Мәңгі Тағзым……

Мәңгі Тағзым……
жеке
блог

ҰЛЫ ЖЕҢІСКЕ 70-ЖЫЛ!...

    Ел тілегі ақталды, ақ түйенің қарыны жарылған күнде жетті. Бұл мереке әр кезде де батылдық пен ерліктің, қаһармандықтың символы, Отанға деген сүйіспеншілік пен адалдықтың өлшемі. Құрметті ардагерлер! Болашақ ұрпақтар үшін, егемен еліміздің тәуелсіздігін қоғаушылардың бәрі үшін жарқын үлгі болып қала бересіздер. Сіздердің қан майданның алдыңғы шебіндегі ерліктеріңіздің, тылдағы ерен еңбектеріңіздің арқасында қазақстандықтардың бүгінгі ұрпағы келісіммен бейбіт өмір сүруде. Сіздердің ерен ерліктеріңіз, қажырлы еңбектеріңіз бен табандылықтарыңыз үшін , құрметті ардагерлер, Сіздердің алдарыңызда бас иеміз. Жеңіс күні бәріміз үшін айрықша қымбат, қасиетті мереке. Бұл тек, сол соғыста жеңіске жеткенімізді атап өтетін күн ғана емес. Ол – сол соғыста Жеңісті жақындату үшін жан аямай шайқасып, қан майданнан оралмай, еліміздің берік қорғанындай болып қалған арыстарымызды еске алатын күн.                 

     9 Мамыр – Ұлы Жеңіс күні деп тойласақ та, оның салмағының ауыр болғанын бүгінгі ұрпақ ешқашан да ұмытпауы тиіс. Омырауларында жарқыраған орден-медальдарын тағып анадайдан көзге оттай басылатын ардагер ағаларымыз бұл күнді асыға күтеді. Бұл күн – Жеңіс күні болуымен қатар соғыстан оралмаған үзеңгілес қатарларын еске алып, жанарларынан тамған жас тамшылары өткен күннен белгі беріп тұрғандай. Жүздеріңді мұң шалмасын, көңілдеріңе кірбің түспесін, қатарларың азаймасын, ардагер ағалар! Ел басына күн туған кешегі соғыс кезінде ер-азаматтар қолдарына қару алып, ел қорғауға аттанған. Талай қанды қырғынды бастарынан кешіріп, жеңісті жақындатқан майдангер батыр аталарымыз. «Елдің көркі ерімен, Отан көркі жерімен» дегендей, ел басына қатер төнген жылдары кеудедегі шыбын жаны шыққанша жаумен жаға жыртысқан батыр аталарымыз аз емес. Олар ең алдымен ұлты үшін, халық үшін жанын құрбан еткен жандар. Жыл өткен сайын қатары азайып бара жатқан майдангер аталарымыздың есімдері ұмытылмай, келер ұрпақтың есінде жатталып қалуы керек. 

Сен құрметте оны, 

Түсіндің бе, Қарағым, 

Ол ақшаға сатқан жоқ,

Тізеден кесіп аяғын.

   Кеше елге қатер төнгенде, Ол жауға қарсы шапты, Жалмамақ болған біздерді Өр кеудесімен жапты.... Жастық шақтың жалындаған шағын толарсақтан саз кеше жүріп, Отан деген ұлы сезім үшін кеуделерін оққа төсеп, Жеңіс күнін жақындатуға жұмсаған Ұлы Отан соғысының жауынгерлері үшін мамырдың 9-ы өліп-тірілген күнмен бірдей. Қаншама боздақ бұған жете алмай, қыршынынан қиылды. Жеткендерінің алды бүгін тоқсаннан асқан, соңы сексеннің сеңгіріне шыққан ақ жаулықты әжелер мен аталар. 

     Жас ұрпақ сіздердің алдарыңызда борышты. Олар сіздер қасық қандарыңыз қалғанша күресіп, жаудан аман-есен қалған бейбітшілік құнының баға жеткізгісіз қымбат екендігін біліп, оның өмір бойы аялап өтеді. Жеңістен соң қаншама арман мен үміт ұрыс даласында жер бауырлап қалды. Әр жеңістен соң ананың көзінен аққан гауһар тамшы омырауда қақ болып қатты. Жеңіс осылай келгендігі, қырманға суырылған әр дән аталардың жауға қарсы кезенген қаруына оқ болып енгені, бәрі де қымбат.

      Кейінгі ұрпаққа қолмен нұсқап, «әне, Отан үшін от кешкен аталар, соған ұқсап бақ!» деп айта алатын кезеңдеміз. Сол үшін де бақыттымыз!

©Алтын Жолдыбайқызы