Бақытты болу үшін ақшаны қалай жұмсау керек?

Бақытты болу үшін ақшаны қалай жұмсау керек?
жеке
блог

Халық арасында "Ақшаң болса қалтаңда, талтаңда да талтаңда" деген сөз қалжың ретінде жиі айтылады. Қалжыңның да өз шындығы бар демекші, есеп шотыңызға ақша түсті деген хабарлама келгенде, қалай куанып қаламыз?!

Көңіліміз көтеріліп, “ақша түсіп, жақсы болды, сол ақшаны қалай жұмсаймын, оған не алам, қайда барам” деп бірден барлығын есептеп аламыз. Ал ақшамыз таусылып қалған кезде, “енді не істеймін” деп жалақы немесе шәкірт ақымызды күтіп жүреміз.

Осыдан ақшаның болуы я болмауы біздің көңіл күйімізге қатты әсер ететінін байқауымызға болады.

Ал, ақша бізге бақыт алып келе ме?

Өмірлік тәжірибе мен ғалымдардың пайымдауына сүйенсек, бізге бақыт алып келетін ақша емес, сол ақшаға сатып алынатын заттар.

Ал бақытты болу үшін сол ақшаны қалай және қайда жұмсау керектігі жайлы ойланып көрдіңіздер ме?

Көптеген жылдар бойы экономика, психология және философия ғылымдары ақша мен адам бақыты арасындағы байланысты зерттеп келеді. Соңғы ғылыми ашылулардың нәтижесінде ғалымдар әр түрлі пайымдамалар ұсынады. Солардың ең маңыздысын талдап, өзімізге керегін ұғынып алайық.

Экономика саласының ғалымдарына сенетін болсақ, жалақы өскен сайын, адамның өзін-өзі бақытты сезіну дәрежесі де өседі. Алайда, жалақы белгілі бір мөлшерден асқан кезде, бақыт дәрежесі өзгеріссіз қалады, не тіпті азаяды.

Ғалымдар бұны былайша түсіндіреді: байлықтың бір өзі ғана адамға бақыт алып келмейді. Бірақ сол байлықтың арқасында қол жеткізуге болатын мүмкіндіктер адамның бақыт дәрежесін өсіреді.

Бұндай мүмкіндіктерге материалды заттар (киім-кешек, машина, үй тб), тәжірибе (саяхат, оқу, спорт тб) және қайырымдылық (кез келген адамға көмек) жатады.

Адамдар осы мүмкіндіктердің ішінде материалды заттарды көбірек бағалайды екен. Мәселен, жаңа машинам, улкен үйім, қымбат киімдерім болса деп армандайды. Тіпті осының барлығы бола тұра, одан да жаңасын не қымбатын қалап тұрады.

Алайда, ақшаға алынатын мүмкіндіктердің арасында ең аз бақыт алып келетіні осы материалды заттар екен. Себебі, ақша жұмсаған кезде, біз “осы затты сатып алсам, ол өзімде қалады, ал тәжірибе тек уақытша ғана” деп ойлаймыз. Мысалы,адамдар “ақшаны саяхатқа жұмсағаннан гөрі, өзіме машина сатып алам, машинамен бірнеше жыл бойы жүремін, ал саяхатқа бір барып келем де болды” дейді.

Психология ғалымдарына сүйенсек, материалды заттардың бақыт алып келу ұзақтыға тәжірибе мен қайырымдылыққа қарағанда әлде қайда азырақ. Себебі, біз сатып алынған заттарға, жаңа киім, ыңғайлы машина, не үлкен үй болсын, барлығына да тез арады үйреніп кетеміз. Уақыт өткен сайын ол заттар бізге үйреншікті болып кетеді де, бақыт дәрежесіне әсер етпейді. Оған қоса, уақыт өте келе жаңа киім тозады, машина мен үй жөндеуді қажет етеді. Ал саяхаттау, парашюттен секіру немесе жетім балаларға көмектесу, ата-анаңмен театрге бару сияқты  тәжірибелер мен қайрымдылық істері адам баласының психологиялық қажеттіліктерін қанағаттандырып, бақыт дәрежесін ұлғайтады. Тіпті уақыт өте келе, тәжірибе мен қайырымдылық істері есімізде сақталып бақыт сезімін ұзаққа сақтайды.

 

Сондықтан да, ғалымдар бақытты болу үшін ақшаны тәжірибе мен қайырымдылыққа көбірек, ал материалды заттарға азырақ жұмсау керек деген кеңес береді.

 Расында да, мүмкіндігіміз болса жаңа тәжірибелер жасап, қайырымдылықпен көбірек айналысайық. Ол біздің көңіл күйімізге позитивті әсер етіп, ақшаның алып келетін қуанышын ұлғайтып, бақытты болуымызға көмектеседі.

 Ал сіз соңғы жалақыңызды қалай жұмсап едініңіз? Және ол сізді бақыттырақ етті ме?