Биылғы күз... Өзгерек...

Күз. Бұл күз бұрынғы күздерден өзгерек. Бұл күздің жаныма сыйлаған ауырлығы, қиындығы өзгерек. Бұл күз менің армандарымды астан-кестен еткізіп, жаңа арман мен үміт сыйлады. Бұл күз маған адамдардың сөздерінің алдамшы, өздерінің екіжүзді болатынын көрсетті. Бұл күз жаздың сыйлаған үміті пен арманын қиратып, өмірде кез-келген дүние бір сәтте қопарылатын дәлелдеді.

Соңғы күндері жанымда бір күйзеліс болып жүр. Жаным жабырқап, көңілім жалғызсырап жүр. Ауырады, қатты ауырады. Бірақ, тәнім емес, жаным ауырады. Күндерім бос үмітке алданып, өмірім мәнсіз өтіп жатқандай. Ойымдағыдай болмады. Бәрі кері кетіп жатыр. Ішімде алай-дүлей, қатты дауылмен бірге күздің суық жаңбыры  құйып тұр. Ең ауыры  іштегі бұл дауыл емес, ең қиыны жаның қаншалықты қиналып, астан-кестені шығып жатса да айналаңдағыларға күлу, өзіңді бақытты етіп көрсету, бәрі дұрыс деу. Ешкімге, ешкімге жаныңның айқайын шығарып, иығына басыңды қойып бір жылап алып жеңілдей алмау. Өзің жалғыз үйлердің арасымен келе жатып, бір балалар алаңқайындағы алтыбақанға тербеліп отыр, көзден емес анау, анау жүректің түкпірінен шығып жатқан жасты, қысылып, үнсіз ғана жылап алып, жасыңды сүртіп, айнаға қарап бір күліп алып, ештеңе болмағандай үйге кіру. Одан жатқанға дейін осы бір жақсы образды бұзып алмаймын деп, кеудеңе тор кигізіп, оны ауыр құлыппен құлыптап қойғандай қысып жүру. Міне, сол қиын. 

Ішкі әлеміңмен сыртқы әлеміңнің айқасы, жылап тұрып, күлу қиын. Қиналып тұрып, бәрі жақсы деу. Бірақ солай ету керек. Себебі, бұл менің өмірім. Менің осы уақытқа дейін түсінгенім, біреудің қайғысы біреуге қайғы емес, ешкім сені түсінбейді де аямайды да. Түсінген сыйпат қана танытады. Содан соң қиындығың мен жанынның ауырғанын айта берсен, адамдар сенен жалығады. Ешкімге біреудің қайғысы керек емес. Сен адамдарға тек бақытты келбетіңде керексің. Бұл дұрыста. Тағы бір түсінгенім, ешкіммен алдағы жоспарыңмен, жеке өміріңмен, армандарыңмен бөліспеу керек. Жақсы болса көре алмайды, орындалмаса келеке етеді. Бұл сенің өмірің, сенің ғана және бұл өмірдің екі әлемі бар, біріншісі: сенің ішкі әлемің, сен ғана білетін күйзелістер мен бақыт, сен ғана білетін армандар мен жоспарлар; екіншісі: бұл сыртқа көрсететін әлемің, ішіндегіні саралап, сараптап, көрсетуге болады ау деген әлемің...

Міне, бұл күз мені осыған үйретті. Жылап тұрып күлуге, өміріңді екі сахнаға бөліп қарауды, адамдардың сөзіне сенбеуді, шынайы болып көрінген кез-келген сөздің, істің шын мәнінде жалған, көз бояушы болатынын көрсетті.   Биылғы күз шыдамдылыққа, кешірімділікке үйретті.  Биылғы күз армандар мен сөздерге алданбау керектігін дәлелдеді.  Биылғы күз өзгерек... Биылғы күзде тек табиғаттың ғана емес, менің жанымның да жапырақтары сарғайып, суық жаңбыры жауды. Алла бұйырса алда қыс келе жатыр. Қыста менің жаныма да ақ қар түсіп, күздің ізін сүртіп, көктемде қайта жаңадан бүршік атып, әсем күйге енер, артынан жаз келіп, жаным жадырар...  Одан кейінгі әр маусым жанымда тек жақсы әсерлерімен, әдемі бейнелерімен қалса екен. Биылғы күз енді қайталанбаса екен. Менің мәнім мен сәнім өмірім. 



Бөлісу: