Шешімі қиын сұрақтар 2 (Байқау)

       Мақсатқа жету жолында адам бойынан жалқаулық алыстап, ынта-жігері арта түседі екен. Бұл өзгерісті әрбір мақсатыма ұмтылған сайын анық байқай бастадым.  Өзге де қатысушылар  сондай күйде деген ойдамын. Бұл жақсылықтың нышаны. Сол үшін Массагет порталы ұжымына осы байқау үшін, тағы да алғысымды айтамын!

        Апта басынан бері мақсаттарыма біршама жақындай түстім. «Шешімі қиын сұрақтардың» екінші бөлімінің сұрақтарына жауап іздедім және өзімнің мақсатымдағы оқуым тиіс 5 кітапты анықтадым, олармен жұмыс жасауды ендігі бастап кеттім. Бүгінгі жазба солар жайлы болмақ.

        Мақсатымдағы оқуым тиіс 5 кітап.

       Шахматтан ерлер арасындағы әлемнің 3 дүркін жеңімпазы Анатолий Карповтың «Ертең тағы да сайыс...» атты кітабы. Негізінде бұл кітапты мен  үш жыл бұрын оқыған болатынмын.  Тек ол кезде шахматқа қызығушылығым жоқ, кез келген кітап қолға түссе оқып шығуға асығатынмын. Ал қазір шахматтан хабарым бар, кейде ғаламтор арқылы ойнайтын кездерім де болады. Сол себепті осы кітапты қайталап оқуға бел будым. Бұл кітапты алғаш оқығанымда есімде қалған жері ол  Анатолий Карповтың(жалпы шахмат шеберлерінің) есте сақтау қабілетінің мықтылығы. Ол  жоғарыдағы кітабында өзінің  карьерасындағы маңызды матчтарды талқылайды. Өзінің және қарсыласының шахмат тақтасындағы  әрбір жүрген жүрісін, еш қатесіз есіне түсіріп отырады. Сенесіз бе, 5 жыл бұрынғы, 10 жыл бұрынғы матчтағы жүрістерді есінде сақтаған?! Ал сіз өзіңіздің кеше немесе алдыңғы күні қандай тағам жегеніңіз есіңізде ме?

        Джозеф Мэрфидің «Ойлан және бай бол» кітабы мені ерекше қызықтырды. Ол кітапта сіздің кейде шын көңілмен тілеген тілектеріңіздің аяқ асты орындалуының  психологиялық себептерін, қалай тілектерді тілеу қажет, өзіңізге деген сенімді арттыру жолдарын және көптеген қызықты жайттарды жазады. Кітапқа пікір қалдырушылардың сөзіне сенсек бұл кітапты оқи отырып сізде армандарыңызға деген ұмтылысыңыз артып, рухыңыз жігерленеді. Сол себепті осы кітапты менің оқуға тиіс кітаптарымның тізімінен көруге лайық деп таптым.

          Марк Твеннің «Том Сойердің басынан кешкендері» әлем әдебиетіндегі ойып тұрып орын алар  шығармаларының бірі. Ол жайлы білмейтін жан әлемде бірен-саран шығар(бұл кітап жайлы көп айтудың қажеті жоқ деп санаймын).

         Француз жазушысы Антуан де Сент-Экзюперидің «Кішкентай ханзадасы»  жайлы көп айта аламаймын. Бұл шығарманы бұрын соңды еш жерде кездестірмеген екенмін. Сол үшін оқуға бел байладым. Алдағы уақыттағы жазбамда көбірек тоқталармын.

          Және де биылғы жазды маған ерекше ететін, үлкен өмірге  аяқ басқанда көмегі тиетін кітаптардың бірі де бірегейі Дейл Карнегидің «Қалай достар табу қажет және адамдарға әсер ету керек» атты кітабы. 1937 жылы алғаш  5000 данамен басылып шыққан бұл кітаптың оқырман арасында беделі күрт өсіп, бұл кітап баспаханаларда  қайта көбейтіліп басылып шыға бастады. Арада қаншама жылдар  өтсе де бұл кітап оқырман арсында еш беделін жоғалтпады. Бұл кітап тарихтағы ең таралымы көп кітаптар тізіміне енді. Жақында ғана  бұл кітап қолыма тигенде қатты қуандым. Сол себепті бұл кітап менің мақсаттар тізімімде.

Шешімі қиын сұрақтар 2 бөлім

1)    Сіз өзіңіз қатты сыйлайтын, құрметтейтін үш  адаммен тамақтанып отырсыз. Кенет олар сіздің ең жақын досыңызға сын айтып жатты (әрине олар сіздің онымен дос екеніңізді білмейді). Олардың сіздің досыңыз жайлы айтып жатқан пікірі әділетсіз және тіл тигізерлік. Сіз не істер едіңіз?

Жауабы:  Көп жағдайда бұл сұраққа адамдар  орнынан тұрып кететінін, не болмаса олардың  қателесіп жатқандығын айтады. Иә, қарапайым жауап. Бірақ менің жауабым басқа. Мен ондай жерлерден табылмағанды жөн көретін едім. Бұл бірінші кезекте әркімнің  қандай дос таңдай білетін қасиетіне байланысты.

2)    Егер сізде кішкентай балаға, өмірінде қажет болатын, бір ғана  ақыл айтатын мүмкіндік болса, сіз қандай ақыл айтатын едіңіз?

Жауабы: Мен өмірлік ақыл айтатын жасқа келгенім жоқ, әлі жаспын (жай ғана бір нәрсе айта салсам, кішкентай баладан обал болар). Бұл жағын ересек оқырман сізге қалдырдым. Ақылыңызды төменге, пікірге қалдырыңыз.

3)    Жақсы көретін жан үшін, заңды бұза алар ма едіңіз?

Жауабы: Әрине. Менің ұғымымда заңның да өмірде қауқары жетпейтін тұстары бар. Заңнанда ұлы нәрселер бар.

4)    Сіз ақымақтық деп ойлаған жайттан, кейін данышпандықты байқадыңыз ба?

Жауабы: Иә, байқадым. Кейде терең ойлай білсеңіз, ақымақтық деген жердің өзінен бір данышпандықты байқай аласыз. Сол себепті терең, «сапалы» ойлай біліңіз.

5)    Бұл өмірде сіз өзгелердің жасаған ісіне қарама қайшы қандай іс жасайсыз?

Жауабы: Барлығын біле бергім келмейді. Бірақ көп оқығым келеді!

6)    Бұл өмірде сізді бақытты ететін, алайда өзгелерді бақытсыздыққа душар ететін қандай жағдай болуы мүмкін?

Жауабы: Бұл сұрақтың жауабын еш таба алар емеспін. Менің бақытымды, қуанышымды бөлісетін достарым, туыстарым барда мұндай жағдай да, бұл сұрақтың жауабы да болуы мүмкін емес.

7)    Сіз қандай істі жасағыңыз келді, бірақ жасай алмадыңыз? Сізді не тоқтатты?

Жауабы: Мұндай жағдай барлық адамда болады. Мысалы сіз бір досыңызбен немесе басқа да жанмен сөзге келіп қалғанда, сіз де ол жанда кінәлі болса, сіздің бірден кешірім сұрайтыныңызға сенбеймін. Адам о баста өз кінәсін бірінші болып мойындағысы келмейтін тіршілік иесі болып жаралған.  Әр адамға өзінің айтқан ойына қарсы пікір білдірсе,  ол өз ойын сонда да расқа шығарып тұрады. Адамға өз ойынан бас тарту, жеңіліс болып көрінеді. Бірақ, бұл олай емес.

8)    Сіз әлдеқашан  бастартуға тиіс болған нәрседен әлі күнге арыла алмай келесіз бе?

Жауабы: Иә. Ол – еріншектік!

9)    Егер сізге өзге елге мәңгілікке көшіп кетуге ұсыныс білдірсе,  сіз қай елді таңдар едіңіз және неліктен?

Жауабы: Бельгияға уақытша саяхатқа барар едім бірақ, мәңгілік емес. Ал сіз ше?

10)     Сіз лифт күтіп тұрғанда, лифтіні шақыру түймесін бірнеше рет немесе қайта-қайта  басу оның жылдамдығын арттырады деп ойлайсыз ба?

Оқырман! Әдеттегідей оныншы сұрақтың жауабын сізден күтемін. Тек оныншы емес қалаған сұрағыңызға жауапты пікірге жазыңыз. Әркімнің өз ойы бар. Бұл сұрақтарға сіздің өзіндік жауаптарыңыз  бар екеніне сенмін!



Бөлісу: