16 жол өлең жазып 18 жылға айдалған
блог
Қазақтың кино және театр өнеріне еңбек сіңірген актері Шахан Мусиннің туғанына 100 жыл толды. Осы айтулы күнге орай Шахан серінің өзі қызмет еткен қара шаңырақ М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының залында еске алу кеші өтті. Аталмыш кешті Ш.Мусиннің ардақты жары Рабиға апа еске алып мұңлы күйде емес, ашық-жарқын, көңілді өткізуді өтінді. Рас, бұл мұңаятын кеш емес, жадырайтын кеш, үлкен той еді.
Мусин Шахан Әлімханұлы 1913 жылдың 27 желтоқсанында Павлодар облысы, Май ауданы, Үлкен Ақжар ауылында дүниеге келген. 1966 жылы Қазақ ССР-нің халық әртісі атағын алған Шахан Әлімханұлы актерлік жолын 1934 жылы Семей облыстық қазақ драма театрынан бастады. Алғашқы рөлі-І.Жансүгіровтың «Кек» пьесасындағы Бидахмет болатын. 1934 жылы Семей облыстық драма театрында Арыстан, Есен (М.О.Әуезовтің «Айман-Шолпаны» мен «Еңлік -Кебегінде»), Әбіш (Б.Ж.Майлиннің «Шұғасында») рөлдерін ойнады. Сахнада негізінен творчестволық интелегенция өкілдерінің бейнелерін жасады. Оның ойнаған рөлдері поэзиялық әуен мен романтикалық серпінге толы. Ақан (Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері -Ақтоқтысында»), Сырым (Әуезов пен Л.С.Соболевтің «Абайында»), Махамбет (Ғ.Слаповтың «Махамбет» пьесасында), Сапар (Т.Ахтановтың «Сәулесінде»), Әпенде (Назым Хикметтің «Әпенде» пьесасында), Моцарт (А.С.Пушкиннің «Шағын трагедияларында») рөлдері осы бағытта шешім тапты. Ол ақындық өнермен де айналысып, көптеген өлеңдер жазды. Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысты. 1954 жылдан бастап киноға да түсті. Рүстемов («Бұл Шұғылада болған едіде», 1955), Сапаров («Біз осында тұрамызда», 1956), Баймағанбет («Шоқан Уәлихановта», 1957), Профессор («Ұланда», 1977), Ректор («Қосымша сауалдарда», 1979) Төле би («Жазушы асығадыда», 1980 ) т . б . рөлдері Шаханның кино актері ретіндегі өзіндік жолын қалыптастырған еді.
Шахан Мусин актер ғана болған жоқ, ол ақын, халық жанашыры да болды. Көрнекті актердің өмірі оңай жолдармен өрілмеді. Саяси қуғын-сүргіннің де азабын тартты. Төрт шумақ өлең жазып, Колымаға айдалғаны туралы ақынның өзі де бір жыр жолдарында көрсетеді. «Он алты жол өлең үшін он сегіз жыл қуылыппын...» деген лирикалық тебіренісі осының дәлелі болса керек-ті. Көптеген өлеңдерін 1937-46 жылдар арасында Колымада жүргенінде жазды. Ақын Шахан Мусин ел үшін айдалдым деп ешқашан әңгімесіне арқау қылған емес. Сұрағанға қалжыңмен жылы жауап беретін дейді көзін көргендер. Иә, Шахан Мусиндей дара тұлғаны қалай еске алсақ та жарасатын-ды.
Кешке арнайы келген театр сыншысы Әшірбек Сығай Шахан Мусиннің ауруханадағы соңғы кездерін, соңғы рет жүздескендегі әңгімелерін үлкен тебіреніспен еске алса, Асанәлі Әшімов театр саңлағының адами болмыстарымен бөлісті. Кештің жүргізушілік тізгінін ұстаған Тұңғышбай Жаманқұлов өзі ерекше құрмет тұтқан ағасы туралы әдемі естеліктерін ерекше сағынышпен еске алды.
– Шаханды ерекше құрмет тұттым, қатты сыйладым. Ол жастарды туған балаларындай еркелететін. Рабиға апамыздың білетін-білмейтінін білмеймін, Шахаң театрға ақшасыз келмейтін. Және ақшаны жан қалтасына емес, галстугының қатпары арасына салады. Оны жастар жағы, әсіресе Әнуар, марқұм Боранбаев, ерке Уайыс білетін. Шахаң театрға келгенде алдынан шығып, құшақтап:
– Аға-ау.., көке.., галстугыңыздан алдым! – деп еркелей, гастугын сипалай бастаған жігіттерге:
– Өй, күшіктер-ай, ала қойыңдар! – деп әдейі салып қойған 10-15 сомын қолдарына ұстатады. Оған ол кезде әжептеуір нәрсе келетін еді ғой!
Бір күні жігіттер тойда болып, бастары ауырып, сыра-пыра ішуге дым таппай тұрса керек. Ойламаған жерден ақ костюм, ақ көйлек, ақ туфли, шашы да аппақ Шахаң жарқ етіп, есікті ашып театрға кіріп келеді ғой. Дертке дауа табылғандай лезде жігіттердің жүздеріне де үміт оты жүгіріп, көңілдері шуақтанып, рахатқа енді кенелетіндей.
– Оу, Шаха, ағатайым, айналып кетейін! – деп галстугын ұстап сипалап көрсе, бірдеңе шытыр-шытыр етеді.
– Уһ! –деп, шыдамы таусылған Уайыс суырып алса, ішінде төрт бүктелген бір жапырақ қағаз екен. Апыл-ғұпыл әлгі қағазды ашып қалса, «Ни хрена!» деген орысша жазудан басқа түк болмай шығады. Жігіттер кәпелімде не айтарын білмей, сасқандарынан ішек-сілелері қатып, ал келіп күлсін, ал келіп күлсін. Сол күні бастарын тек күлкімен ғана жазса керек...
Мұхтар Омарханұлы Әуезов атындағы академиялық драма театрының мен көрген аға буын өкілдері ішіндегі ең мәдениеттісі, ең зиялысы, ең бекзаты – Шахан аға Мусин болатын. Менің санамда жаратылысы бөлек, сыпайы ағаның болмыс бітімі – аспандағы құс жолы сияқты жап-жарық боп сайрап жатыр,–деп сыр бөлісті Тұңғышбай Жаманқұлов.
Осындай әдемі әзіл, әсерлі әңгімелермен Шахан Мусинді еске алған қазақ халқы да дана халық қой. Өз басым бұрын Шахан Мусин туралы ойлап та көрмеген екем, «кек алу операциясының» арқасында Шахандай талант иесінің рухына бір табан жақындай түскендеймін. Еске алу кеші өткен аптада өтіп кетсе де, біраз өз ойыммен арпалысып жүрдім де, сіздермен бөлісуді жөн көрдім. (әйтпесе театр туралы жазбаларымды сіздерді жалықтырып алмайын деп тоқтатқан болатынмын). Сырым осы, назарларыңызға рахмет!