Тұз сасыса не себеміз?

Қыз бір отбасының ғана емес, бір рулы елдің, қала берді, бүтін бір ұлттың ұлт болып қалыптасуына әсер ететін тұлға екендігі даусыз. Ол қай ғасыр,қай дәуірде болмасын қоғамның,ұлттың күретамыры. Ата-бабамыз ұрпақ тәрбиесіне ерекше ден қойған.Әсіресе,қыз тәрбиесіне баса көңіл бөлген.«Қызға қырық үйден тыйым»,- дей отырып, еркелетіп, ибалы, инабатты, тәрбиелі, ар-намысын алдыңғы орынға қоятын намысшыл етіп өсірген. «Есті қыз етегін жабады» деп, ұзын көйлек кигізіп, қыздың талшыбықтай бұралған сырт-келбетін сұқ көздерден сақтаған.Жақында Алаш айнасы интернет порталында "Фотограф не үшін қазақ қызының суретке жалаңаш түсетінін айтты" деген мақалаға көзім түсті. Сол бір мақаланы оқи отыра шыны керек қатты қынжылдым."Қазақ қызының ұяттың пердесін сыпырып тастап,осындай масқаралыққа барғаны несі?"- деген сұрақ ойға келді.Фотографтың сөзі бойынша бұл да өнер екен... Бұл өнерсымақты "Ню фотосессия" деп атайды екен. Бұл дәстүріміздің озғаны ма,жоқ әлде тозғаны ма? Кезінде ажарын айға да көрсетпеген қазақ қыздарының жалпақ жұртқа жалаңаш тәнін көрсететіндей не көрінді? Қазақта "Әйелі азған ел оңбас" деген аталы сөз бар. Уақытты ширек ғасырға жуық кері шегерсек, үлкендеріміздің "еліміз Егемендік алды,енді салтымыз,ата дәстүріміз қайта оралатын болды" деп қуанғаны ел есінде шығар,бірақ ол қуаныш ұзаққа бара қоймады..90 жылдардан бастап қыздар қысқа киіне бастады, жол бойында жеңілтек қыздар пайда болды. Оны халық экономикалық жағдайға тіреп,кешіріммен қарады,оны қолдадық. Уақыт өте келе қазақ қыздары шет елдік "жезделер" мен "күйеубалаларға" елді қарық қылды.. Оны достықтың дәнекері деп білдік. Хош делік. Ендігі жетпегені аруларымыздың жалаңаштанып суретке түсуі еді. Мұны не деп ақтап алар екенбіз? Бұрындары бір кісі айтқан екен: "Қарнымның ашқанына емес,қадірімнің қашқанына жылаймын",- деп. Жанымыздың шырқырап жатқаны қаракөз қазақ қызының осындай қадамға өз еркімен барытындығы жанымызға батады. Мұсылман елдің,текті елдің ұрпағымыз дейміз... Тектілік қайда? Пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с:"Қайсібір күнәлі іс қайталана берсе,бір күні адамдардың өздері-ақ "оның несі күнә екен?" деп шыға келеді" деген хадисі осындайда еріксіз ойға оралады екен. Бүгінгі қыз - ертеңгі ана, онан кейін бір әулеттің әжесі.Фотограф Нұрлан Көпобаевтың сөзіне сенсек : " Жас, сымбатты кезімізде сұлулығымызды көрсететін, сапалы суретке түсіріп беріңіз деп өздері өтініш білдіреді. Қартайғанда қарап отырғылары келеді. Рас қой. Өмір деген өтіп жатыр. Тән де қартаяды. Ал, оның сұлу болғаны тек осындай суреттерде ғана сақталады.», – деп қолдау көрсеткенсиді. Ертеңгі күні еліміздің тізгіні ақылы асқан,даңқы тасқан жас ұрпақтың қолына өтетіні анық.Ол ұрпақты бүгінгі бойжеткеннің дүниеге әкелетіні де шындық. Күндердің күнінде әжесінің жалаңаш суреті қолына түскен немересі қандай күйде болар екен? Кеудесін мақтаныш билер ме екен,әлде ұяттан жер болар ма екен? Орыс халқында " Кому видно,тому стыдно" деген сөз бар . Осыны ұрандатқан болашақ әжелеріміздің түрін сол кезде көрер ме еді? Қыздары тексіз,тәрбиесіз болған елдің іргесінен ырыс кетіп,толысы төгіліп,тұнығы шайқалады. Ұрпағы жиітіп жүнжиді. Барша биік-биік мінберлерден жиі-жиі айтылатын "Әйел бір қолымен бесік тербетсе,екінші қолымен әлемді тербетеді" деген сөз бар. Әлемді тербететін әйелдер қауымы жалаңаштанса, әлемнің жағдайы не болмақ? Осы орайда қазақтың " Ет сасыса тұз себеміз, тұз сасыса не себеміз?" деген мәтелімен ойымды түйіндегім келеді...

Әліпбек Ақнұр

ЕҰУ-нің 3 курс студенті 



Бөлісу: