Қөңілжүйрік

   Ұйқыдан тұрған бойым(13:30 мен 16:30 аралығындағы түскі ұйқы). Қараңғы бөлмеден ауыз үйдің есігін ашып шыға бере қолыммен көлегейлеп, көзімді тыжырына жұма қойдым. Даладағы күннің сәулесі көзге инедей қадалып жатыр. Көзімді сығырайтып жүріп, он қадам бастым. Киіз үйге кіріп кеттім. 

- Бүгін тай ұстап қойып едік, - деп бастады нағашым сөзін, қызыл ала оюлы кеседен қою шәйді ұрттап қойып. Бестің шәйі. - Алдында айтып жүрген қоңыр тай. 

   Ауылға келуімнің басты себебі де осы. Тай жуасыту, асау үйрету. Ал тай болса қорада байлаулы. Бекітіп-тұсап, жүген мен ноқтасын кигізіп, үстіне тоқым мен көрпеше тартып қоя қойыпты.

Нағашым асауға ер салдырта бермейді. Қалай дегенменде асаудың аты асау, дым көрмеген тай үстіне алғаш отырғанда үркіп, тулағанда аяғың үзеңгіде қалып қойып, мертігіп қаларсыңдар, ал тоқыммен мінсең, тақымың бар соған сен, құласаң жер көтереді дейтін.  

   Адамның жақындағанына үйрене бастапты. Ықылықтап жақындап, нағашым шылбырды ұстап тұр. Мен жақындап нағашымның демеуімен мінілмеген шу асаудың арқасына топ ете түстім. Қанда адреналин, жүрек дүрсілі құлақты бітеп, айналадағы ешкімнің даусы естілмейді. Онсызда үркуге сылтау таппай тұрған тай қос танауы делдиіп, тынысы жиілеп, көзі аларып шыға келді. Ұмтылып, сүріншектеп, тулай алмай тұрып қалады(Көп жағдайда аттың мінезіне қарай). Әуелі түсау мен бекітумен(шідер деп те айтады)  тұрғанда мініп-түсіп, мініп түскенде үрікпейтіндей қылып аламыз. Сәл беті бері қарап, зиян салмайтынымызды түсінгесін далаға шығарып аяқтарын байлаулы жіптерден босатып, үстіндегі менімен қоса еркіндікке жіберді дерсің. Ендігі кезек бас үйрету.

   Қолдағы қамшымен сауырдан бір саласың. Атылып алып, шауып кетеді. Тақымды қысқан сайын қыса түсесің. Сегіз өрім қамшыны тістеп, екі қолыңмен жүгенді шірене тартумен боласың. Ат пен адамның текетіресі. Ол - жүген-ноқта тимеген шу асау. Сен - атбегінің талай тайын үйреткен жиенісің. Жеңістің кімнің жағында екендігі де айтпай белгілі...

   Тай ауыздығымен алысып, кең даланың шаңын басына көтеріп, осынау жазықтықтың төсін қақ айырып, күнбатысқа шауып бара жатады. Өзінің үйреншікті жайлауына. Үйіріне. 

   Тайдың үстінде сонша жылдамдықпен ышқына соққан желге бетіңді тосып, аттың басын тартып мен отырам. Қаладағы шешуін таппай жүрген қым-қуыт тірлік, бітпеген шаруа, миыңа тыныштық бермей жүрген ақ жауындай төгілген мазасыз ойлар, жабырқау көңіл күй ... барлығы манағы атқа алғаш конған кезде денеңнен түсіп, сол жерге қалып қояды.

   Не деген еркіндік десеш?! Құлақта тек желдің шуы, жүректің дүрсілі, астындағы айқасқа тұлпардың тұяғының дүбірі ғана... 

   Атқа мінсем, кеудемді тік ұстап, арқаланып, түлеп шыға келетінім несі екен?! Ауылда жүрсем, атқа мініп жүргендіктен шығар қандағы самарқау, салмақты мінезім өзгеріп, ширап, жігерленіп, сергек боп, етім тіріліп шыға келетін едім. "Ат - ердің қанаты" деген содан айтылған шығар, ә?! Сол күндерді қатты сағынам. Сол еркіндікті, сол әсерлерді...

   Күнде мініп жүрген көк темір автокөлік маған ондай әсер бере алмайды. Көк темір сияқты адамдарға салқын болып кеткенім содан емес пе екен?!

   Содан басы салбыраған, бас үйренген(жүгеннің оң жағын тартсаң оңға, сол жағын тартсаң солға жүруді үйренген)  таймен,  үстінде шаршаңқырап қалған өзің қас қарая ауылға жетесің... 

   Суып қалған етті жеп, сәл жылымық сорпа құйылған кесені қарысып қалған қолмен дірілдеп ұстап, ішіп аласың. Жеңешем берген тұщы шұбатты өмірімде соңғы рет ішіп жатқандай, сіміріп алатынмын. Жаздың салқын самалы соққан түнде, далада салулы тұрған төсекке құлай кетем. Көзімді көтеріп аспанға қараймын да, өзім білетін бірді-екілі жұлдыз шоғырларын түгендеп, Жетіқарақшыны тауып, темірқазыққа бір қарап(Жетіқарақшы мен темірқазықты көрмесем, біреу аспанды келіп ауыстырып кеткендей, басқа аспанның астында жүргендей күй кешем. О, несі екен?!), Құс жолына бір көз салып, "бар екен ғой, орнында екен ғой" деймін. Ертеңгі күннің қандай да болмасын сынына дайын, үмітке толы көңілмен ұйқыға кетем... 

"Ұйықтап кетсем, түсімде сәйгүлік көрем...

Мінем де шабам алдымнан аңғарлар қаптап,  
Таулардан орғып өтемін, заңғарларды аттап.  
Жарықтың жылдамдығын да жолда қалдырам,  
Мен болсам — арман, тұлпарым — арманнан да әппақ!

–Өңіме қарай, бір кезек, шаппайсың неге?  
Түсімде көріп жүретін сәйгүлігім - ау!.."



Бөлісу: