Тарихым - тереңім, қазынам - тек өзің! (байқау)

Тарихым - тереңім, қазынам - тек өзің! (байқау)
жеке
блог

Қазақ елі - қашаннан ғажап ел. Қазақ елі сонау Алтайдан Пиреинеге дейін билік еткен ер Еділ батырдың елі. Қазақ елі – асқан батырлығымен, ақыл – парасаттылығымен Египет еліне билік жүргізген Бейбарыстың, Үндіні билеген Бобырдың елі. 

Алатаудан Арқаға, Алтайдан Атырауға дейін қанатын кеңге жайып, құлашын алысқа сермеген осынау қазақ деген аталы ұғымның иесі - мына бізбіз. Ендігі елімізді өркендетер, туын көкке желбіретер ұрпақпыз. Өткенін әспеттеп, тағылымы терең тарихын құрметтейтін бүгінгі жастармыз.

Жастардың елім деп еңіреуі, халқым деп тебіренуі үшін не істемек керек? Әрине, ең біріншіден өз ұлтының тарихын білмек керек. Ешбір ұлт тарихын білмей, алға бір қадам жылжыған емес. Қай істі болмасын көненің көзімен, ескінің ізімен бастаған. Қазақтың даласын мекен еткен әрбір жан сол елдің тарихын білуі тиіс.

Сөзімнің төркінен аңғарған боларсыздар, бұл - менің екінші мақсатым. Яғни, қазақстан тарихын жетік меңгеру. Алдыңғы блогымда айтқан болатынмын: 11 сыныпқа қадам басып, ҰБТ тапсырғалы жатырмын. барлығыңыз білетіндей ҰБТ-ға кіретін бес пәннің бірі - қазақстан тарихы. Қазақстан тарихы пәнен ҰБТ-ға дайындық деп аталатын кітаптың І және ІІ бөлімдерін оқып бітіру - үш мақсатымның бірі. 

Негізі мен кітаптың І бөлімін бастап кеткен болатынмын. І бөлім 10 тараудан тұрады. Мен қазір төртіншісіне келдім. IV тарау Ұлы Жібек жолы деп аталады. Ұлы Жібек жолының қалыптасуы мен тарихи маңызы туралы мағлұмат берілген.

Аты айтып тұрғандай бұл кітап дайындыққа арналғандықан нақты, керек деген мәліметтер берілген. Сондықтан конспектілеуді жөн деп санамадым. Бір тарауды оқып, түсінбегенімді қайталап, тарауға берілген тест сұрақтарына жауап беремін және сол тақырыпқа қосымша интернеттен материал қараймын. Ендеше, сіздерге осы айтқан дайындықтарымды дәлелдейін:

1) Тараудан түсінгенім: "Жібек жолы" деп аталу себебі "жібек" саудасына байланысты шықты. Батыс пен шығысты байланыстырғандықтан оған "ұлы" сөзі қосылды. Жібек жолының басы Қытай жеріндегі Хуанхэ өзенінің аңғарынан басталады.  Ол оңтүстік және солтүстік бағыттарға бөлінеді.

Б.з.б. І ғасырдың ортасында Қытайдан Батысқа жібек артқан керуендер шыға бастады. IV ғасырда жібек бүкіл Еуразияға әйгілі болды.

Б.з. басында жібек өндіру Византия, Соғды сияқты елдерде игеріле бастады. 

Археологиялық қазба жұмыстары кезінде Византия шеберлерінің қолынан шыққан тамаша күміс құмыралар Тараз қаласынан табылған. Қытайдың әдемі фарфордан жасалған ыдыстары Қазақстанның Талғар, Испиджаб, Отырар сияқты ортағасырлық қалаларынан табылса, әртүрлі діни-нанымдарға байланысты мешіт-медреселердің орны Тараз, Баласағұн, Испиджаб қалаларынан табылған. 

Жібек жолының халықаралық қатынас жолына айнала бастаған уақыты б.з.б. ІІ ғасырдың ортасы.

Жетісу жері - керуен жолдың Шығысқа шығатын негізгі қақпасы болды.

Жібек жолының маңызы: Батыс пен шығыс арасындағы сауда -экономикалық байланыс күшейіп, мемлекеттер арасында мәдени қарым-қатынас орнады. Қазақ жерінде сауданың және қалалардың дамуына әсер етті.

XVII ғасырдан бастап теңіз сауда жолдарының ашылуына байланысты Ұлы Жібек жолының маңызы жойылды.

2) Бұл тарауға 26 cұрақ берілген екен. Бірінші, параққа өзімнің жауаптарымды белгіледім де, артынша кітаптың соңында берілген дұрыс жауаптармен салыстырдым. Нәтижесі мынадай болды:

3) Интернеттен жібек туралы мәлімет қарадым:

Жібек – жібек құртының пілләсынан өндіріліп, тоқыма мата өнеркәсібінде пайдаланылатын табиғи талшық. Кейде сондай талшықтан тоқылған матаны да жібек деп атайды. Жібек құрты қуыршаққа айналар алдында арнаулы бездері бөлетін жібек жіпше – піллә түзеді. Өндірістік жібек, негізінен, тұт ағашының қолдан өсірілетін (асыранды) құртынан және жабайы емен құртынан алынады. Асыранды жібек құрты барлық жібектің 90%-ын береді. Көп еңбек қажет ететіндіктен, жібек ең қымбат саналады. Сондықтан қазір жасанды жібек өндірісі жолға қойылған. Жібек құрты қазір тек Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облысының кейбір аудандарында, Қытай, Жапония, Үндістан және т.б. елдерде өсіріледі.

Мінекей, Ұлы Жібек жолын да оқып бітірдім. Қателеріммен жұмыс жасап, толықтай түсініп алдым. Ұлы Жібек жолы туралы сұрағыңыз болса, маған қоя берулеріңізге болады.

Мақсатымның кішкене баспалдақтарынан аттап жатырмын. Осы орайда Массагетке және оның ұжымдарына, Қарлығадай қамқор жетекшіме шексіз алғысымды білдіргім келеді. Мен сияқты байқауға қатысушылардың алдына мақсат қойғызып, оған жету жолында еңбектендіріп, жігерлендіріп жатқанына дән ризамын!

Қарлығаның қыздары, "Томиристің" кішкентай жұлдыздары алға!