15 сәуір «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» күні

15 сәуір  «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» күні
жеке
блог

Махаббат...Сегіз әріп, бір арман...Ия...Расында да осы бір ғана сөз адам өмірінің мәніне айналатынына таң қаласың.Махаббатты әркім әрқалай түсінеді...Біреуге махаббат мұң,біреуге жыр,біреуге бақыт,енді біреуге қайғы әкеледі дейді.Мүмкін...Бәрі де мүмкін...Бірақ сол бір сиқырлы сезімнің дәмін татпаған адамды бақытты деуге бола ма?Менің ойымша,жоқ.Бағзы заманнан бері бұл отқа өртенбеген жан баласы кем де кем шығар.Мысалыға алатын болсақ,Ромео мен Джульетта деп алысқа кетпей-ақ өзіміздің Абай мен Тоғжанды,Баян сұлу мен Қозы Көрпешті,Қыз Жібек пен Төлегенді тағы сол сияқты талай ғашықтарды еске түсіруге болады.Бұлардың махаббаттары ұрпақтан ұрпаққа аңыз болып өз табынушыларын табуда.Олардың ғашықтық хикаяларын естігенде, шынайы махаббаттың бар екеніне және ол кез келген адамға қона бермейтін бақ екеніне көзің жетеді.

Жоғарыда айтып өткенімдей махаббат дастандарын айта берсең тауысып болмайтыныз анық.Ендеше,тек солардың біреуіне тоқтала кетсем.Ол,әрине,Қозы Көрпеш пен Баян сұлудың хикаясы...

Бұл жыр Сарыбай мен Қарабайдың аң аулап жүріп құда болып,Қозы мен Баянды күні бұрын атастыруынан басталады. Сол кезде аң аулап жүріп, ұлды болғанын естіген Сарыбай, баласын көре алмай қаза табады. Атастырылып қойған Қозы мен Баян, жүздерін көрмегенімен бір-біріне ғашық болады. Уақыт өте келе сараң Қарабай қызын жетім ұлға бергісі келмей, бір кезде отарын жұттан құтқарған, жергілікті палуан Қодарға ұзатпақшы болады. Қос ғашықтың арасына тосқауыл болған Қодар, айласын асырып, зұлымдықпен Қозының басын алады. Қайғыдан қабырғасы қайысқан Баян, өш алу үшін қулыққа көшеді. Ол Қодарға өзіне құдықтан су алып берсе, күйеуге шығатынын айтады. Алданған Қодар Баянның шашынан ұстап, құдықтың түбіне түсе бергенде, айлакер қыз бұрымын кесіп тастайды: Қодар түпсіз тұңғиыққа құлап қаза табады. Сөйтіп Қозының кегі қайтарылады. Батыр қыз ғашығының күмбезіне келіп, өзіне қанжар салып қол жұмсайды...

Мұны тек жыр деп жай жаба салсақ та болар еді. Бірақ Шығыс Қазақстан облысы ,Аягөз ауданында ,Аягөз өзенінің бойында орналасан Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу мазары қос ғашықтың адал махаббатының дәлелі іспеттес күні бүгінге дейін сақталып келе жатқанын тілге тие кеткен жөн.

Ия,керемет хикая екені рас.Сол себепті де 15 сәуірді «Қозы Көрпеш пен Баян сұлу күні» деп бекер атамаған болу керек.Соңғы жылдары жастарымыздың арасында бұл күн-ғашықтар күні болып тойланып келе жатқаны көңіл қуантады.Бұл мейрам тек кейінгі жылдары ғана кең етек жая бастағанымен,тоқсаныншы жылдардың соңында өз бастауын тапқан.Ал осы күнді ғашықтар күні деп белгілейік деп бастама көтерген Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы Серік Абас-шах есімді ұлт жанашыры болатын. 15 сәуір туралы нақты тарихи деректер жоқ екені рас.Оның айтуы бойынша,қазақтың да өз ғашықтар мейрамы болғаны дұрыс.Ал сол мейрамды неге ағаштар бүршігін жарып гүл ашқан,мына дүниенің бір жаңарған шағы көктемде тойламасқа?Cіздерде дәл осы күнді белгілеуіне не себеп,23 наурыз немесе 25 мамыр тойлауға болмайма деген сұрақ туындайтыны анық.Ия,бұл сауал орынды да.Серік ағамыздың айтуынша,бұл күн нағыз көктем шуағын шашып,күн сәулесі барлық адам баласын нұрымен жылындыра бастайтын шағы,яғни жаңа бастаудың,көктемнің нақ ортасы болған соң осы күнді таңдапты.Ал соңғы бір сұхбатында бұл күні ол өз Баянының маңдайынан ең алғашқы рет сүйген күні болғандықтан 15 сәуірді белгілеуді ұсынғанын,эгоистік көзқараста болғанын айтып кешірім сұраған болатын.Әрине,мұндайды күтпегеніміз рас.Бірақ қазаққа өз ғашықтарын баян ететін,жүрегіміздің қалауына өз ойымызды,сезімімізді,бойды өртеп жандырған ыстық та пәк махаббатымызды білдіруге болатын күннің пайда болғанына Серік Абас-шах ағамызға алғыс білдіруіміз керек.Өйтпесек 14 ақпан күні төл мерекемізге кіріп кетпесіне кім кепіл?Ендеше,бір сайттан оқыған тамаша ұсыныстармен бөліссем:

         1.Дәл осы күні әркім өз сүйіктісіне деген сезімін әдемі сөз,көрікті тілмен 1 минут бойы тоқтамай,ақтарыла жеткізсе.

         2.Дәл осы күні әрбір адам өз сүйіктісіне бір гүл шоғын сыйласын.

        3.Дәл осы күні әрбір адам өз сүйіктісіне жүрек сыры жазылған шағын ашықхат сыйласа.

        4.Дәл осы күні әрбір ер азамат өз сүйіктісінің құрметіне кем дегенде бір көшет отырғызса.

        5.Дәл осы күні жұртшылық қауым өздеріне ыңғайлы уақыттта,ыңғайлы жерде буын биі «Қара жорғаны» билеп мерекеге жалпыхалықтық сипат берсе.

       Ия,осыларды орындасақ нұр үстіне нұр болатын еді.Сөз соңында айтарым, өзіңіздің Баяныңызда тапсаңыз немесе Қозы Көрпешіңізді кезіктірсеңіз өзіңізді бақытты жан деп есептей беріңіз.Махаббат деген ұлы сезімнің қақпасын ашқан соң,жүрекке жол тапқан қарым-қатынастың кілтін жоғалтып алмауға тырысыңыз.