Өскемен қаласы әкімінің кубогі ойнатылды

Өскемен қаласы әкімінің кубогі ойнатылды
жеке
блог

Өскеменнің 295 жылдығына орай қала әкімінің кубогіне арналған Жайдарман сайысы өтті.

Аталмыш ойынның ашылу салтанатына қала әкімінің орынбасары Бұлбұл Бакинова арнайы келіп, ойыншыларға сәттілік тіледі.

Бұл жолы өткен көңілділер мен тапқырлар сайысының басты ерекшелігі тек қана екі құраманың өзара сынға түсуінде болды. Атап айтсақ, олар Шығыс Қазақстан құрамасы мен  «Қазақстан» командасы.

Осы орайда айта кетейік, «Қазақстан» құрамасы сапында Шу-Чу құрамасының ойыншысы Мақсат Шаймардан, «Жаснар» -дан Еркебұлан Бердалиев, ҚазҰУ-дан Бекзат Дүйсенов, Павлодардан Олжас-Ілияс Қоңыратбаевтар, АЭСА-дан Мейрамхан Шалқыбековтер өнер көрсетті. Ал Шығыс Қазақстан құрамасында Өскемен, Семей, Аягөз қаласының жайдарманшылары ойнап, көрермен көзайымына айналды.

Айтпақшы, бұл күні Жайдарман сайысын көруге келген халықтың да  қарасы көп болды. Солардың бірі С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың 4-курс студенті Динара Әбілқайырова еліміздің әр түрлі аймағынан келіп ойын көрсеткен «Қазақстан» құрамасының дайындықтары жоғары болғандығын айтады.

 – Бүгінгі ойын қызықты өтті. Әсіресе, Жайдарманның екінші кезеңі «Ширатудағы» көрермендер тарапынан қойылған сұрақтарға ойыншылардың тез әрі тұщымды жауап бере білгендері қатты ұнады, – дейді Динара Әбілқайырова.

Ойын соңында қазылар алқасының мүшесі, облыстық Жастар орталығының директоры Арайлым Есімбекова премьер лигаға өткен Өскемен құрамасына сәттілік тіледі.

–                  Бүгінгі ойын қала күні мерекесінің соңғы нүктесін қойды. Сайыс жоғары бағаға бергісіз, сәтті өтті, – деді Арайлым Есімбекова.

Жайдарман ойынының қортындысы бойынша, Шығыс Қазақстан құрамасы бірінші орынды иеленсе, екінші орынға «Қазақстан» ойыншылары табан тіреді. Сонымен қатар, екі құрамаға да 125 мыңнан қаржылай сыйлық табысталды.