Махаббат— адам жанының асыл қасиеті, асқақ мұраты, таным тұғыры, риясыз, ынтық, нәзік сезімі.
Батыстық философия тарихында Эмпедокл өзінің космология ілімінде Махаббат бүкіл әлемді ұйымдастырып тұрған бастапқы күш деп білді.
Платон оны сезімдік және рухани махаббат деп екіге бөліп қарастырды.
Сезімдік махаббат — сұлулыққа сұқтанатын махабаттың төменгі сатысы,
ал рухани махаббат — адамның белсенді танымдық қызметінің қайнар бұлағы деп қарады.
Абай атамыз да "Махаббатсыз-дүние бос" деп айтып кеткен болатын.
Осы күнге дейін біз, Валентин күнін-махаббат күні деп есепетедік. Енді ғана Қозы Көрпеш пен Баян сұлу күнін тойлатып жатырмыз...
Адамдардың басым көпшілігін толғандыратын да, көптеген көркем шығармаларға өзек болған тақырып та ер мен әйел арасындағы махаббат. Солардың бір қатарын ұсынамын:
Сүй жан сәулем (Мағжан Жұмабаев)
Сүй, жан сәулем, тағы да сүй, тағы да!
Жылы, тәтті у тарады қаныма.
Бұл ләззаттың бір минутын бермеймін,
Патша тағы, бүкіл дүние малына.
Құшақтатып нәзік талдай беліңнен,
Сүйгіз, сәулем, тәтті балдай тіліңнен.
Бой шымырлап, талықсиды жүрегім,
Балқып денем, барам еріп деміңнен.
Кір қойныма, қыпша белің бұралып,
Тарқат шашың, жатсын жібек оралып.
Жаным!Жаным! Тезірек тисін төске төс,
Көз жұмулы, жиі ыстық дем алып.
Шашың - қара, денең ақ бұлт, жүзің – Ай,
Тісің – меруерт, көзің, сәулем, құралай.
Ләззат, рақат, бақыт – бәрі қойныңда,
Сұрамаймын енді ұжмақ – жақсы жай!
Сүй, жан сәулем, тағы да сүй, тағы да!
Жылы, тәтті у тарады қаныма.
Жасағаннан бір-ақ нәрсе тілеймін,
Өтпесе түн, атпаса екен таңы да.
Ғашықпын! (Мұқағали Мақатаев)
Ғашықпын!
Шын ғашықпын сол адамға!
Мен болмасам, болмайын. Сол аман ба!?
О, тәңірім! Неткен жан қайрылмайтын!
Жүрегі еттен бе, әлде қоладан ба?!
Ғашыкпын,
Қайтіп оны жасыра алам,
Бір алтын оның әр тал шашы маған.
Сағынайын, таусыла сағынайын,
Сағынышқа жаралған ғашык адам.
Шарықтап, қолым жетпес көкте Күнге,
Ақ канат құсым менің, кеткенің бе?
Шарқ ұрып бар ғаламды шыр айналып,
Мәңгілік сені іздеумен өткенім бе?
Сарғайған сағынышты басып толык,
Бар үміт, бар сенімді шашып болып,
Өтермін сірә да мен бұл өмірден,
Мәңгілік қалармын мен ғашык болып.
Телефон шыр етеді! (Фариза Оңғарсынова)
Телефон шыр етедi:
Сонда менiң жүрегiм дiр етедi,
Көйлегiмнiң желбреп гүл етегi
жугiремiн. Не пайда сен емессiң.
Тек қимылдау көңiлдi жүдетедi.
Кешке дейiн неше рет дiрiлдетiп
мәнсiз, арсыз алаңмен күн өтедi.
Телефон, шыңғырсаң да,
көтермеймiн ендi мен – қылғын сарна!
Жүрегiме тыныштық бермей қойды-ау,
төбесiнен бiр қойып сындырсам ба!?
Әне тағы… сенi ме! Қоңыр дауыс!
Трубканы сүйiп мен тұрдым сонда.
Сен және мен
Берікұлы Жәнібек
Сен түнсің.
Мен аймын.
Құндаққа алып әлдилейміз ғаламды.
Екеумізден ақ сәулелер таралды,
Екеумізден сырласулар жаралды.
Сен күнсің.
Мен гүлмін.
Адамзатқа шаттық нұрын себеміз.
Зұлымдықты сұлулықпен жеңеміз.
Әлі күнге табыспаймыз неге біз?
Сен көктемсің.
Мен шуақпын.
Түрлендіріп жібереміз жер бетін,
Келістіріп көркемдейміз келбетін.
Махаббаттар малынбасын шерге тым.
Сен теңізсің.
Мен толқынмын.
Табиғатқа еркелейміз долданып,
Шағаланы жұбатамыз қолға алып.
Көңіліміз суынбасын тоң барып.
Сен бұлтсың.
Мен жаңбырмын.
Аңқасы кепкенді баса аламыз.
Тамшылармен толықсып жасанамыз.
Айтылады біз жайлы қашан аңыз?
Сен жансың.
Мен тәнмін.
Ажыратар ажал атты сұғанақ.
(Ғашықтықты кімдер бізден сұрамақ,
Сыртымыздан қашанғы бақылаймыз сығалап?)
Түбірімен түсінуге тағдырды,
Екеуміздің жетер ме екен шамамыз?
Мына сұмдықты,
Мына сұмдыққа қараңыз,
Сен – Аспансың,
Мен – Жермін,
...Білесің бе,
тым алыс екен арамыз.
* * *
Өлеңімді сыйладым тұрып-тұрып,
Сезім толы сөзімнен сыр ұқтырып.
Ізгі ойыма бейнеңді ілестірем,
Кім екенін өзімнің ұмыттырып.
Өлеңімді жеткіздім біріктіріп,
Ұяңдығын мінездің кіріктіріп.
Жанарыңның кездігімен лыпылдаған,
Жүрегімді жібердің тіліп-тіліп.
Жырымды әлі жаудырам себелетіп,
Буырқанып бұлтымды бөгеме түк.
Көгершін-жыр ұшырдым мекеніңе,
Мәңгілікті маңдайға шегелетіп.
Жолдап тұрып жырымды құйындаған,
Үйіріп те әкету бұйым маған.
Қолыңа әкеп тапсырам кезі келсе,
Өмірімді өзегі қиылмаған.
Жұлдызына сыр ашып жаңа түннің
Естай ердің әніне салатын кім?
Өшпестей із қалдырдың өмірінде,
Балаңдығы қайтпаған бала ақынның.