Уақытымызды дұрыс пайдаланып жүрміз бе?(байқау)

Уақытымызды дұрыс пайдаланып жүрміз бе?(байқау)
жеке
блог

   Міне, төртінші блогымызға да кезек келіп жетті. Мақсатымызға қалай жетіп жатқанымыз туралы алғашқы блогымызда бәріміз мақсаттарымызды жаңадан бастап жатқандықтан аса шебер емес едік. Алайда, қазір біршама шыңдала түстік және аздап болса да нәтижелерін көрудеміз.Бұл әрине байқауға қатысып жатқан әрбіріміз үшін үлкен қуаныш. Жә, бұлай соза бергенше сіздермен нәтижелеріммен бөлісейін.

   Естеріңізде болса бірінші мақсатым-Қазақстан тарихын толығымен жатқа білу болатын. Алғашында өз дәрежемді тексеру үшін тесттермен шұғылданғанымды сіздермен бөліскен болатынмын. Қазіргі уақытта тас дәуіріндегі Қазақстанның тарихымен танысудамын. Тас дәуірі палеолит,мезолит, неолит деп деп үш кезеңге бөлінсе, палеолиттің өзі ерте палеолит, орта палеолит, кейінгі палеолит деп үшке бөлінеді. Мен бұл кезеңдердегі Қазақстанның табиғатына, адамдарына және тұрақтарына аса қызығушылық таныттым. Себебі, ол кездегі Қазақстанмен қазіргі Қазақстанды салыстыру кім-кімге болса да өте қызық.

     Менің екінші мақсатым- Төлен Әбдіковтың "Қонақтар", "Оң қол" және "Бассүйек" әңгімелерін оқу болатын. Алдыңғы жолы "Қонақтар" әңгімесін оқып, мазмұнымен сіздермен бөліскен болатынмын. Ал, бұл жолы "Бассүйек" әңгімесін оқыдым. Қысқаша мазмұнына тоқталар болсам , жалпы әңгіме мүсінші-антрополог Хамиттың оқиғасы туралы. Ол кіші жүз рынан шыққан атақты Жаубөрі батырдың мүсінін жасамақшы болады және сол үшін батырдың қабірін қазады. Батырдың әруағынан еш именбей оның бас сүйегін алып шығады. Бас сүйекті алған бойда үйіне барып қызу жұмысқа кіріседі. Хамит мүсінді сегіз ай бойы дайындап, өз еңбегіне қанағаттанарлық деген баға берген кезде орталық музейде Жаубөрі мүсіні қалай жасалғаны туралы лекция өткізеді. Алайда студенттердің ешқайсысы оны қолдамайды. Себебі, оның жасаған мүсіні кескіні жоқ маска секілді еді. 

   Біраз күндер өткен соң Хамиттың түсіне Жаубөрі батыр кіреді. Жаубөрі оған өзін орыстар емес, серілерінің бірінің өлтіргенін айтады. Осы түстен соң Хамит мүсін жасау ойынан айнып қалады да сүйектерді қайтадан өз орнына көмуге алып келеді. Кейіннен жолай осы ауылдың ақсақалы Мұқаш шалға барады. Мұқаш шал оған батырдың басына ешкімнің күмбез қоймағанын айтып кемсеңдеп жылайды . Ертеңіне Хамит қасын үш адам алып сүйектерді көмуге Қалмаққырғандағы зиратқа тартады. Зиратқа келіп барлық сүйектерді салады да бас сүйекті өзіне алып қалады. Сонсоң қолындағы бас сүйек тұрған қорапқа қарап ішінен "менің тұрғызған күмбезім енді осы болсын" дейді әлдебір іске тас бекінген түрімен.

      Міне, менің осы жолғы нәтижелерім осындай. "Томирис" Алға!