15 жасымда алғашқы рет...

Пиццаның ¼-і  – 320 ккал, ванильді коктейль – 250 ккал, Грек салаты – 165 ккал.

Бұл сандардың біздің өмірімізде қандай маңызы бар? Бұл менің ойыма кездейсоқ келген тағамдардың энергетикалық құндылығы болып табылады.  Меніңше, бұл тағамдардың энергетикалық құндылығы көпшілік адамдарға жай ғана сандар жиынтығы болып келеді.  Алайда, 8 сыныпқа жаңадан аттаған ақымақ қыздың басында осы сандар ғана бар еді.

Кітаптарда суреттелетін қиылған белді, шыбықтай нәзік қыздардың бейнесіне мен, әрине, ұқсамаған едім. Дегенмен, алмадай қызарған толықтау екі бетім өзіме жарасымды деп көбі айтатын. Өсіп келе жатқан ағза болғандықтан, менің денем өзімнің жасыма сай нормада болатын.  Алайда, өзімше денемді тез арада қалыпқа келтіру керек деген әлдебір себепсіз ойға бекіндім.

Әрине, ол кезде жасөспірімдерге тән максимализм терминіне жаба салуға болатын еді. Десе де, өзімді максималист те, перфекционист те деп есептемеген едім. Мен бұл шешім үшін тым өмірсүйгіш әрі онша тағамдарды да талғамайтын бала болатынмын. Ең қызықтысы, мен өзімнен өзім осы ойға келдім.

Артық салмақ менде болды ма? Жоқ. Бәлкім, белгілі бір адамға еліктеген болармын? Жоқ.  Достарым, сыныптастарым мазақ қылды ма? Тағы да жоқ. Ендеше, қандай оқиға осы қадамға түрткі болды? Шынымды айтсам, мен жауабын білмеймін. Нақты қандай себептер менің үзілді-кесілді қабылдаған шешіміме әсер еткенін білмеймін. Бәлкім, “ерте есейген” санамның осылайша өз денемді қабылдауға қасарысқаны болар...

 Біз көп ақпараттарды визуалды түрде қабылдаймыз. Қазіргі визуалдардың заманында адамның сырт бейнесі адамгершілік қасиеттерден де басым тәрізді. Расында, сұлулықтан керемет көркемдік әсер алып, тамсануға болады. Идеалды стандарттарға жақын модельдердің  сұлулығына таңдай қағып тамсануға да, қызығуға да болады. Мәселен, жас қыз-келіншектер журнал бас беттерінен көрінетін модель стандарттарына жақын болғылары келеді.

Жасыл алма -125 ккал, қияр -20 ккал, сәбіз – 50 ккал.

Менің ойларым түгелдей осы сандардан тұрды. Тіпті, кез келген тағамға сай ккал мөлшерін жатқа білетін болдым. Бір жағынан, жастардың көпшілігі еліктгіш болып келеді. Расында да, көпшілігіміз осы сұңғақ бойлы, сұлу пішінді, қиылған белді әрі келбетті қыздардай болғымыз келетіні сөзсіз. Алайда, әр адамның ағзасы индивидуалды болып келетінін ұмытқан сияқтымыз. Біз – әртүрліміз. Бірақ, бұл “идеалды стандарттар” қайдан пайда болды? Шын мәнінде, бұл тек киім шығару мақсатында қолданылатын стандарттар болып табылады. Яғни, біз “идеалдарды” өзіміз ойлап тапқанымыз ғой.  

Бір тілім нан -120 ккал, Геркулес ботқасы -185 ккал, грек йогурты – 75 ккал.

Тағы да сандар. Мен алдымда тұрған тағамды емес, осы сандарды көретін болдым. Күнде таңертең ерте ояна салысымен салмақ өлшеу дәстүрге айналды. Күннен күнге асқынып, тереңінен дамып бара жатқан ісіктей ойлар менің бала санамды тек қана осы сандармен торлап алғандай болды. Күннен күнге өзім шектеу қойған тағамдардың саны көбейе берді. Ал, салмағым азая берді.

Осылайша, бір күні мектепте жағдайым нашарлады. Тағамдарға қатты шектеу қойғаным үшін менің ағзам менен теріс айналғандай болды. Сабақ аяқталып, үйге қайтуға жиналып жатқанда, кенеттен көзімнің алды қарауытып, аяқтарым мені тыңдаудан бас тартты. Процентті көрсеткішпен айтқанда, 1% ғана энергиясы қалған смартфон тәрізді күйде болдым. Ақырындап мені қараңғы тұманға әлдебір күш әкетіп бара жатқандай болды. Сөйтіп, менің ағзам 0%-ға жетті. Осы сәтте менің денемді күш-қуат толықтай тастады. Ары қарай, өкінішке орай, оқиға үзік-үзік бейнелерден ғана тұрды. Тура менің жадымдағы ақпаратқа толы дискті шимайлап тастағандай. Есімде тек мектептің ұзын дәлізінен өтіп бара жатқаным ғана бар.

Қайтадан, бір тілім нан -120 ккал, сүт – 90 ккал, су -0 ккал.

Ойымда тағы да осы жеккөрінішті сандар. Көзімді аштым. Мектептің медпунктінде екенмін. Бөлменің өшер өшпестей бозарып тұрған жарығынан көзімді әзер ашып, дәрігермен тілдесіп жатқан анашымның келбетін бірден таныдым. Орнымнан тұрғым келді, бірақ басымды көтеруге тым әлсіз едім. Жағдайым мәз емес. Осы халім үшін анамның алдында қатты ұялдым. Ойланбай жасаған әрекетім нағыз ақымақтық екендігін түсіндім. Бәлкім, бір параллельді ғаламда осы іс-әрекетім үшін көп мақтау қағаз алатын шығармын. Кім білсін. Әрине, сол күні анашымнан көп ұрыс естідім. Соңында айтқаны: “Ай, ақымақ қызым-ай, біреу үшін өзіңді тоздырғаның не, қайттық үйге”.

Қуанышқа орай, менің денсаулығыма қатты зиян келген жоқ. Алайда, осы жағдай маған үлкен сабақ болды. Өз ағзаңызды диеталармен қинап, тағамға шектеу қоюдан бұрын бір сәт ойланып көріңізші. Сіз расында да бақыттысыз ба? Бәлкім, бұл сізге керек жоқ та шығар. Өз ағзаңызбен қас емес, дос болыңыз. Себебі, адам ағзасы өте ақылды жүйе, оны өзіңіздің пайдаңызға бағындыру не алдап-арбау мүмкін емес. Өз ағзаңызға тозақ ұйымдастырып, онымен ойнаудың қажеті жоқ, бәрібер де соңында жеңіліп шығасыз. Менің ойымша, дұрыс тағамдану мен спорт – ең дұрыс таңдау. Дегенмен, таңдау өз қолыңызда.

Меніңше, дені сау, күші мол және қарны тоқ адамнан бақытты адам жоқ тәрізді. Денсаулық – мол байлық. Ең бастысы, денсаулықтың маңыздылығын уақытында түсіну және қолда барда, қадірін білу қажет.

Осылайша 15 жасымда алғашқы рет диетаға отырған едім...

P.S. Кейін анашымның соңында айтқан сөздерінің сыры ашылды. Медпунктте ұйқылы-ояу жатқанымда әлдекімнің (сыныптасымның) атын сандырақтап айтқан екенмін. Әрине, кейіннен ақ халатты абзал дәрігер анашыма барлығын айтып берген екен. ­­Мен сол сәтте-ақ ұяттан жердің астына кіруге дайын едім. Осыдан былай, сандар да менің санамды мазалауды қойды.



Бөлісу: