"Жанымда боласың ба?"
блог
Теңізден салқын леп келіп тұрды... Күн батып барады. Қала қызыл түске боялғандай. Қолымда көк қалам мен ақ парақ. Бұл менің кезекті демалысымның жетінші күні еді. Үйден шыққаныма біраз болды, әлі ештеңе жаза алар емеспін. Қоштасу қай уақытта оңай еді?
***
Бір күн қалды. Ертең сағат 10-да еліме ұшамын. Заттарым, құжаттарым дайын. Бұл жолы бәрі өзгеше. Ата-анамды ауылдан күтіп алып, өзім жолға шығайын деп жатырмын.
Өмірімде алғаш рет ауылға жалғыз бара жатырмын. Өмірімде алғаш рет алдымнан әжем шықпайды...
***
Таңғы 7.00-де аэропортта отырдым. Күндіз Ақтауға жетсем, келесі күні ауылымда боламын. Әжемнің ауылы - Сам (Тұрыш) деп аталады. Ауылға келе жатқанда зираттардың жанынан өтесің. Көлікте отырып, атамның зираты басына қарай алмадым. Онда енді екі адамның жатқанын біле тұра қарау мен үшін қиын болды.
Күні ертең әжемнің қырық күн садақасы беріледі. Мен келіп түскен күні садақаның қонақасы беріліп жатты. Келген бойы үйде жүрген алыс-жақын туыстармен көрісіп жатырмын. Әжемнің бөлмесінде бұрынғы кереует, үстел, шкаф, теледидар жоқ. Әжем де жоқ.
Соңғы 4-5 жыл әжем бар уақытын өз бөлмесінде өткізетіндіктен, бұл жолы үй ішінде оны көрмеу ауыр соқты. Көрпе үстінде үлкен апам отыр. Мені құшағына қысып: "Әжеңдi шығарып салдық, арты қайырлы болсын!" деді. Одан кейін апа-жеңгелерім бір-бірден құшақтап, көңіл айтып жатты. Мен қалай өксіп, жылап бастағанымды да аңдамай қалдым. Сол түні әжемнің үйінде ұйықтай алмадым.
***
Қонақасы арасында орамалымды қолыма ұстап, зират басына кеттім. Бала кезімнен бері әр келген сайын атамның басына жалғыз барып тұратын едім. Бұл жолы өзгеше сезіммен келе жатырмын.
Шарбақты өтіп, құмды басқан бойы алдымдағы бейіт көрінбей кетті. Көзімді қанша қыссамда, жас тыйылар емес. Жақындай келіп "сәлембердік" деп амандасқан бойда, бейіт ішінен бір құс ұшып шықты. Ата-әжемнің жанымда екенін сезгендей одан сайын жылай бердім. Терең дем алып, жасымды тыйып, қол жайып, зиярат еттім.
Бұрынғы әдетім бойынша, бейіт басында жарты сағаттай отырып, ата-әжеме бар хабар, жаңалықтарымды баяндадым. Әрине, олар төбеден-ақ мұның бәрін бақылаған болар. Бірақ мен үшін бұл маңызды "ритуал" еді.
Егер соңғы жылдары әжеме хабар айтқанда дауыстап, бірер сөздерді бірнеше рет қайталап айту керек болса, ендігі жолы қабіріне маңдай сүйеп, сыбырлап айтсам да, еститінін білемін...
"Жасы келді ғой... Есінен адаспай, бала-шағасын танымай қалып кеткен жоқ... Шалының жанына кетті... Ол енді сенің жаныңда мәңгілік болады". Осы сынды жұбату сөздерін 40 күннен аса естіп келемін.
Әже, мен саған жылына бір рет қана келіп тұратын ем ғой... Мен ауылда емес, жақындағы Ақтауда да емес, ит өлген Алматыда тұратынмын. Сен мені бұған қарамастан жақсы көрдің бе? Шынымен менің жанымда боласың ба? Мені қате жолдан қағып, дұрыс бағытқа жетелейсің бе?
Мен мәңгілік өзіңді жақсы көріп өтемін. Сенің ең ақылды жиенің болуға, маған артқан үмітіңді ақтауға тырысамын. Тек сен мені тастамашы...
Өтеуова Күнбала Сәнауқызының рухына бағышталады.