Эстафета - Жауабы жоқ сұрақтар.

Эстафета - Жауабы жоқ сұрақтар.
жеке
блог

Эстафета тақырыбы туралы Менің ойым.

Негізі жауабы жоқ сұрақтар көп қой, бірақ олардың түбіне жетіп, жауабын таппайсың. Сен өзің жауабын тапқанмен, басқалар күмәнмен қарайды, дәлелдей алмайсың дегендей. Мысалы: Адам алғаш қалай жаратылған?-деген сұраққа ғылыми түрде жауап тауып, ғалымдар қанша дәлелдеуге тырысқанмен, біз "Бір Алла жаратқан"-деп сенеміз. Қайсысы дұрыс?, қайсысы бұрыс? бұны біз білмейміз. Сол сияқты тауық пен жұмыртқаның бірінші қайсысы жаратылған? - осылай кете береді. Бірақ бұндай жауабы жоқ сұрақтар бізге қазір қызық емес. Қызығы, бізді мазалайтын сұрақтар, жауабы маңызды сұрақтар. Бірақ Болатбек бұл эстафетаны өз стилімен, күрделендірмей, жеңіл әрі күлкілі сұрақтармен жасағаны тартымды қылып тұрған сияқты. Мен енді өз стиліммен жалғастырайын. Анара өзінің өте ақылды екенін көрсетіп, көп ойланатын сұрақтар қойыпты. Өзіне ғана емес, бүкіл елге маңызды сұрақтар екен. Ал, жауап берейін:

1. Қашан қазақ тілін үйренуге біздің басқа да ұлттар құлшынып тұратын болады?

Мен бұл сұраққа біздің Бас редакторымыз, Серік Жанболаттың сөзімен жауап беріп көрейін. "Қазақ тілі - нарықтың тіліне айналғанда ғана дамиды". Бүгін ағылшын тілі - капитал. Тіл күшіне енсін десек, ол нарықтың тіліне айналу керек. Ол ақша сияқты айналымға түсуі керек. Сол кезде ғана тіл дамиды. Тіл мәселесі саясиланып бара жатыр деген пікір естіп жүрміз. Шындығында, тіл мәселесіне ешбір мемлекет жайбарақат қараған емес. Өйткені, тіл - ұлттың мақтанышы ғана емес, қарым қатынастың ең басты құралы. (с)

"Қазақ тілі - капитал болғанда ғана, басқа ұлттар біздің тілді үйренуге құлшынып тұрады"- деген ой дұрыс сияқты. Менен гөрі Серік аға көпті көрген адам болғандықтан, қосыламын. Серік аға "Тіл жанашыры"-деген марапатқа ие болған адамдардың бірі. 

2. Қашан Қазақстан Корея, Жапония сияқты ел болады?

Осы елдер сияқты Қазақстан елі ерінбей еңбек етіп, ізденуден жалықпаған кезде. Сондай-ақ жалқаулықтан, керітартпалықтан, көре алмаушылықтан, алауыздықтан арылып, бәріміз бес саусақтай біріккенде! Сосын ғылыммен айналысатын, жаңалықтар ашатын жастар көбейсе...

3. Әлем бойынша үлкен стадиондар жинайтын әнші-қазақ қашан пайда болады?

Дауысы ерекше, ешкімді қайталамайтын, құлақтың құрышын қандыратын әуезді әндері бар - әнші-қазақ болса, соны бүкіл ел болып қолдап, әлемге әйгілі етсек, үлкен стадиондарда елді аузына қаратады. Сонда бүкіл ел бізді білетін болады деп ойлаймын. Өкініштісі, қашан екені белгісіз... Бұл келешектің еншісінде!

4. Өмір-бақи гармонияда өмір сүруге бола ма?

Гармония деген не? Гармония - үйлесімділік, үндестік. Өмір бақи үндестікте өмір сүргісі келмейтін адам жоқ шығар. "Болады" деп қысқа қайыруға да болатын еді. Бірақ адам қанша тырысқанмен, тағдырдың қандай сый дайындап тұрғанын білмейді ғой. Өмір бойы үйлесім тауып, үндестікте өмір сүрген адамның бұл дүниеге өкпесі болмайтын шығар. Бірақ, қайдам?

5. Адамдардың барлығы неге мейірімді емес?

Өйткені, өмірдің сан қилы соқпақтары адамды мейірімнен айырып, қатыгез қылуы ықтимал. Мысалы, осы өмірге келгеннен мейірім көрмей өссе, әке-шешесі қасында болмай, яғни жетімдер үйінде өссе, ол да есейе келе барлық адамға мейірімсіз болуы мүмкін. Сондай-ақ үйде өсіп, барлық жағдайы бар - еркетотай болса, ешқандай тәрбие көрмесе, ол басқалардың жоқшылығына немқұрайлы қарайтын жан болып өседі. Әрине әртүрлі жағдай мен тағдырлар бар, сол адамға кері әсер етіп, мейірімсіз, тасжүрек болуына себепші болатын сияқты. Сондықтан, "адамдардың барлығы бірдей мейірімді емес"-деп ойлаймын...

6. Қолма-қол ақшаға Алматыдан пәтер алу үшін ақшаны қайдан алу керек?

Алладан тілей беру керек. "Құдай берем десе, форточкадан береді"-дегендей, лотореядан ұтып алып, қолма-қол ақшаға алуға болады. Не болмаса пайдасы мол кәсібің болу керек. Ол үшін басың қатты істейтін "башковитый" немесе өте епті, пысық болып үй алуға болады. Тағы бір варианты ата-анаң немесе бір туысқаның бір жерді тіреп тұруы керек. Ал ең соңғы, амал жоғы ол, банктен қолма-қол ақшаны қарызға алып, үй алу. Бірақ бұл жүйкеңді тоздырып бітетін нәрсе. Өзіміздің басымыздан өткен. Қайта сатып құтылдық. Мені мазалайтын сұрақ еді осы. Күнде ойланамын. Басында айтқандай, үйге жететін ақшаны, оңай бір жерден тауып алсақ қой немесе қайдан алу керегін білсек қой. Кез-келген қазақ Қазақстанның қалаған жерінен үй алып, үй сала алатын күнге жетеміз деп сенемін!:) "Болып тұрып, толып тұрып, дегенмен, бір нәрсенің жетпегені тамаша" - дегендей, жетпегеннің орнын оймен толтырасың. Сондықтан ойдың көптігі артық етпейді ғой. (с)

7. Уақыт неге тез өтеді?

Бір орнында тоқтап тұра алмайтын болған соң. Сосын жұмысың, айналысатын ісің көп болса күннің қалай тез өткенін де байқамайсың. Керісінше, істейтін түк болмаса, уақыт жай өтеді. Әрі әлдекімді немесе бірнәрсені күткен кезде, тағатың таусылып, уақытың өтпей кетеді. Бұл жағдайға байланысты. Ал сұрақ "өмір неге қамшының сабындай қысқа?"-деген мағынада болса, онда әңгіме басқа. "Өмір деген түпсіздікке пара-пар дүние екен-ау?"-дегенмен, ойлап қарасаң, өмір - ұзақ ғұмыр емес. Қас-қағым сәттерден тұратын ғұмыр атты үлкен жолдың арғы шетіне көз жүгіртем дегенше, орта жолға жетіп қалғаныңды аңғармай қаласың. Абай айтпақшы, "Қолымды мезгілінен кеш сермедім"-деп көп нәрсеге өкінуің де ғажап емес. Түйсігімізге сәуле түсіп, артымызға қарап сан соқсақ та, тағы сол көне соқпақпен жалақыдан- жалақыға дейін жанталасып, ертеңге қарай өңмеңдей береміз. Қайда асығамыз? Неге асығамыз? (с)

_____________________________________________________________________________

Өзімнің сұрақтарым:

1. Неге адамдар өзінің өмірлік жарын таңдауда көбіне қателесіп, өкініп жатады?

2. Неге біздің қалаларымыздың тап-таза, әсем болуына басшылар аталыспайды?

3. Айықпас ауруға шалдыққан, есі дұрыс емес адамға өмір сүрмей, өлген дұрыс па?

4. Бірін-бірі қатты жақсы көретін жандар, тек сезімнің арқасында бақытты бола ала ма?

5. Мен осы көп адамға алғаш қалай көрінемін? Мен туралы көбіне қалай ойлайды екен?

6. Массагеттің ашылғанына біраз болып қалса да, неге он.кз.-тегідей ұйымшыл емеспіз?

7. Жалпы жастарды жалықтырмайтын, қажетті, қазіргі кезде ең қызық тақырыптар қандай?

 

Эстафетаны, есті жауап береді деп, Мейіргүлге беремін. Жақсы жауап беретініне сенемін.