ЕЛ ІШІ - ӨНЕР КЕНІШІ (байқау)

ЕЛ ІШІ - ӨНЕР КЕНІШІ (байқау)
жеке
блог

Кітаппен жақын дос болғалы онымен сырласып, бірде күліп, бірде мұңайып, бірде таңданып, оның тұнығына сүңги бере дүниенің бар асылы, бар қазынасы сонда екеніне көзім жетіп жатыр...

  Абай ендігі бар уақытын өнер-білім ізденуге арнаған, себебі өмірінің бірақ сәтте өтіп кететініне, баяғы жастық шақ келмейтініне көзі жеткен. Оқуға деген сонша құмарлығынан, тіпті, алты ай қысын қалада, Семейде өткізген.

  Қыстың қара суығы әлі де басқан көктем айы. Ол әкесін қажылық сапарға аттандырып, қайтар жолда туыстарынан бөлек досы Ерболмен жеке қайтады. Солай екеуі бір тоқтамастан жылдам шауып тез жетуге асығады. Бірақ алдынан шығар асулар бітер емес. Ақыры ақшам түсіп алдыларынан сегіз шақты қоңырқай үйі бар шағын ауылды көреді. Ортасында бес қанатты үй тұр екен. Сосын сол үйдің иелері Абайларды қонақ қылып бір түн түнеп шығады.

  Таңертең қызық болды. Жолдан қатты шаршаған Абай өзінің қанша ұйықтағанын білмейді. Бірақ, бүгін ол түсінде баяғы Тоғжанын көреді. Түсіндегі Тоғжанмен болған бақытты сәтін өңінде болып жатқан бір әдемі ән мен құйқылжыған дауыс оятып бұзып жіберді. Бұл дауыстың ырғағы, әуені бәрі бәрі Тоғжанның үнінен аумайды. Абай орнынан ұшып тұрып қасындағы Ерболды оятып, ұйқылы ояу шалажансар күйде далаға атып шығады. Дауыстың қайдан шығып жатқанын іздеп әлек болады.

  

   Құйқылжыған әсем үннің иесі - сол үйдің қызы Шүкіман еді. Үлкен дастархан басында отырған бір топ қонақтың ортасында отырған Шүкіманға Абайдың ерекше назары ауған. Басында оны Тоғжанға ұқсатады. Кейіннен оның сыңғыр үнін естіп, ол Абайға Тоғжаннан асқан сұлудай көрінді. Ару болуымен қатар өнерлі! Ендеше, сол сәттен үзінді ұсынамын.

"Жігіттердің өзіне таныс болғанмен, "Топайкөк" бұрын мұндай үнде, дәл осындай жан бітіп, ішін асқан емес-ті. Абай табынып, ұйып тыңдады...                                                                       Барлық сезімтал жүрек, тал бойымен күй ырғағына берілген екен.Жіңішке қасы кейде аз шытынап, кейде көтеріле керіліп, іш толқынынан леп-леп елес береді.                                       Қазіргі Шүкіман нәзік ырғақ мөлдір саздың тұсында бар қасиетін аша түсті. Өзгеше өнер нұрымен балқыған, ерекше сұлу еді. Әнінде ашық, айқын бір келісті сарыннан басқа, үзілмей ілескен майда, рақат саз, бір күміс лебіз толқын бар. Жігіт жүрегіне, әсіресе сол ілес үн өзгеше ыстық әсер етеді. Көз алдынан нелер сұлу көріністер өтіп жатыр. Ай сәулесі сылдырап аққан жіңішке бұлақ жүзіне түсіп, жарқырай қуана ма? Түн үніне сүйсініп кеп, нұр сәулесін төккендей бола ма! Сондай сурет әсіресе көп елестейді.Шүкіман тағы да баяу толқытып, салмақпен еркеленіп кеп, ақырындатып барып тоқтады. Жұрт тегіс жым-жырт сүйсініп, бағына тыңдап қалған екен...".

 Осылай Абай Шүкіманға ғашық болады. Оны жар етіп алуға бел байлайды. Әуел бастан Абайға оның Шүкіман деген аты ұнамап еді. Кейіннен оған "Әйгерім" деп атайды.

  Әйгерім ауылға келін боп түскен шақта нұр үстіне нұр болып аты алты Алашқа жайылған, сал сері, сирек қонақ - Біржан сал Абай ауылына қонақ боп келеді. Солай, жаз бойы Абайлар өңкей сылқым, өнерлі қыз-жігіттерді жинап ауылды күні-түні ән мен жырға бөлейді. Бұл бір жағынан Абайдың шығармашылық шыңдалуына үлкен әсерін берген-ді. Әсіресе, Біржан сал ән айтқанда қалың ойға кететін. Жазушының шебер көркемдеуіне қарап, мен де осылай қиялдасам ғой деп қоямын. 

"Ерекше әсері бар күй менен аса ұнаған ән тыңдаған уақытта Абай сол сарын сөзбен қатар өзге бір дүниені жарыса ойлап кететін. Өмір, қиял суреттерін, уақиға тасқындарын, жаратылыс, құбылыс толқындарын көріп, соған шомып кетеді. Қазірде, міне, белгілі өр қиялы бар ән, ірі туысты әншіні мынау ортадан бөліп, жырып, аулаққа әкетті. Шырқау алыс қияға әкетті. Тұлғасы ерен, кең кеуделі асқақ үнді әнші сахараның ғажайып бір алыбы болып алыпты...                                                                                                                               Ән тіл қатады. Ескек, асқақ атойдай қып, зор кеуденің алып күйін азынатып төгеді. "Мен келемін! Өнер әкелемін! Танымай көрші, аңдамай бақшы! Сай-сүйегің босамай, алпыс екі тамырың иімей көрші!..." деп, бас идіре ән төккенде,ән емес, нұр төккендей. Әлемнің жүзінен жауыздық зұлымдығын қуып әкетіп, қиялда болса да дүние бетін, Арқа жүзін сан сұмдықтан тазартып бара жатқандай...".    

   Әрине, жазушы Мұхтар Әуезов осы сәттегі ауыл картинасын тек үй ішіндегі көріністермен ғана емес, ауыл ішіндегі, яғни даладағы адамдардың тірлігімен де толтыра білген. Осындай керемет қонақтарды күтуге қанша адам сыртта еңбек етіп жүр десеңізші?! Біреуі қазан қайнатып, басқасы бие сауып, мал бағып жатыр. Сол кездерді оқығанда ауыл сыртындағы малшылардың ақ үй жаққа барғысы келіп, ән тыңдағысы келгенін оқып қатты жаным ашыды. Оларды бұл маңға "Сендерге ән тыңдау не теңдерің?! Мына кір-қожалақ киімдеріңмен бұл маңға жоламаңдар!" деп әлдебір бай тоқалдары қуып салады. Қоғам теңсіздігі деген осы.

  Осы төрт бөлімді оқи отырып, арасынан Абайдың ерекше даналық сөзін көріп қалдым. Мән мағынасы зор екен.Солай жадыма тоқып алдым.

 

"Бай, бағлан боп қадірлі болмайды жігіт! Өнерлі боп, сол өнерін ұстай біліп қадірлі болады. "Өнерпаз болсаң - өр бол" дейді. Жалқы бол, жарлы бол, ол кемшілік емес. Өнерлі ақын, асқақ әнші болсаң - ел көңіліндегі мұңды айтып, көзіндегі жасты тыйсаң, сенен зор, сенен қадірлі болмасқа тиісті!".