Менің университетім-менің мақтанышым!

«Білімді бол, білімді талап етуші бол, білімді тыңдаушы бол, еш болмаса білім жолындағыларды сүй.»

Бала күнгі арманыңның  қазіргі күнде орындалатындығын кім білген  десеңші?! Шіркін, сол  емтихан тапсырып, жоғарғы балл жинаған кездегі қуанышымды сөзбен жазу мүмкін емес. Өзімнің  арманыма, сүйікті университетіме  бір  қадам жақындағандай  болдым. Жалғыз менің емес талай түлектің арманы  болған Әл-Фараби атындағы  ҚазҰУ –де оқу мүмкіндігі  мағанда  бұйырыпты. Аллаға шүкір. Шынында, арман боларлықтай ,атына заты сай әсем қалашық менің жүрегімді жаулап алды.

Студенттік кезең адам өміріндегі ең бір қимас, қызығы мол күндер.Ең бірінші  күннен- ақ студенттік күнім  басталып кетті.Студенттік шақ деген  әлдебір романнан  немесе ауызекі әңгімелерден естіп жүрген  қызықты да байыпты шаққа еніп, тағы бір қадамымызды жасадық. Әрине, 1 курста оқып жүргенде университетіммен танысу үрдісім иненің жасуындай сөздерден басталған-ды… Аса көп уақыт өтпей мен де оқу орныма тонның ішкі бауындай болып кеттім. Жабайы тұлпар үйірін тапқандай сезімді серік ете жүргенім де рас.Жаңа достар, жаңа оқу орны менің өмірімді өзгертті. Өмірлік жол табуыма көмектесті.

Құрылғанына  80 жыл толған оқу орны өз тарихында көптеген жетістіктерге жетіп, әлемдік аренаға өз орнын көрсете алды.Университет ұжымы көпұлтты  Қазақстанның экономикалық және мәдени өсуіне, саяси- құқықтық өміріне, мәдениетіне, ғылым мен білім беру салаларына орасан үлес  қосып, еліміздің жоғары  білім беретін оқу орындарының биік шыңына айналдырды. Университет көптеген шетелдік ЖОО-лармен бірлесіп жұмыс жасайды. Мұнда оқитын әрбір студент  шетелге шығып өз білімдерін жетілдіруге мүмкіндіктері бар.Сонымен бірге ҚазҰУ-дың 80 жылдығына байланысты  қалашық аумағында көптеген шаралар ұйымдастырылды. Соның бірі «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы ашылды.Мұнда  түрлі ұйымдардың,паспорттық үстел,  студеттерге әлеуметтік көмек кабинеттері және т.б студенттерге қызмет көрсету салалары, кинотеатр жұмыс жасайды. Қайсы бірін алсақта барлығы да студенттердің қажеттілігін қамтамасыз етеді.

 Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті – адамгершіліктің мың жылдық дәні егілген, жастық шақтың мәңгілік мекені, білімге сусындаған бақыт­ты  кезеңіміздің  самал лебі есіп тұрған университетім ғой бұл менің. Және де шаттығыма шаң жұқтырмай, көкірегімді оятып жүрген ҚазҰУ оқытушыларына дән ризамын. ЖОО-на түскен кезден бастап, тура жолға бағыттап отырған , Рекреациялық география және туризм кафедрасының  аға оқытушысы, эдвайзерім - Айман Шәкенқызына алғысым шексіз. Осы университетте алған білімім кейінгі болашақтағы орнымды сүт бетіндегі қаймақтай іріктеп, шыңырау көкке тартатыны айтпасада ұғынықты. Тас шайнап құм түкірер, тепсе темір үзер жастар да осы оқу ордасынан… «өзегі өрт өлеңге толы ақын» жандар да сезім тамшыларын білім бәйтерегінің жапырағынан тамызуда. 

 

                                                                                                          Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

                                                                                                  География және табиғатты пайдалану факультеті

                                                                                                                     3 курс студенті  

                                                                                                           Ергешбай Айнұр Мұратқызы



Бөлісу: