Білмеймін...

Білмеймін...
жеке
блог

Біреудің қамын ойлап, үндейтін жерде үндемей қалатын әдетімнің түбінде өзіме жақсылық әкелмесін білгенмін. Ақыры солай болды. Өзгенің бақытты болуы үшін өз бақытымды құрбан еттім. Адал махаббатымды құрбан еттім. Жүрегім жарылып кетсе де солай болды. Қайтейін?! Сүйген адамнан тірі жүріп айрылу деген ауыр екен ғой?!

Дәл қазір өзегімді өкініш кернеді. Өз шешіміме өлердей өкіндім. Бірақ, басқалай жасай алмас едім. Арадағы кедергілер, арандатушылар олар түк те емес. Себебі, жастайымнан «Әке қарғысы оқ, шеше қарғысы боқ» дегенді жаттап өскен жан едім. Түбінде әкенің қарсылығы бізге бақыт әкелмесін ойладым, сездім. Қорқақтығым қор етті. Ия, мен қорқақ шығармын. Білмеймін... Тек өз туғандарыма қарсы тұрғанымда, неге сол өзге жанның жақыны үшін жасқанып қалдым екен. Бүкіл әлемге қарсы тұрып, махаббатымызды сақтап келгенде сүрініп кеткеніміз бе? Енді не шықты? Бір жандардың бақытты болуының нәтижесінде - шынайы сезімсіз қосылған отбасы, жанары жасқа малынған жаралы жан қалды. Бар болағаны осы. Бәріне шыдап келгеніммен осыған шыдай алмағаныма таң қаламын. Неге деген сұрақ мазалайды мені. Алайда ол жауапсыз қала бермек? Мүмкін бұл жақсылыққа деген бастама болар. Өйткені, жүрегімде бір үн осылай жасағаным дұрыс деп тұрды. Алла қайырлы деп тапқан шешім осы болар.

Қызық ия, мұндай санасы саяздау, өзінің мақсатына жету үшін, жақындарын құрбан ететін жандарды алғаш көруім. Бұрын мұндай адамдар тек кинода ғана болады деп ойлайтынмын. Сөйтсем, кино өмірден алынатын шындық екен ғой...