Сынған терезелер теориясы

Сіздерге бұл теорияның тұжырымын айтпастан бұрын, өмірлік тәжірибеде қалай қолданылғаны туралы сөз қозғасақ.

Өткен ғасырдың сексенінші жылдарың аяғында, көпшілігімізге таныс Нью-Йорк қаласы ауыр қылмыстардың нағыз отаны болған. Сол жылдары бұл қалада,  күнделікті 1500-ге жуық ауыр қылмыстар мен 7-8 адам өлтіру оқиғасы тіркеліпті. Тіпті метроға күндіз кірудің өзі-қауіпті болған екен.

Жасөспірімдер граффитилерді  күнделікті салу натижесінде,  метро вагондарының түрі осындай күйге жетіпті.

 

 

Сол жылдары метро басқармасы ауысып, жаңадан келген метро директоры поездардың вагондарына салынатын граффитимен күресін бастайды. Ол  әрбір вагондарды  түнде қайтадан өз бояуымен боятқызып, таңертенгісін тек тап таза вагондарды жіберіп отырған. Біраз уақыт өткеннен кейін, жасөспірімдер өздігінен сурет салуларын тоқтатты. Метро жұмыскерлері вагондарды бояу қажет етпейтіндей жағдайға жетті.

 

Осы көріністі көрген метро полициясының бастығы Уильям Браттон, метро аймағында болатын ұсақ қылмыстармен күресін бастайды. Айта кететін болсақ,  сол жылдары Нью-Йорк метросында, күнделікті 170 мың жолаушы билетсіз жүрген екен. Браттон әрбір метро станциясының турникетінің қасына қарапайым киінген 10 шақты полиция қызметкерлерін тұрғызып, турникеттен секіріп өткен тәртіп бұзушыларды ұстай бастайды. Ұсталған адамдарды тексеріс барысында, көптеген суық қарулар: пышақ, заңсыз тапаншалар тәркіленеді. Онымен қоса ұсталғандардың ішінен көптеген іздеуде жүрген қылмыскерлер де табылады.  Осындай іс-әрекетерден кейін метро жолаушыларының тәртібі айтарлықтай жақсырып, ауыр қылмыстар мүлде жасалмайтын жағдайға жетеді. Браттон  «графитти салу және билетсіз жүру сияқты ұсақ қылмыстардың  арты ауыр қылмыстарға алып келеді»,- деп тұжырымдаған.

Кейін қала басшылығы метродағы тәжірибені енді бүкіл қалаға жүргізу мақсатында, Браттонды қала полициясының басшысы қылып тағайындайды. Полиция басшылығына келе салысымен, Браттон көшедегі орынсыз қоқыс тастау, мас күйіндегі адамдар, ұсақ бұзақылық сияқты жеңіл қылмыстармен қатал күресін жүргізеді. Осы жұмыстардың нәтижесінде, ауыр қылмыс  саны бірнеше есе азайып,  90-шы жылдардың соныңда, Нью-Йорк Американың өмір сүруге ең қауіпсіз қаласы атанады.

Ал енді өзімізге келетін болсақ, қарапайым  өзім тұратын жатахананың ас бөлмесіндегі көріністі айтып берейін. Байқауым бойынша, ас бөлмедегі қоқыс қалдықтары күнделікті шығарылмаса, екінші күні қоқыс мөлшері бірнеше есе көбейіп, оларды жалғыз адамның шығаруы қыйынға соғады. Онымен қоса, ас бөлмесінің өзі де  тез ластанып, көрінісі тәбетіңді құртатындай көрініске айналады. Өздеріңіз түсінгендей, күнделікті жай ғана қоқыс шығарудың өзі, ас бөлмеміздің айнадай таза ұсталуын ұзаққа жеткізеді. Міне, мен өзім үшін бұл теорияның дәлелдемесін өз көзіммен көрдім десек те болады. 

Теорияның негізгі тұжырымына келсек, ол «егерде үй терезесінің әйнегі сынса және ешкім  оған жаңа әйнек орнатпаса, онда  көп ұзамай осы үйде бірде-бір бүтін терезе қалмайды» деп айтылады. Кішкентай ғана іс, үлкен өзгерістің бастауы болады дейді. Осы теорияны негізге ала отырып, дүйім жұртым:

Ұсақ болса да, қоқысты жерге тастамай,

Ел көрмесе де, жеңіл қылмыс жасамай,

Жүрейік біз тазалық ұстап, тәртіпті

Өмір сүрген қоғамымызды аялай! 



Бөлісу: