Фальстарт, чемпиондар!

Фальстарт, чемпиондар!
жеке
блог

Былтыр, Италияның А Сериясында күміс медаль иеленген «Ромадан» 17 ұпайға озып кетіп чемпиондыққа қол жеткізген «Ювентус» жаңа маусымда алғашқы жеңісіне әрең дегенде тек 4-ші турда ғана қол жеткізді. Оған дейін, «Рома» мен «Удинезеден» жеңіліс те тауып үлгерді.

Тұманды Альбиондағы «аристократтардың» да жағдайы мәз емес. «Стэмфорд Бриджде» ұтылмайтын Жозе Моуриньо жаңа маусым барысында өз қамалында екі рет жеңіліп үлгерді. Былтыр «Челси» барлығы үш-ақ рет қана жеңілгенін ескеретін болсақ, жағдайлары мүшкіл. 2014/15 маусымында ел біріншілігін уақытынын бұрын жеңіп, осы маусымда турнирлік кестенің ортасынан орын алып жүрген чемпиондар жайлы толығырақ…

Ювентус

«ЮВЕНТУС»

1962 жылдан бері бірінші рет «Ювентус» алғашқы үш турда тек бір ғана ұпайға қол жеткізді;

2007 жылдан бері «Ювентус» алғашқы үш турда да кем дегенде бір голдан өткізді;

Соңғы төрт маусымда алғашқы рет туриндіктер «скудетто» үшін күресте қиыншылықтар көруі мүмкін. «Ювентус Стэдиумдағы» «Удинезеден» жеңіліс, «Рома» мен «Наполи» сынды басты қарсыластардан ұтылу Массимилиано Аллегридің жоспарына кіруі екіталай.

 

Италия  чемпиондарының сәтсіз ойын көрсету себептері қандай және  Туринде треблға бір қадам қалған былтырғы маусыммен салыстырғанда не өзгерді?

«Ювентус» пен «Скуадра Адзураның» бұрынғы жаттықтырушысы туриндіктерді «жетібасты айдаһарға» теңеді. Үш басын кесіп тастасаң, әлі төртеуі бар. Үш бас деп кімдерді айтып отырғаны айтпаса да түсінікті. Сондай-ақ,  «жетібасты айдаһардың» ел біріншілігінде жеңіске жететіндігіне ешкім  күмән келтірмеді. Бірақ, Видаль мен Пирлосыз алаң ортасында қате пастар саны көбейіп кетті. Тевессіз қақпаға дәл бағытталған соққылар саны азайды. Мысалы, «Кьевоға» қарсы өткізілген ойында «боллбойлар» доп соңынан жүгіріп шаршады (жасалған 26 соққының жетеуі ғана қақпаға дәл бағытталған екен).

Негізі, теория жүзінде, «Ювентустың» жағдайы жақсы болу керек. Тевес команданың үздік шабуылшысы болып еді, бірақ оның орнына бірден үш адуынды шабуылшы сатып алды (Манджукич, Дибала, Дзадза). Пирло команда ауыстырса да, Поль Погба клубта қалды. Ал алаң ортасына Эрнанес пен Хедираны алды. Куадрадо мен Латераль Алекс Сандроның қосындысы Видальды береді. Команданың нәтижесі нашар болғанымен, ойыншылар жақсы ойын өрнегін көрсетуге тырысуда. Бразилиялықтар Сандро мен Эрнанес өте пайдалы ойын көрсетуге құлшынып жүр. Куадрадо Англияда өзінің ойынды жарып жіберер қасиетін жоғалтып алмағанын көрсетті. Ал аргентиналық Роберто Перейра кейбір ойындарда Видальды еске түсіреді. Бар мәселе – лидерлердің дайын болмауы. Клаудио Маркизио жарақатынан әлі айығар емес (футболшы жарнамаға түсіп жатып «сынып қалды»). Ал Поль Погба енді өзінің басты жұлдыз екенін тезірек қабылдауы қажет.

«Ақ-қаралардың» жанкүйерлері де түсінеді: «Ювентус» қайта құрылуда, оған уақыт керек. Түсінуге тиіс тағы бір нәрсесі бар: Пирло мен Тевестің «Ювентусі» Италияда басқалармен салыстырғанда тым мықты болғанымен, Чемпиондар Лигасы үшін берік емес-ті. Тіпті, Берлиндегі финал – Аллегри командасының шынайы күші емес, түрлі жағдайлардың тоғысуы. Жаңа «Ювентус» Чемпиондар Лигасындағы жеңістері ешкімді таң қалдырмайтындай етіп құрылуда. Аллегри құрып жатқан команда мықты, тек барлық серпілісті аша білу қажет.

лэмперд манчестер сити челси«ЧЕЛСИ»

Лондондықтар туриндіктермен салыстырғанда, көшбасшы ойыншыларын сақтап қала білді. Клуб тізгінінде де былтыр чемпиондыққа алып келген адам отыр. Маусым басталмас бұрын, сарапшылардың барлығы дерлік «аристократтар» титулды сәтті қорғайды деген қорытындыға келген. Алайда, қазір Челси небәрі 16-шы орында.

«Көктердің» қиындықтары Англияның Суперкубогі үшін «Арсеналмен» болған ойыннан басталды. Естеріңізге сала кетсек, Моуриньо өзінің «жақсы көретін жауына» 1:0 есебімен жол берген болатын. Одан кейін, «Стэмфорд Бриджде» Тибо Куртуа алаңнан қуылып, «Суонсимен» тең ойын болды. Одан әрі, «Манчестер Ситиден», «Кристал Пэластан», «Эвертоннан», «Портудан», «Саутгемптоннан» болған кездесулер жеңіліспен аяқталды. Артынша, «Ньюкаслмен» тең ойын тіркелді. «Қалалықтарды» есепке алмасақ, «Челси» жоғарыда аталған қарсыластарының бәрінен мықты. Алайда, Роман Абрамович клубы сегіз турдан кейін 16 орынға жайғасты. Әрине, Моурино мен клубтың медициналық персоналы арасындағы кикілжің де өз әсерін тигізгені анық. Коуч Карнейроға не айтқаны белгісіз. Сонда да, арты дауға ұласты. Жаттықтырушының істегені дұрыс емес екендігін өзі де біледі. Бірақ, португалиялық маман келесі күні баспасөз мәслихатын ашып, болған жағдайдан кешірім сұрағанда, ол Моуриньо болмайтын еді. Венгер, Пеллегрини, Анчелотти және т.б. әлемдік деңгейдің жаттықтырушылары мүмкін сөйтер ме еді? Бірақ, Моуриньоның бұлай етуі екі талай. Олай істеу оның ережелеріне кірмейді. Бұл оқиға да команданың рухына өзіндік әсер еткені анық.

Қорғаныста, алдын-ала болжағандай, Аспиликуэта-Терри-Кэхилл-Иванович төрттігі өнер көрсетеді. Алғашқа минуттардан ойнайтын қорғаушылардың арасында 30-дан асқан екі ойыншымен ойнау,олардың тәжірибелеріне қарамастан, жақсы нұсқа емес.Ивановичтың  сәтсіздіктері көбейіп, «Челсидің» қорғаныстағы мәселелерін былтырғы маусымдағы Англияның үздік қорғаушысыменен байланыстыруда. Расымен де, Джефферсон Монтеро сербиялыққа Криштиану Роналду секілді көрініп, қиындық туғызып жатса, бұны байқаусыздық деп айту қиын.Тек қана Иванович емес. Терри мен Кэхилл да жиі қателесетін болды.Соңғы жылдары Еуропаның үздік дуэттерінің бірі болып танылып келген қорғаушылар, осы маусымда сәтсіз өнер көрсетуде. Нэйсмит, Пелле сынды шабуылшылардың ойына келгенін істегені соған дәлел. Команданың ең басты жұлдызы да жарқылдап жүрген жоқ. Жозе Моуриньо ағымдағы маусымнан бастап, Эден Азарға қайран қалып, бельгиялықты әлемнің үздік үш ойыншысының қатарына қойды. Тіпті, Криштиану Роналдудан артық өнер көрсетті деп есептейтінін айтты. Шынымен де, алдыңғы маусымда Азар ағылшын Премьер-лигасының үздік ойыншысы атағына толықтай лайық болды. Статистикасы да таң қаларлық: 52 ойында 15 гол соғып, 11 нәтижелі пас берген. Ал, осы маусымдағы 11 ойында екі нәтижелі пас бергенімен, әлі гол соқпады. Азар да өзінің мансабындағы ең қиын кезең екенін түсінеді. Әлемнің ең талантты ойыншыларының бірі өзінің үздік ойынын табатынына күмән жоқ.

Педроға келер болсақ, «Челси» селекционерлері жақсы жасады десек болады. Испаниялық жартылай қорғаушы 8 ойында «гол+пас» бағамы бойынша, төрт ұпай жинап үлгеріп, Моуриньоға не үшін керек болғанын көрсетті. Ал, Виллиан стандарттық жағдайларды қалай мықты орындаса да, шабуылшылар гол соғуды бастамаса, нәтиженің пайда бола бастауы екіталай.

2014-2015 маусымында Челсидің шабуылшылар триосы (Диего Коста, Лоик Реми, Дидье Дрогба) 37 гол салған болатын. Әзірше, қазіргі трио (Коста, Реми, Радамель Фалькао) активінде бар болғаны төрт гол. Бұл шабуылшылардың мүмкіндігі былтырғы нәтижені қайталауға толықтай жетеді. Ал қақпашы позициясы үшін алаңдап қажеті жоқ. Жарақат алған Тибо Куртуаны Асмир Бегович тамаша алмастыра білді.

«Челсидің» рөлінде бүгінгі заманның үздік үш жаттықтырушының біреуі тұрғанын ұмытпаған жөн. Кезінде «ақсүйектерді» Кәрі құрлықтың грандына айналдырған да осы Моуриньо болатын. «Көктердің» ойын стилінен кемшіліктер іздей бергенше, «Камп Ноуда» «Барселонаға» қарсы  37-ші минуттан бастап 10 адаммен ойнап,  жарыстан шығарып, оларға ешкім сенбеген кезде Чемпиондар Лигасын жеңіп алғанын естеріңізге түсірген дұрыс. Бұл клуб әрқашан мінез таныта білетін. Ойындары да дұрысталатыны сөзсіз. Нәтиже де келеді. Кемпірқосақты көру үшін, жаңбырдың жауғанын күту керек.