Тоқтар Серіктің шәкіртін "жұлдыз" еткен кім?

Қазақтың біртуар азаматы, әнші Тоқтар Серіковтың бүгінде ұстаз үмітін ақтап, қазақ эстрадасында жұлдыздай жарқырап келе жатқан шәкірті бар. Қанат Үмбетов.

Қанат Үмбетов десек, бірден «Мазаламайын», «Тоқта такси» атты әндері тілімізге орала кетері өтірік емес. Әуені мен сөздері үйлесім тауып, жұрттың санасына сіңіп, жаттанды қалыпқа түскен Қанат Үмбетовтың аяқ асты бағы неден жанды? Оның аспанға қарап, жұлдыз санап жүріп солардың қатарынан бірақ шығуына аз да болсын себепкер болған кім?

Қазақтың маңдайына біткен әнші Қайрат Нұртасты атасақ, анасын қоса айтамыз. Анасының еңбегі ғой деп жатамыз. Қалқаман Сарин десек, оның поэзиясының ел арасында кеңінен таралуына себепкер әрине МузАРТ. Жасырары жоқ. Ал Қанат Үмбетов дегенде енді нені әлде кімді елестетуіміз керек. Тұрғанбек Нұртас.

Жоғарыда атап өткен әндердің сөзін нобайына салып, жүйесі мен үйлесімін келтіріп, әуенге өңдеген осы Нұртас. Тұрғанбек Нұртас десе алдыңғы буын ағалардың ішінде ақындар қауымы селк ете қалары анық. Поэзияның бағына туған жаса бала Мұқағалидың топырағынан түлеп ұшқан. Кейінгі жастар арасында беделі үстем. Дегенмен Қанат Үмбетовтың әндеріне сөз жазып, өзінің қазақ әніне қосып жатқан еңбегін жұрт біле ме екен? Бірі білер, бірі тіпті танымас.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология факультетінің түлегі Тұрғанбек Нұртастың Қанат Үмбетовтың соңғы шыққан «Сезімді қайтейін» әніне жазған сөзіне мән беріп қараңыз:

Нұр толы көзіңнен

Жылылық сезінген.

Түндерді, күндерді,

Сені ойлап көз ілген.

Сен соны сездің бе?

Көзіңнен, өзіңнен.

 

Қайырмасы:

Сезімді қайтейін,

Сезіне алмадың

Жүректі қайтейін

Өртедім, жанбадым.

Көңілің сенбесе

Қош болғын ендеше

Адасқан арманым.

Тыңдаған сайын құлақтың құрышын қандыратын әуеннің сөзі де өткір.

Талант – адамның жасына не оның кісілігіне қарап бөлінбейді. Арамызда жүрген жастардың дарынын бағалауды, оларды танып-біліп жүруді ұмытпайық.

Марғұлан АҚАН



Бөлісу: