жақын тұтқаныңмен шегініп тұрасың. Ал оларда дәл сенікіндей сезім болса ше?! Жоқ қой, жоқ! Уақытша олардікі... Бұгін сенің, келесіде менің, ендігіде басқаның жүрегін жаралайды. Қаралауға үйреніп қалғандар. Жыным келеді. Кешіре білудің өзі дұрыс емес. Сен өзіңді олардың орнына қойып көрші, сосын білесің. Олар сенің мінезіңнің жұмсақтығын пайдаланады» дейді. Жөн сөз шығар. Білмеймін...


Сурет: kpy.beon.ru